Президент тапсырмасыТОП

Заман талабына сай жаңа мектеп

«Елу жылда ел жаңа» дейді қазақ. Бүгін Риддер қаласында ерекше күн болды, өйткені жарты ғасырдан кейін жаңа мектеп бой көтеріп отыр. 600 оқушыға арналған   жаңа мектеп ғимараты пайдалануға берілді. Білім ордасының ашылу салтанатына облыс әкімі Даниал Ахметов арнайы келіп, нысанның ішін аралап көрді.

Жаңа мектеп заман талабына сай салынған. Ғимараттың ішінде пәндік кабинеттер, мәжіліс пен спорт залдары, асхана, медициналық бөлме, химия, биология және технология сабақтарына арналған тәжірибелік-эксперименттік алаң бар. Барлығы қажетті құрал-жабдықтармен толық қамтылған. Бір ауысымда қазақ және орыс тілінде білім беретін аралас үлгідегі мектеп партасына 196 оқушы отырды. 34 педагог өскелең ұрпақты білім нәрімен сусындатпақ. Сонымен қатар алыс шағын аудандарда тұратын оқушыларды тасымалдау жүзеге асырылатын болады. Ал мектептің жобасына сәйкес ғимараттың іші инклюзивті білім беруді ескере отырып, заманауи талаптар мен стандарттарға сәйкес жабдықталған. Мәселен, жеке санитариялық тораптармен, қол жуғыш бөлмелермен, ішкі пандустармен, лифтілермен қамтылған. Киім ілетін орындар әрбір оқу кабинетінің жанында кілтпен жабылатын жеке металл шкафтар түрінде орналасқан, бұл сыртқы киім мен аяқ киімді сақтауға және күтіп-ұстауға қойылатын санитариялық нормалардың талаптарына сәйкес орайластырылған. Сонымен қатар спорт залдың қасында жуынатын бөлме де қарастырылған. Заманауи мектептің ішін аралап,  танысып көрген аймақ басшысы білім ордасының табалдырығын аттаған оқушылар мен ұстаздар құрамына сәттілік, жетістіктер тіледі. «Соңғы рет Риддерде 1974 жылы мектеп ашылған екен. Міне, жарты ғасырға жуық уақыт осы қалада білім ордасы салынбапты. Енді, міне, оқушылар заманауи мектепте білім алатын болады. Келер жылы 600 орынға арналған тағы да мектеп құрылысы басталады. Сонымен қатар Риддер қаласында соңғы үлгідегі құрал-жабдықтармен жабдықталған емхана салынуда, бірер күннен кейін мәдениет үйіне қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілмек. Осылайша, Президенттің тапсырмасы бойынша әлеуметтік нысандарды жаңарту бағдарламасы барынша қысқа мерзімде іске асырылатын болады», –  деді облыс әкімі Даниал Ахметов.

Бүгін есігін айқара ашқан №11 жалпы орта білім беретін мектепте жаңа модификация кабинеттері, химия, физика, биология, информатика, тілдер бойынша мультимедиялық-лингафон кабинеттері, ұлдардың технологиялар сабақтарына арналған ағаш өңдеу, керамика және станоктар шеберханалары, қыздарға арналған тамақ дайындау бойынша ас үй аймағы, технологиялар сабақтарына арналған тігін тігу шеберханалары бар. Сонымен қатар музыкалық аппаратурамен жабдықталған, сыйымдылығы 130 адам болатын акт залы және бар.

Осы жаңа мектепке немересін қазақ сыныбына алып келген Болат Сағындықов тұрғылықты жерінде білім ошағының ашылғанына қуанышты екенін жеткізіп, ерекше сезімге бөленіп тұрғанын аңғартты. «Биыл Кәусар атты немерем 1-сыныпқа барды. Жаңа мектеп өте әдемі, әрі білім алуға барлық жағдай жасалғанын көріп, қуанып тұрмын. Оқушылар мен ұстаздар қауымына сәттілік тілеймін”, – деді ол. Мектепте қаупсіздік шараларына да баса мән беріліп, бейнебақылау камералары орнатылған.

Мектеп ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен, облыс әкімінің қолдауымен «Жайлы мектеп» жобасы бойынша салынды.

Қуаныш Рахметоллаұлы

Риддер.

 

 

 

 

Осы айдарда

Back to top button