Қоғам

Заңсыз  дүңгіршек, сәнсіз жарнама

Бұдан былай өңірдің қалаларындағы және  аудан орталықтарындағы негізгі көшелерге  рұқсат беру құжаттарынсыз қойылған сауда дүңгіршектері мен заңсыз орнатылған жарнамалық құрылымдар түгелдей алынады.

Бұл жөнінде облыс әкімі Даниал Ахметовтің төрағалығымен өткен кеңейтілген аппараттық кеңесте айтылды. Аймақ басшысының арнайы берген хаттамалық тапсырмасының қалай орындалып жатқаны жөнінде алдымен Өскемен қаласының әкімі Жақсылық Омар баяндады. Оның келтірген деректеріне сүйенсек, өткен жылдың тамыз айында жүргізілген тексеру барысында қала бойынша рұқсатсыз орнатылған 313 сауда дүңгіршегі анықталған. Соған орай олардың барлығының иелеріне заң аясында мемлекеттік меншіктегі жерлерді қайтару және нысандарды бұзу жөнінде ескертілген. Нәтижесінде 51 нысанның иесі дүңгіршектерін өздері алып кетсе, 86 сауда орны жергілікті атқарушы органдардың күшімен алынған. 2018 жылдың қорытындысы бойынша барлығы 137 сауда нүктесі орнынан әкетілген.

 – Жыл басынан бері заңсыз тұрған тағы 72 сауда дүңгіршегін бұзып, алып тастадық. Алынған дүңгіршектердің барлығы «Өскемен-Тәртіп» мекемесінің ауласына жиналып жатыр. Кейін иелері табылып, құжаттары реттелсе қайтарамыз. Аталған жұмыстар басталған уақыттан бері құжаттары жоқ, іші де, сыртқы келбеті де сауда жасауға сай емес 209 сауда нүктесі қала аумағынан шығарылды. Енді қалған 104 дүңгіршекті алу жұмыстары жүргізіліп жатыр, – деді Жақсылық Омар.

Сонымен қатар қалалық әкімдік арнайы рұқсат құжаттары бар, алайда сырт келбеті сын көтермей қаланың сәулеттік сәнін бұзып тұрған 96 сауда орнының иелерімен де тиісті жұмыс жүргізуде. Бүгінге дейін олардың 12-сі талапқа сай қайта жөнделген.

Облыс орталығының сәулеттік келбетін жақсартудағы тағы бір маңызды бағыт – ол негізгі орталық көшелердегі жарнамалық құрылымдарды да алып тастау. Қала әкімдігі олардың барлығына да түгендеу жұмыстарын жүргізген. Нақты ақпаратқа сүйенсек, 2017 жылда – 99, 2018 жылы – 145 жарнамалық құрылым, оның ішінде екі LED-дисплей, ал биыл тағы 27 осындай нысан қала көшелерінен алынған. Жалпы қала бойынша барлығы 172 жарнамалық құрылым алынған екен.

– Бүгінгі таңда қала аумағында 110 жарнамалық нысан тұр, бұлардың 13-і LED-дисплей. Оның екеуі жұмыс істемейді. Қалалық әкімдік жанындағы жер комиссиясы жарнама туралы заңнамаға сай болмауына байланысты осылардың 24-мен жерді пайдалану құқығын жаңа мерзімге ұзартудан бас тарту туралы шешім қабылдады. Қазір олардың иелері шешіммен келіспей, сотқа жүгінуде. Алайда бірінші және екінші сатыдағы соттар қала әкімдігінің қаулысын заңды деп таныды. Облыстық соттың шешімі 2019 жылдың 1 тамызында заңды күшіне енді. Соған қарамастан жарнамалық құрылымдар иелері оларды алудан бас тартуда. Олардың көпшілігі Қазақстан, Жібек жолы көшелерінің, Нұрсұлтан, Сәтпаев даңғылдарының бойында тұр, – деген Өскемен қаласының әкімі Жақсылық Омар тиісті материалдар облыстық жердің пайдаланылуы мен қорғалуын бақылау басқармасына жолданғанын айтты.

Жерді өз бетімен пайдаланғандар енді заң аясында әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 100 АЕК мөлшерінде айыппұл төлейтін болады. Бұл бағыттағы жұмыстар алда да жалғасын тауып, ерекше бақылауға алынбақ.

– Әрине, біз шағын және орта кәсіпкерліктің өркендеуіне, олардың табыс табуына қарсы емеспіз. Алайда бәрі қолданыстағы заң аясында реттелуі, шешілуі тиіс. Қазір Нұр-Сұлтан, Алматы секілді үлкен қалалардың бәрінде орталық көшелерден жарнама билбордтары мен ретсіз орналасқан сауда дүңгіршектері алынған. Үлкен құрылымдар көшедегі көлік қозғалысына да кедергісін тигізеді. Ал заңды рұқсаты бар құрылыстардың өзін заман талабына, сауда жасауға сай етіп жасау керек. Ондай болған жағдайда жеті жылдан он жылға дейін жерді рәсімдеп беруге әзірміз, – деген аймақ басшысы Даниал Ахметов бұл айтылғандардың бәрі тұрақтандыру қорының өнімдері сатылатын «Ертіс» ӘКК» АҚ-ның сауда нүктелеріне де қатысты екендігін айтып өтті.

Қала әкімінің айтуынша, тұрақтандыру қорының өнімін саудалайтын, жерді пайдалану мерзімі аяқталған 11 дүңгіршектің уақыты қайта ұзартылған.

Дәурен Аллабергенұлы

Осы айдарда

Back to top button