«Өз үйімнің» тиімді тұсы көп

Өскемендіктер қараша айының 15-іне дейін «Өз үйім» бағдарламасына қатысып, жаңа пәтерге қол жеткізе алады. Ол үшін тек «Қазақстан тұрғын үй құрылыс жинақ банкіндегі» есепшотыңызда бастапқы 20 пайыздық жарна болса жеткілікті. Бұл туралы аталмыш банктің облыстық филиалы директорының орынбасары Айнұр Меирбаева мәлім етті.
Айта кетейік, «Өз үйім» бағдарламасының қатысушылары байқау арқылы «Ertis city» тұрғын үй кешеніндегі пәтерлерге қол жеткізе алады. Мұндағы әрленген пәтердің бір шаршы метрі 180 мың теңге тұрады.
Байқауға 99 пәтер шығарылған. Оның ішінде бір бөлмелі пәтер (45,05 шаршы метр), екі бөлмелі пәтер (66,41 шаршы метр), үш бөлмелі пәтер (87,3 шаршы метр) бар.
– «Өз үйім» бағдарламасының тиімді тұсы көп. Біріншіден, қолжетімді бағамен баспана сатып алуға болады. Екіншіден, оған біздің облыстың кез келген тұрғыны қатыса алады. Үшіншіден, жеті пайыз жылдық мөлшерлемемен несие рәсімдеуге болады. Мысалы, сіз 7,5 миллион теңге тұратын бір бөлмелі пәтерді сатып алатын болсаңыз, есепшотыңызда 1,5 миллион теңге қаражат болуы керек. Кейін банк арқылы ипотека рәсімдеп, ай сайын 63 мың теңге көлемінде несие төлейсіз. Жалпы, қарыз беру мерзімі 13 жыл, – дейді Айнұр Меирбаева.
Естеріңізге сала кетейік, «Өз үйім» бағдарламасы бойынша тұрғын үй алу үшін «Baspana.kz» порталына кіріп, өзіңізге ұнаған пәтерді таңдап, өтініш қалдыру керек.
– Жуықта «Өз үйім» бағдарламасы бойынша облыстық драма театрдың артында салынып жатқан тұрғын үйлерді де сатылымға шығару жоспарда бар, – дейді Айнұр Меирбаева.
Алаңдауға негіз жоқ
Өскемендіктердің көкейінде: «Сол жағалауда орналасқан «Ertis city» тұрғын үй кешенінің сапасы сын көтере ме? Саздауыт жерге салынған үйлердің іргетасы уақыт өте келе сыр бермей ме? Өзенге жақын аумақта тұрғын үй салу дұрыс па?» деген сұрақтардың жүргені анық. Жақында осы сауалдарға құрылыс саласының білікті маманы, мемлекеттік сарапшы, «Авангард проект инжиниринг» ЖШС-нің директоры Валерий Федянин жауап берді.
– Тұрғын үй Ертіс өзенінің бойында, ылғалды жерде орналасқан. Сол себептен өскемендіктер бұл аумақта салынған пәтерлердің сапасына күмәнмен қарайды. Алайда алаңдауға еш негіз жоқ. Мен мұны мемлекеттік сарапшы ретінде растай аламын, – дейді Валерий Федянин.
Мемлекеттік сарапшының мәлімдеуінше, алдағы уақытта бұл аумақта жерасты сулары көтеріліп, жұртты әбігерге салмайтын болады. Себебі, «Ertis city» тұрғын үй кешеніндегі пәтерлердің іргетасы мықты қаланған.
– Үйдің іргетасын қалау үшін арнайы плиталар қолданылды. Бұл өз кезегінде жерасты суларына төтеп беруге қауқарлы. Жалпы, барлық ғимарат салынбас бұрын, қажетті инфрақұрылым жұмыстары жүргізіледі. Сонымен қатар нысанның орналасу аумағы да жіті тексеруден өтеді. Оны мемлекеттік сарапшылар қатаң қадағалайды, – дейді Валерий Федянин.
Жұрт көкейіндегі күмәнді сейілту үшін мемлекеттік сарапшы осы аумақта орналасқан тұрғын үйлердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында үнемі арнайы құрылғылардың көмегімен жерасты суларының көлемі анықталып, алдын алу жұмыстары жүргізілетінін атап өтті.
– Мамандар жерасты суларын су сорғыштың көмегімен жинайды. Бұдан соң оны Ертіске апарып құяды, – деп сөзін түйіндеді Валерий Федянин.
Әскери қызметкерлер қоныс тойын тойлады
«Ertis сity» тұрғын үй кешеніндегі пәтерлерге алғашқы болып қоныстанғандардың бірі – Зайсан ауданындағы №2017 әскери бөлімшесіне қарасты Ақжар шекара комендатурасының қызметкерлері: Қуанышбек Мүшебаев пен Мерей Хамитжановтың отбасы.
Бүгінде мұндағы пәтерлердің көбі пайдалануға дайын. Пәтерді сату тетігі «Қазақстан Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ жүйесімен және жеке, заңды тұлғаларға тікелей сату арқылы жүзеге асырылады.
– «Әскери баспана» бағдарламасы бойынша үй алдым. Мен осыдан он үш жыл бұрын «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінде» есепшот ашып, қаражат жинаған едім. Міне, бүгін мемлекеттік бағдарлама бойынша баспанаға да қол жеткіздім. Қуанышымда шек жоқ. Маған қолдау көрсеткен басшылыққа алғысымды білдіремін, – деп ағынан жарылды Қуанышбек Мүшебаев.
Салтанатты шара барысында «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» облыстық филиалы директорының орынбасары Айнұр Меирбаева жас отбасыларға пәтер кілттерін табыстап, жылы лебізін білдірді.
– Мемлекеттік бағдарламалар шеңберінде әскери және құқық қорғау органдарының қызметкерлерін баспанамен қамтамасыз етудің маңызы зор. Бұл – бейбіт күннің батырлары, елдің тыныштығын күзетіп жүрген ерлерге деген құрметтің бір белгісі. Мұның барлығы Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың әлеуметтік бастамалары мен реформаларының сәтті жүзеге асқандығының айқын көрінісі. Халықтың әл-ауқатын арттыру, тұрмыс-тіршілігін жақсарту Мемлекет басшысының жіті назарында. Сондықтан наурыз айында Президент әлеуметтік жаңғыру жолында ауқымды қадам жасап, «Бес әлеуметтік бастама» ұсынды. Соның алғашқы тармағында – «Әрбір отбасына баспана алудың жаңа мүмкіндіктерін беру» – керектігіне баса назар аударған болатын. «Өз үйім» бағдарламасы бұл сөзіме дәлел, – деді Айнұр Меирбаева.
Айта кетейік, биыл 980 шығысқазақстандық әскери қызметкер «askeri.baspana.kz» порталы арқылы тұрғын үй алуға өтініш білдірген. Оның ішінде 610-ы барлық талапқа сай деп танылып, байқаудан өтіпті. Оған республикалық бюджеттен 5 миллиард 788 миллион теңгеден астам қаражат қарастырылған. Айнұр Меирбаеваның айтуынша, әскери қызметкер үшін бірінші кезекте тұрғын үйге мұқтаж екендігі туралы анықтама қажет. Сонымен қатар тұрғын үй төлемдері бағыттамасын алу үшін қызмет орнындағы тұрғын үй комиссиясы төрағасының атына рапорт беру қажет. Бұдан соң арнайы комиссия мүшелері өтінішті қарастыратын болады.
– Тұрғын үй төлемін алушыларға банкке келу міндетті емес. Өйткені, біздің қызметкерлер клиенттің жұмыс орнына барып, арнайы шот ашуға көмектеседі. Басты мақсат – облыс халқын сапалы баспанамен қамтамасыз ету, – дейді Айнұр Меирбаева.
Тағы бір игі қадам жасалды
«Қазақстан тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» облыстық филиалының директоры Нұрлан Күзембаев пен «Востокстрой Альянс» ЖШС компаниясының басшысы Лаура Сқақованың қатысуымен екіжақты меморандумға қол қойылды.
Бұл меморандумның басты мақсаты – өңір тұрғындарын қолжетімді бағадағы тұрғын үймен қамтамасыз ету. Сондай-ақ банк салымшыларына тиімді жағдай жасап, «Востокстрой Альянс» ЖШС компаниясымен ынтымақтастықты дамыту. Осылайша, облыс тұрғындары арасындағы баспана мәселесін шешуді көздеген тағы бір игі қадам жасалды.
– Меморандумға сәйкес Өскемендегі Қазыбек би даңғылы бойында орналасқан 41/1 позициялы тұрғын үйден пәтер аламын деушілер байқауға қатысып, баспаналы бола алады. Онда әрленген пәтердің бір шаршы метрінің құны 170 мың теңге тұрады. Бұл туралы толық мәлімет алу үшін «Қазақстан тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің» облыстық филиалына хабарласуға болады, – дейді Нұрлан Күзембаев.
Ажар Сағатбекова