Зағип көршісінің әңгімесінен сауыққан
«Сыртта ғажап бір күй ойнайды. Оның әсерінен мына әлем ерекше нұрға бөленген. Күн сәулесінің шапағына малынып қолдарына гүл шоқтарын ұстап, жүздеріне күлкі үйірілген адамдар терезенің алдынан лек-легімен өтіп жатыр. Сен олардың сыңғыр күлкісін естідің бе? – деді аурухананың терезе жақтауына сүйенген ол бет-жүзі ақ дәкемен таңылған төсектегі науқасқа алғаш рет тіл қатып. Бір бөлмедегі екеудің таныстығы осылай басталған-ды.
Алланың құдіретімен бұл екеуі аурухананың жансақтау бөлімінен шығып, осы шағын бөлмеде бір-бірімен кездескен. Алайда, олар өмірде бірін-бірі білмей кетті, көрген де жоқ. Себебі, төсектегі науқастың халі мүшкіл, басындағы зақымынан екі көзі көрмей қалған. Сыздаған дерті жанына батқан соң көңілін аударғысы келіп:
«Сыртта тағы не болып жатыр?» деп сұрады төсек тартып жатқан науқас қасындағы адамнан. Ол мұны естіген де жоқ, баяғы қалпынша тамсана сөйлеп отыр:
«Бүгін көшеде мейрам, ұлы күн де алыс емес, біз оған жақындап келеміз, – дейді. Ауруымен арпалысқан қасындағы көршісінің: «Қандай мейрам, ол қандай ұлы күн?» дегенін құлақ түрместен: «Аспан көкті айнала ақ көгершіндер шарықтап ұшып жүр. Мен оларды көріп тұрмын, өздері мәз. Сенесің бе, жердегі мына шаттыққа көктегі көгершіндер қосылғандай. Сәл шыда бауырым, асықпа. Екеуміздің көңіліміз тура осы көгершіндердей болады. Тек мына лек-легімен ағылған адамдар қайда кетіп барады…» – деп тамсана сөйлеген ол терезенің арғы жағындағы шаттыққа толы өмірді кешке дейін асықпай баяндады.
Осылайша қуанышты адамдар легі күнделікті осы терезе алдынан өтеді. Шаттық әуені далада тынымсыз ойнап тұрады. Бір ғажабы, күнде мереке, күнде мейрам, алдағы ұлы күн жақындап келеді. Сөйтіп, көршінің айтқандарын көзімен көрмесе де, жанына ем болған терезенің арғы жағындағы думанды өмірге үмітін жалғайды. Күндер зулап өтті, науқастың беті бері қарап, көршісінің әңгімесін аңсайтынды шығарды. Таң атысымен оның оянғанын күтіп жататын болды. Өмірдің әдемі көріністері мен сәтті шақтарын айтқанда, үнсіз ғана тыңдап, ауруына көңіл бөлмейтін. Бірте-бірте төсектен басын көтерді. Алайда, осылай зымыраған күндер орайында көршісінің әңгімесі: «Бауырым, ұлы күн келіп жетті», – дегенімен үзіледі.
«Әй бауырым, неге үндемейсің, ұлы күнге жеткенде мені сыртқа алып шығам деген едің, қайдасың?» деп, қолымен айналасын сипалай бастады. Үнсіздік жалғаса берді. Бөлмедегі дәрігерлердің тасыр-тұсыр жұмыстарына көңіл бөлмей көршісін күтумен жатты. Күндер өте келе науқастың көзі сауығады. Көз алдында жарық дүние қайтадан жарқ еткенде, ол тек бір адамды ғана іздейді, бірақ таба алмайды. Аяғын ептеп басып әр күніне қуаныш сыйлаған сол бір көршісі жайында дәліздегі дәрігерден білуді жөн санайды.
«Ол бірнеше жылдан бері көру және есту мүшелерінен айрылған жалғыз басты адам. Соңында ешкімі жоқ, жақында жан тапсырды»,–деген дәрігердің сөзіне сенбей, бөлмесінің терезесіне ұмтылды. Кішігірім ашық алаңқай, әр жерде егілген жас талдар, жаңадан қойылған орындықтар. Дәрігерлер мен науқас жандардың серуені, айналасы дарбазамен қоршалған. Бөгде ешбір адамның сұлбасы көрінбейді. Сонда, көшедегі мейрам, тынымсыз ойнаған асқақ күй, мейірімі тасыған адамдар, көктегі көгершіндер қайда? Мән-жайға көзі толық жеткенде, оның сауыққан көздерінен парлап аққан ыстық жас өксікке толы көкірегін жуып кеткен еді…
Нұрлан қажы Байжігітұлы,
ҚМБД-ның Өскемен өңіріндегі өкіл имамы