Із-түзсіз жоғалып кетті

Із-түзсіз жоғалып кетті… Елімізде жыл сайын жүздеген адамдар із-түзсіз жоғалып кетіп жатыр. Ешкім көрмеген, ешқайда жоқ. Байланыс құралдары дамыған бүгінгі заманда да туғандарынан тірідей көз жазып қалып жатқандар көбейіп бара жатыр. 2018 жылы облыста адам жоғалуына қатысты 272 іздестіру істері қозғалған, қазіргі уақытта із-түзсіз кеткен, өлі-тірісі белгісіз 24 адам іздестіріліп жатыр.
БЕС ЖАСАР ЕРЖАНДЫ ӘЛІ ІЗДЕП ЖАТЫР
Хабар-ошарсыз жоғалып кеткен ол адамдарды іздестіру шаралары әрі қарай жүргізіліп жатыр. Өскеменде екі-үш жыл бұрын із-түзсіз жоғалып кеткен «Даун» ауруымен ауыратын бала Т.А.Мұхтаров та әлі іздестірілуде. «Жасөспірімнің жоғалғандығы туралы ақпарат елдегі барлық облыстық полиция департаменттеріне жолданған. Бала жоғалған кезде Өскемендегі ҚР ІІМ Ұлттық ұланының № 5518 әскери бөлімінің 80 қызметкерін тарта отырып, Өскемен қаласы солжағалау шағын ауданында жаяу қарап тексеру жұмыстары жүргізілді, оның ішінде «Арзан» сауда үйінен бастап 23-ші шағын ауданға дейінгі аумақ қаралған болатын. Оған қоса, Сәтпаев даңғылының жол жолағының екі жақ аумағы толық қаралды. Қазіргі күні тұрақты түрде облыс аумағындағы медициналық мекемелер, шаруа қожалықтары, қыстақтар, саяжайлар және т.с.с. тексеріліп отыр. Алайда, іздестіру шаралары қазіргі уақытта оң нәтиже берген жоқ», – дейді бұл балаға қатысты ешқандай деректің шықпағанын айтқан облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Айдың күннің аманында із түссіз кеткен Күршім ауылының тұрғыны 1979 жылы туған Гүлжан Мамырбекованы да туғандары сарғайып әлі күтумен келеді. Ұлы Жантөренің айтуынша анасы Гүлжан 2011 жылдың 19 сәуір күні Күршім ауылында әріптесімен бірге банкоматқа кеткенінен үйіне қайтып оралмаған. Оның кішкентай қос бүлдіршіні бұл күнде ер жеткен. Қара жолға қарайлаумен аналарын әлі күтіп жүр.
….Семейде осыдан 22 жыл бұрын сауықтыру орталығында жоғалып кеткен бес жасар Ержан да табылып қала ма деген үмітпен 2017 жылдан бастап қайтадан іздестіріліп жатыр. Ұзақ уақыт бойы ұшты- күйлі жоғалып кеткен бала табылмағаннан кейін, тергеушілер оны ұрлап әкетті деген байламға келгенімен, туыстарының арыз-өтінішімен полиция баланы іздеу жұмыстарына қайта кірісіп отыр. Кішкентай Ержанның туыстары бала жоғалғаннан бері ұзақ уақыт өткендіктен, оқиға куәгерлері немесе оны тауып алған адамдар бар шындықты айтып беруі мүмкін деген үмітте.
-1996 жылдың шілде айында Семей қаласынан 5 шақырым қашықтықта орналасқан Березовский ауылында 1991 жылы туған баланың белгісіз жағдайларда хабар-ошарсыз жоғалуы туралы ақпарат келіп түскен. Іздестіру жұмыстарын жүргізу барысында жоғалған елді мекеннен 30 шақырым қашықтық аумағын қоғам белсенділері бірлесе отырып тексерді, алайда нәтиже болған жоқ.
Аталған факт бойынша іздестіру ісі және қылмыстық іс қозғалған. 20 жылдан астам уақыт ағымында іздестіру шаралары жүргізілуде. Алайда жедел қызығушылық тудыратын ақпарат анықталған жоқ. 1998 жылы Ақмола облысынан іздестірудегі балаға ұқсас кәмелетке толмаған баланың анықталғаны туралы ақпарат келіп түсті. Тексеру барысында ол басқа бала екені анықталды.
1998 жылы РФ Омбы облысынан іздестірудегі баланың жасындағы адамның денесі табылғаны туралы ақпарат та келіп түсті. Алайда зерттеу барысында оның басқа адам екені анықталған.
«Қазіргі уақытта іздестіруге облыстық қала, аудан полиция бөлімшелерінің қызметкерлері, елдегі облыстық полиция департаменттері, сондай-ақ Ресей Федерациясының ішкі істер органдары бағдарланған», делінген облыстық полиция департаментінің редакция сауалына берген ресми жауабында.
1996 жылдың 14 шілдесінде Семейдің жанындағы балалар сауықтыру орталығының мейірбикелері 16 баланы серуенге алып шығады. Сейіл-серуен аяқталған соң, қатарластарымен бірге орталыққа бес жасар Ержан Сүйінжанов оралмай қалады. Ол баланың қандай жағдайға душар болғаны әлі күнге дейін белгісіз. «Ержанның жоғалып кеткені туралы орталық қызметкерлері тек үшінші күні хабарлады. Сол күннен бері ол із-түзсіз жоғалып кеткендердің қатарында. Не болғанын сол күйі ешкім түсіндіріп бере алмады. Мейірбикелер баланы жіті бақылап тұрғандарын, бір сәтте оны таба алмай қалғандарын айтқан еді. 500-ге жуық адам 10 шақырым бойы бір-бірінен жарты метр қашықтықта орманды тінтіп, сүзіп шықты. Іздеуге қызметтік-іздеу иттері мен тікұшақ та қосылды. Егер баланы әлдебіреулер өлтірсе не болмаса жабайы аңдар шабуылдаса, бір із қалар еді. Бірақ ештеңе табылмады», – дейді Ержанды әлі күнге дейін іздестіріп жүрген немере ағасы Даниал Сүйінжанов.
Бас прокуратураның құқықтық статистика және арнайы есеп комитетінің порталында жарияланған ақпарат бойынша Қазақстанда 20 жыл уақыт бұрын жоғалып кеткен тоғыз бала бүгінгі күнге дейін табылмаған.

ТАБЫЛДЫ, БІРАҚ ӨЛІ КҮЙІНДЕ…
Қаңтардың 14 күні жұмысқа кетіп, үйіне оралмаған үш баланың анасы Айнұр Семсенова екі аптадан соң 1ақпан күні өзі тұратын Қалбатау ауылынан өлі күйінде табылды.
Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, Семсенова Айнұр Мұратқызының анасы қызының 14 қаңтарда жұмысқа кетіп, қайта оралмағанын айтқан. 1988 жылы туған қызы сол күйі ешкіммен хабарласпаған.
Полицейлер іздеу шараларын өткізіп, Айнұрды іздеуге ІІД қызметкерлерінің жеке құрамы жұмылдырылады.
1 ақпанда ауылдағы осы отбасы тұратын үйге жақын жердегі бұрынғы май зауыты ғимараты жанынан қызының денесін өз әкесі тауып алған.
“Тексеру кезінде зорлық, зомбылық белгілері анықталған жоқ. Өзімен бірге ақшасы, телефоны мен құжаттары болған. Сот медициналық сараптамасы көрсеткендей, әйелдің аязға үсіп көз жұмғаны белгілі болды. Қазіргі уақытта тергеу жүріп жатыр”, – дейді полиция департаментінде.
Бірақ Айнұрдың анасы Жансұлу мектепте мұғалім болып істеген қызының танымайтын мекенде немесе айдалада емес, ауыл ішінде «аязға үсіп өлді» деген сараптама қорытындысына сенбей отырғанын айтты бізге.
-Сараптамадан Айнұрдың асқазанында, ішінде бір түйір тамақ болмағанын, қыл аяғы су да жоқ болғанын білдік. Үйден тамақ ішіп кеткен адамның ішінде ештеңе болмауы қалай? Қызымды біреулер бірнеше күн бойы аш ұстап, зауыт маңына әкеліп тастаған ба деген күдігіміз бар. Кетерде қалтасында ақша да болмаған. Құжаты мен телефоны ғана болған. Оның қалтасынан 49 500 теңге ақша шыққан. Айнұр жоғалғаннан кейін, 14 қаңтардан соң боран соғып, қар да жауды. Әкесі тауып алғанда, үстінде болар- болмашы ақ ұлпа қар ғана жатыпты. Сол түнде қар жауған. Яғни, қызымды сол жерге бірер күн бұрын ғана біреулер әкеліп тастаған сияқты. Жоғалған күннен бері жарты ай далада, сол жерде жатса, қатты қар басып, көрінбей қалар еді. Тағы бір күдік тудыратын нәрсе – дәл осы жерді еріктілер де, өзіміз де талай рет қарап, сүзіп шыққанда, ештеңе көрмеген болатынбыз. Еріктілердің, біздің алдымен қараған, тексерген жерлеріміз ауылдың шетіндегі осындай ескі ғимараттар, солардың маңы болған. Кім де болса әдетте осындай ауылдан оқшау тұрған нысандарды қарайтыны белгілі. Сонда қалай ешкім көрмеген? -дейді қара жамылып отырған Айнұрдың анасы қызының үсіп өлгеніне күмәнданатынын айтып.
Елімізде статистика бойынша әйелдерден гөрі ерлер жиі жоғалады екен. Полиция қызметкерлері мұны ер адамдардың қызметтік іссапарға, уақытша, маусымдық жұмыстарға, автокөлік не жүк тасымалына байланысты алыс жолға жиі аттануымен байланыстырады.
Көп жағдайда берекесіз отбасыларда балалар қараусыз жүріп, жоғалып жоғалып кетеді. Ондай отбасында ата-аналары балаларының жоғалғанын кеш байқап жатады. Жастар интернеттің арбауына жиі түседі екен. Әсіресе кәмелеттік жасқа толмаған қыздар әлеуметтік желінің құрбанына айналып жататын кездер көп. Әртүрлі танысу сайттары арқылы табысып, кездесіп, біраз уақыт сол адаммен бірге тұрып қалатын жастар да бар. Оларды бұл кезде жақындары шарқ ұрып іздеп жатады. Алайда жоғалған адамды іздеуге ғаламтордың пайдасы, көмегі көп тиіп жүргені аян. Іздеу салып, еріктілердің басын біріктіретін де – осындағы әлеуметтік желілер. Қалбатаулық мұғалім Айнұрды іздеуге де еріктілер көп жиналған еді.
Психологтар, полиция қызметкерлері адам жоғалған жағдайда алдымен сабыр сақтау керектігін айтады. Жоғалған адамның барлық таныстарына, достарына хабарласу керек. Оқу орнына немесе жұмыс орнына қоңырау шалып, қайда, қашан кіммен кеткенін анықтау қажет. Барлық медициналық мекемелерге, ішкі істер органдарына қоңырау шалу керек. Ол жақта тәртіпке салатын органдар ұстап қалғандар мен ауруханаға не мәйітханаға түскендер туралы толық мәлімет береді. Өздігінен іздестіру нәтиежесіз болса,102 нөміріне немесе аудандағы ішкі істер бөлімінің кезекшісіне қоңырау шалып, нақты мекенжай, телефон нөмірін қалдыру қажет. Полиция қызметкеріне жоғалған адамның ең соңғы түскен суретін , ол туралы неғұрлым мол әрі нақты мәлімет беру керек, – дейді сақшылар.

Шығыс Қазақстан облысы ішкі істер органдары ШҚО Самар ауылының тұрғыны 1962 жылы туған Абдугалиев Сагидолла Раевичті іздестіруде. Ол 2018 жылдың қараша айында үйінен кеткен, содан бері қазіргі уақытқа дейін қайда екені белгісіз.
Іздестірілудегі азамат туралы қандай да бір ақпарат білетін адамдардың мына телефон нөмірлері бойынша хабарласуын сұрайды 8 7232 23-43-60 немесе 102
Жанаргүл Мұқатай