Заңгерді робот алмастыра алмайды

Өскемендегі С.Аманжолов атындағы ШҚМУ-да жас заңгерлер форумы өтті. Онда: «Болашақта құқық қорғау органдары қызметкерлерінің орнын роботтар алмастыруы мүмкін бе? Еліміздегі аталмыш сала мамандары арасындағы жұмыссыздық мәселесі қашан шешіледі?» деген мәселелер кеңінен талқыланды.
Форумның ашылу салтанатына С.Аманжолов атындағы ШҚМУ-дың ректоры Мұхтар Төлеген қатысып, жиналған қауымға жылы лебізін білдірді.
– Біздің университеттен мыңдаған заңгер білім алып, үлкен өмірге жолдама алды. Бүгінде олардың дені еліміздегі сұранысқа ие кадрларға айналды. Ал түптеп келгенде мұның бәрі профессорлық-оқытушылық құрамның еңбегінің жемісі, – деді Мұхтар Төлеген.
Басқосу барысында Конституциялық кеңес аппаратының басшысы Бақыт Нұрмұханов сөз алып, болашақ заңгерлерді еліміздің Ата Заңын қастерлеуге шақырды. Бұдан соң Бақыт Нұрмұханов еш уақытта роботтар заңгердің орнын баса алмайтынын атап өтті. Өйткені бұл ғылыми түрде дәлелденіпті.
– Бірнеше жыл бұрын Санкт-Петербургте құқық қорғау саласының қызметкерлері бас қосып, өзара тәжірибе алмасты. Оған мен де қатыстым. Сол кезде ресейлік ғалымдар заңгер мен роботты ортаға шақырып, оларға жылжымайтын мүлік мәселесіне байланысты туындаған қылмыстық істі шешуді тапсырды. Нәтижесінде адам жеңіп шықты. Сөйтіп, біз еш уақытта роботтың адамды алмастыра алмайтынын түйсіндік, – дейді Бақыт Нұрмұханов.
Жиында Конституциялық кеңес аппаратының басшысы елімізде туындаған дау-дамайлар мен қылмыстық оқиғаларды өзге мемлекеттің заңына сүйеніп шешуге болмайтынын да мәлім етті.
– Кезінде Байқоңырда қазақстандық азаматтарды көршілес елдің заңына сәйкес жазаға тарту фактісі тіркелген болатын. Абырой болғанда оған еліміздегі Конституциялық кеңестің мүшелері араласып, Ресей Федерациясының үкіметіне олардың заңы біздің елімізде мүлдем жүрмейтінін түсіндірді. Сөйтіп, бұл шаруаның соңы дау-дамайсыз шешілді. Содан бері ресейліктер Байқоңырда орын алған ешбір оқиғаға килікпейтін болды, – дейді Бақыт Нұрмұханов.
Форум барысында Конституциялық кеңес аппаратының басшысы жастармен емін-еркін әңгімелесіп, олардың барлық сауалына жауап берді.
– С.Аманжолов атындағы ШҚМУ-дың түлегімін. Осы университет қабырғасында талай қызыққа толы күндерім өтті. Бізді өз баласындай көріп, бар білгенін үйреткен оқытушыларыма шын жүректен алғыс айтқым келеді, – деп ағынан жарылды Бақыт Нұрмұханов.
Айта кетейік, күні бүгінге дейін Конституциялық кеңестің көмегіне Аягөз, Глубокое аудандары мен облыстық соттың мамандары талай мәрте жүгініпті.
– Құқықтық мемлекетпіз. Конституциялық басқару тәртібіміз бар. Сол себептен, біз барлық заңды сақтап, бір-бірімізге құрметпен қарауымыз керек. Қорыта айтқанда, еліміздегі барлық мәселе заң аясында шешілуі керек, – дейді ол.
Жиында ҚазМЗУ-дың ғылыми жұмыстар жөніндегі проректоры Мирас Дәуленов «2020 жылдағы ең қажетті дағдылар және заңгер мамандығы» атты баяндама жасап, студенттерге ақыл-кеңесін берді. Бұдан соң облыстық соттың азаматтық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы, заң ғылымдарының докторы Дамир Абдуғалиев «Қазақстан Республикасының сот жүйесі: мирасқорлық және жаңашылдық» атты баяндама жасады.
Форум барысында облыстық нотариаттық палата төрағасының орынбасары Жанна Бидельманова сөз алып, өз саласы жөнінде кеңінен айтып берді. Сондай-ақ жиында Оксана Каленова «Мектептегі қақтығыстарды конструктивті шешу тәсілдері» атты баяндама жасап, білім беру ошақтарындағы әлімжеттік мәселесін бір жақты етудің жолдарын ұсынды.
– Қоғамда педагог қауымның басым бөлігі нәзік жандар болып кеткені жиі айтылып жүр. Бүгінгі жастардың көбінің қыз мінезді болып келуін де осы үрдіспен байланыстыру негізсіз емес. Көзін ашқаннан бастап қыз-келіншектердің ортасында өскен баланың ер мінезді болып шығуы қиын екені және рас. Ал мұның алдын алу үшін баланың бойына өзін қорғай алатындай мінез дарыту керек. Осылайша, біз кейінгі буынның ерік-жігері мықты азамат ретінде қалыптасуына ықпал ете аламыз, – деді Оксана Каленова.
Форум соңында мектеп оқушылары мен студенттері шеберлік сыныптарынан алған әсерлерімен бөлісті.
– Форумнан түйгенім көп. Болашақта еліміздегі заң саласының білікті мамандары үйреткен осы әдіс-тәсілдерді жұмыс барысында қолданатын боламын, – деді С.Аманжолов атындағы ШҚМУ-дың студенті Таңшолпан Қанатқызы.
Ажар Сағатбекова