Руханият

Өз жаназасын өзі шығарған қажы

Өз жаназасын өзі шығарған қажы

Ай өзенінің оң жағындағы жазық қыратта көш жерден «менмұндалап тұрған зират-кесенеде Найманның ішіндегі Семіз Найман Қожан руынан шыққан әйгілі батыр, қажы, этнограф, шежіреші Балтабек Байсұлтанұлы жатыр. Бір таңғаларлығы, зират-кесене өңіріміздегі шикі кірпіштен қаланған ең биік мемориалдық құрылыс болып саналады.

Ұлт-азаттық көтерілістің көшбасшысы болды

Кесенені 1991 жылы Алматы архитектура және құрылыс институтының жанынан құрылған экспедиция мүшелері зерттеген болатын. Шикі кірпіштен тұрғызылған зәулім кесененің диаметрі 9,30 метр, биіктігі 16,1 метр. Кесененің іші бір бөлмелі, он алты қырлы тұғыры кірпіші ішке қарай шығарыла қаланған биік күмбезбен жабылған.
Күмбез алты қатар ағаш таяқшалармен бірге өрілген. Оның ішкі жағы нақты параболикалық пішінде көрінеді. Оңтүстік-шығыс бөліктегі кіретін ойық кірпіші сыналанып қаланған параболикалық аркамен жабылған, төбедегі темір жарты айдың тіреуі бұған қарама-қарсы қуыспен тұспа-тұс тұр. Елеусіздеу қырлары байқалғанмен, бөлме жобасын дөңгелек деуге болады. Құрылыс тас тұғырға салынған. Кесене негізі қасбетінде күрекше тәрізді, негіз бен күмбез арасындағы белдеу жұқа тақтаймен бөлінген, кіретін ойықтың жоғарғы жағы мен оның екі жақ қабырғасында мәнерлеп қалаудың ізі байқалады. Ішкі жағында кесененің тек төменгі бөлігі сыланған, кіретін ойықтың екі жағындағы сылақтың үстінен ірі әріпті арабша жазудың жұқанақтары көрінеді. Дәл төбесінде үлкен шыны табақтың орны үңірейіп тұр. Жергілікті жұрттың айтуы бойынша, 70-ші жылдары оны әлдекімдер күміс табақ деген дәмемен атып түсіріпті.
Балтабек, Сүбебек Байсұлтанұлдары – Семіз Найман – Қожан руының ел басқарған текті азаматтары. Балтабек Байсұлтанұлы 1860 жылы дүниеге келген. Қазақ халқы үшін үлкен сын болған 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілістің осы өңірдегі басшысы. Әбдіғапар хан мен Кейкі батырдың Торғайдан Жетісуға келген елшілерін Балқаш көлінің жағасында қабылдаған. Балтабек патша түрмесінен 1917 жылы наурыз айында босап, арада төрт жыл өткеннен кейін 1921 жылы қызылдардың қолынан қаза тапқан. Сондай-ақ, ол Найман елінен шыққан айтулы үш шежірешінің бірі болды. Ескіше, жаңаша оқыған Балтабек Байсұлтанұлы екі-үш жыл білім іздеп, сапарға аттанады. 1910-13 жылдар аралығында Мекке, Мәдине, Стамбул, Каир, Бағдат сапарларынан қолжазба жазады. Балтекең еңбектеріне Мұхтар Әуезов, Сәбит Мұқанов, Әлкей Марғұлан ерекше назар аударып, 1950-жылдары ел адамдарына хат жазған. 1921 жылы жазда Иванов, Садовский, Грабовский, Брюханов, Қанай Борамбаевтың «Совет өкіметінің жауы, ұлтшыл», – деген ұйғарымымен сотсыз, тергеусіз атылған. Сүйегін ел жігіттері түн ішінде ұрлап алып шығып, Ай өзені бойына жерлеген.
Осы өңірдің жергілікті тұрғындары Балтабек батыр жайында аңызға бергісіз ақиқатты жырдай қылып айтады. Семіз Найман-Жанғұлы Былғақ руының Түстікбай деген белді азаматы 1918 жылы Үшаралда өткен қазақтың сиязында екі күн ауырып, жан тапсырады. Сүйегін тіккен былғарыға салып, елге Балтабек батыр жеткізген көрінеді. Кенеттен келген қазадан ел іші дүрлігіңкіреп, сасқалақтап, абыржып қалған сәтте Балтекең:
– Ей, түге, сендерге не көрінген?! Мәйітті жаңа ғана көріп тұрсыңдар ма? Былғақтың тұқымы түгел қырылса да, бәріңді бір Түстікбай қояр еді!-деп ақырған екен.
– Өкінішке қарай, батыр атамыздың артында ешқандай суреті қалмаған, – дейді Балтабек Байсұлтанұлының жақын туысы Бексұлтанның тұқымы Бекмұрат Есенаманов. – Жарықтық еңгезердей, алып тұлғалы адам болыпты. Атқа мінгенде екі аяғын үзеңгіден алса, салбырап жерге жеткендей екен. Өте бірбеткей, батыр мінезді адам. Бір қызығы, қыз баланы онша әспеттемей, ауылдың келін-кепшігі дүниеге қыз әкелсе, еш қуаныш білдірмей «е-е, бопты» деп атын тебініп жүріп кететін көрінеді. Бірде Лепсінің түрмесінде жатқанда Балтекеңнің артынан іздеп, бір қыз бала келеді. Әкелеріміз айтып отырушы еді. Түрме күзетшісі сыртқа шақырғасын, шықса бір қыз бала тұр дейді. Бірден Балтекең: «Иә, сен кімсің?» дейді. «Аға, сіздің артыңыздан іздеп келдім, тамақ әкелдім», дейді. Сасып, абдыраңқырап қалған Балтабек атамыз оның жөн-жосығын, тегін сұрағасын, қатты риза болып, көзіне жас келіп, тебіреніп кетеді. Дереу: «Әй, жігіттер, бері келіңдер!» деп абақтыда жатқан жолдастарына дастарқан жайғызып, қыз әкелген тәтті, дәмдіні ортаға жайғызады. Өзі өмірінде осыған дейін үлкен қателік жасап келгенін түсініп, өкінген екен дейді. «Мен ақымақ болып келіппін. Алла менің күнәмді кеше көр. Осыған дейін қыз баланы қатарға қоспаушы едім. Сөйтсем, қиналғанда аузыңа су тамызатын қыз бала көрінеді», деп өле-өлгенше әйел затын сыйлап өткен екен.

Өз жаназасын өзі шығарыпты

Балтабек қажының асқан ержүректігін мына бір эпизодтан да байқауға болады. 1921 жылы қажыны екі-үш конвоймен түрмеден шығарып, иен далаға алып шығып келе жатады. Басшысы татар азаматы екен. Балтабек қажы өзін атуға алып келе жатқанын жан жүрегімен сезеді. Бір жерлерге келгенде әлгі татарға:
– Қарағым, мұсылман баласы екенсің, мыналарыңды тоқтата тұр. Мені атуға алып келе жатқандарыңды түсініп келемін. «Жазмыштан озмыш жоқ» деген. Адам баласының Алланың басқа салғанынан қашып құтыла алмасы анық. Өзіңнен ең соңғы өтінішім болсын, ақырғы тілегімді орында, шырағым. Мен өз жаназамды өзім шығарайын, рұқсат бер, – деп өтінеді.
Татар жігіті пәуескеде отырған еңгезердей ақсақалдың соңғы өтінішін жерге тастай алмай, конвойларды тоқтатады да қолы кісендеулі Балтекең өз жаназасын өзі шығара бастайды. Ұзағырақ оқылған дұғаларға шыдай алмаған конвойдың біреуі:
– Быстрее, киргиз!-деп мылтығымен нұқыпты.
Бір емес, қайта-қайта дігерлеп, қаттырақ нұқи берген конвойдың бұл қылығына төзе алмаған Балтабек Байсұлтанұлы жаназасын аяқтай бере қонышындағы бір кез шақшасын суырып алып, әлгінің қақ басынан ұрып, жанын жәһаннамға бір-ақ жіберген екен. Үш адам қоя ма, тұтқынды қолма-қол байлап-матап, ұрып-соғып діттеген сайға әкеліп атып, көміп кетеді.
– Көп кешікпей ел азаматтары сүйегін іздестіреді. Әлгі татарға пара беріп, сүйектің қай жерде жатқанын анықтап, атылғандардың ішінен таң рауандап атқанша қазып әкеліп, осы Ай өзенінің төменгі жағына арулап жерлейді. Жер қойнына бергенге дейін мәйітті жалбызға орап, өзеннің ағысына қойып әлденеше күн тазартқан көрінеді, -дейді ұрпағы Бекмұрат Бексұлтанұлы.
Осыдан жүз жыл бұрын Арғанаты болысы мен Лепсі губерниясын, тіпті, Аягөз өңірін дүр сілкіндірген бұл оқиға осы жердегі Жанғұлы елінің жадында мәңгілікке қалды. Балтабек Байсұлтанұлының есімі де. Оны ешкім де ұмытпақ емес. Керісінше, жылдар өтіп, көмескіленген тарих парақтарын ақтару, оны жарыққа шығарып, ұрпаққа жеткізу бүгінгі ұрпақтың асыл парызы.

Берікхан Тайжігіт

Аягөз ауданы.

Осы айдарда

Back to top button