Екінші дүниежүзілік соғыстың Жеңіспен аяқталғанына биыл 77 толса, сол қырғыннан аман-есен жеңіспен оралып, бейбіт өмірді гүлденткен майдангер аталарымыздың бүгінде облысымызда көзі тірісі – 42 ғана. Көптеген аудандарда ардагер мүлдем қалмаса, кейбірінде бір-екіден ғана қалған. Зайсан ауданында да бір ғана ардагер – Зәкен Құрманқожанов атамыз қалды, кешегі көп майдангерден. Оларға өлшеусіз құрмет көрсету – біздерге мәңгі парыз. Мереке қарсаңында бұйырса, биыл күзде 99 жасқа толатын майдангер атамыздан мерекелік сұхбат алуға асықтық. Атамызды Зайсан қаласындағы үйінен емес, Айнабұлақ ауылындағы балаларының үйінен таптық.
Он тоғыз жасымда отқа кірдім
– Зәкен ата, ең алдымен Сізді Жеңістің жетпіс жетінші көктемімен құттықтаймын! Деніңіз сау болып, ұзақ жасаңыз! Өзіңіз майданға өрімдей он тоғыз жасыңызда аттанған екенсіз ғой…
– Мен, Зәкен Құрманқожанов 1923 жылы 1 қыркүйекте Шығыс Қазақстан облысы, Зайсан ауданы, Саржыра ауылында дүниеге келдім. Туғаннан кедей шаруаның баласы болдым. Әкемнің аты – Құрманқожа. Артел, колхоз уақытында мектепте оқып, 8 кластық білім алдым. Сонан соң колхозда жұмыс істедім. Иә, армияға он тоғыз жасымда, 1942 жылы алындым, өмірімнің соғыстағы кезеңі басталды. Солдат қатарында жүріп, Аягөзде сержант оқуын бітірдім.
Сонан соң Мәскеу түбінде соғысқа кірдім, бөлім командирі болдым. Соғыста үш рет жеңіл жараланып, санитарлық бөлімге түстім. Содан кейін біздің взводтың командирі қаза тауып, орнына мені қойды. Сол жерде «Паничок» деген ауылды қайтарып алдық. Масалинский ауданында бірнеше шабуылдан кейін қатарымыз азайып, батальон командирі оққа ұшты. Тірі қалған 18 адамға «Ерлігі үшін» медальін тапсырды, взвод бойынша маған медаль берді. Содан кейін қайтадан батальонды толықтырып, жаңа комбат келді.
– Ал танкіні «ерттеп мініп», атқыш атанғаныңыз осы қырғыннан кейін бе еді?
– Ары қарай комбат мені командирліктен шығарып, өзіне агитант етіп, комбатпен бірге сол жерде соғысты жалғастырдық. Комбат бір күні “Бұйрық келді, оқуға барасың”, – деді. Сөйтіп, Мәскеуге оқуға жіберді. Уақыт тығыз, Владимир қаласында танкистер даярлайтын оқуды ай оқып бітірдім. Экипажда 5 адам: танк жүргізушісі, радист, наводчик, зарядтаушы және атқыш болады екен. Танкіде наводчик және атқыш болдым. Содан Горкий қаласында Т-34 маркалы танкіге экипаж болдым. 1943 жылы Горкийден танкіні вагонға тиеп, темір жолмен Ярославь қаласын басып өтіп, Ленинград маңына барып “Витевск”, “Орша” қаласы жанында поездан түсірдік. Станция маңында немістермен атқыласып, 3 күннен кейін алға жылжыдық. Сол жерде немістер басып алған бірнеше ауылдарды алдық. Күні-түні соғысып, Балтық теңізіне қарай беттеп, 1943 жылдың ортасында Латвия, Литва жеріне кіріп, орталығы “Вильнюс” қаласын азат ету үшін күні-түні соғысуға тура келді, ақырында қаланы жаудан азат еттік. Экипаж бойынша екінші дәрежелі «Жеңіс» орденімен және мақтау қағазымен марапатталдым. Одан кейін Рига қаласында шабуылға кірдік. Бұл жерде қиян-кескі ұрыстық, өкінішке орай, жаяу әскерлердің көбі қырылды. Танкілеріміздің бірнешеуі жанып кетті. Қатты қан төгіспен ақыры қаланы жаулап алдық. Осы шайқастағы қимылдарымыз үшін «Отан» орденінің I дәрежесімен марапатталдым.
«Тигрлердің» де талқанын шығардық
– Қарап отырсақ, соғысқа кіргеннен қанды қасаптың ортасында жүрген екенсіз. Қалай аман қалғансыз?
– 1944 жылдың ішінде Балтық теңізін жағалап, жаудың Тигр аталатын танкілерімен атқыласып қатты ұрыстық, немістердің де біздің танктер де жанды, жүргізушінің күшімен танкіміз аман қалды. Осы жылы Кеңес әскері күшейіп, Америкадан көп көмек келді. Автоматшыларды үстімізге, танкіге отырғызып, батысқа қарай жылжыдық. Шығыс Пруссия жағалауындағы портты алуға дайындалдық. Бұл жерде бес күн соғыстық. Немістер барлық техникаларын Балтық теңізі арқылы әкелген екен. Неше түрлі танк машиналары, мотоциклдері, пушкалары көздің жауын алады. Ақыры, бәрін тастап, немістер қашып тынды.
Танкілер жекпе-жегінде өзіміздің танк те өртеніп кетті, радист пен наводчик жараланып, олар санчастьта қалды. Ал қалған үшеуміз станцияға келдік. Сол станцияға темір жолмен келетін танкті бір жеті тостық. Ақыры, келген танкті қайтадан ант қабылдап алдық, кісімізді толықтырып, өз бөлімшемізге жіберді. 3 бригада қосылып, Германия жеріндегі қала, ауылды жерлерді басып өтіп келеміз. Біздің экипажды «Отан» орденімен марапаттап, «Отличный танкист» значогын берді. 1945 жылдың январь айының іші еді. Немістер шегініп келеді. Полк, дивизия болып алға жылжып келеміз. Біздің самолет, танктеріміз үстімізге қосылып, көбейіп алға тартып келеміз. Бір рота неміс солдаттарын тұтқынға алдық. Өз танкімізбен 1 «пантерді» өртеп жібердік. Артымыздан күш көп келді. Экипажымыздың әр қайсысын II дәрежелі «Данқ» орденімен марапаттады. Соғыс жалғасып жатыр…
Берлинге шабуыл жасап, соғысты аяқтадым
– Сіз Берлинді алу жоспарындағы соғыс қимылдарына қатысқан жерлесіміз екенсіз. Сол жайында жас ұрпаққа толықтырып айтып беріңізші?
– Сталиннен бұйрық келді. «Берлинге қарай шабуылға кірісіңдер!» деген. Алға кеттік те, Кёнинсберг қаласына таяп барып, қалың орман ішіне бекіндік. Сол жерде артымыздан күш келіп толыққаннан кейін, қалаға шабуылдадық. Үлкен қала екен шабуылдап келеміз, біреуді біреу біліп болмайды, қырғын шайқас.
Сол соғыста немістің екі периант танкісін өртедім. Бірақ, жау да аянып қалмады. Бізден шығын көп болды, адам шыбынша қырылды. Осы ұрыста экипаждан екі адам қаза тапты. Өзім аяқтан жараландым, наводчик те жараланды, командир Алқаев қана аман қалды. Танктің астыңғы есігінен жараланған екеумізді командир сүйреп, танктен ауаша жерге апарды. Сол кезде танкіміз отқа оранып, қаза тапқан екі серігіміз танкімен қоса жанып кетті. Талай жерге жылжып барғанда, артымыздан атқылаған снаряд қуып жетіп, дәл жанымызда жарылды. Сол жерде снаряд жарықшағы беліме келіп тиді, командир басынан жараланды. Есімді бірде біліп, бірде білмеймін. Әйтеуір, майдан даласында жүрміз. Жараланған біздерді машинаға тиеп, госпитальға әкелді.
Үш ай госпитальда жатып емделіп шықтық. 1945 жылы майда соғыс бітіп, частьқа келдік. Келсек, Грищенко қарсы алып, бізді наградттап қойыпты. Содан 3 танк бригадасы Германия жерінде 10 күндей тұрып, бізді іріктеп, қырғыз, қазақ, тәжік, татар, шуваш және тағы басқа ұлттардан құралған солдаттарды пойызбен Алматыға жіберді. Военкоматтың алдында үлкен салтанатты жиналыс болды. Содан көлікпен Жаркент қаласына келдік. Әскери қызметте біраз болып, 1946 жылы елге оралдым. Ауылға келісімен бірден плотник болып жұмысқа кірістім. Колхоз уақыты еді. Содан Саржыра мен Айнабұлақ совхозында, яғни 1946 жылдан бастап еңбекке кірістім. Айнабұлақ совхозында үздіксіз еңбек етіп, 1983 жылы зейнеткерлікке шықтым, 57 жыл еңбек стажым бар. Соғыста жараланғаныма байланысты 1985 жылы екінші топқа мүгедектікке шықтым.
Сол соғыстан келген 1946 жылы өмірлік серігім Күлсім Шоқпанайқызы екеуміз отбасын құрдық. Зайыбыммен бірге 10 бала тәрбиелеп өсірдім. Мерейлі отбасымын. Өкінішке орай, серігім 2015 жылы өмірден өтті.
Қазіргі уақытта осы балаларымнан 28 немере, 56 шөбере, 7 шөпшек сүйіп отырмын. Негізі, Зайсан қаласындамын тұрамын ғой. Қазір осы Айнабұлақтағы балаларымның қолындамын.
– Соғыстан кейін де алған марапаттарыңыз, көрген құрметіңіз ал болмағанын білеміз. Бейбіт өмірдің бүгінгі ұрпақтарына айтар тілегіңіз қандай?
– Ең біріншіден Алла тағаламыз жарылқап, кейінгі ұрпақтарымызға, барша халқымызға шапағатын тигізсін! Қырғын соғыстан аман қалдырып, осы күнге жеткізгені үшін шексіз алғыс айтамын. Ал аудан басшылығына рахметтен басқа айтарым жоқ. Күні кеше ғана өткен 7 мамыр – Отан қорғаушылар күні және ертеңгі 9 мамыр – Ұлы Жеңіс күніне орай, аудан әкімінің міндетін атқарушы Серік Тлемесов, аудандық мәслихат хатшысы Серік Марқабаев, аудан әкімінің орынбасары Ринат Тауасаров, AMANAT партиясының ауданымыздағы басшысы Болатбек Балтабаев, ішкі саясат басшысы Зумрад Дүйсенбаева сынды белгілі азаматтар мен азаматшалар, аудандық қорғаныс саласындағы жоғары шенді әскерилер мерекемен құттықтап, сый-сияпаттарын тапсырып кетті. Оның алдында Ұлы Отан соғысына 77 жыл толуына орай, 3 мамыр күні аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Тұрсынхан Молдаханов, аудандық ардагерлер кеңесі президиумының мүшесі Мәлік Қабылов, Зайсан жастарының жетекшісі Нұртас Сақарбеков келіп құттықтады. «Тарбағатай-Мұнай» компаниясынан да келіп кетті. Зайсан аудандық “Шығармашылық орталығының” оқушысы Шәкірт Айша қызым өз қолымен жасаған ашық хатын тарту етті. Айнабұлақ ауылының әкімі Әділ Қаламов балам да осында. Осы күнге жеткенім, құрметке бөленгенім үшін Аллаға мың да бір тәуба деймін.
Жас ұрпаққа тілегім, енді соғыс болмасын, жастарымыз оны көрмесін! Халқымыз, мерекелі, берекелі, бақуатты болсын! Заманымыз тыныш, іргеміз берік болып, көк туымыз көк аспанда мәңгілік желбіреп тұра берсін!
– Мерекелік сұхбатыңызға үлкен рахмет, Зәкен ата! Ауырмай, сырқамай, осындай тың қалпыңызда, ұрпағыңыздың ортасында жүзден асып, жасай беріңіз!!!
Фотолар ардагердің отбасылық архивінен алынды
Сұхбаттасқан – Дәурен Аллабергенұлы