Өз ісінің маманы, көпшіліктің адамы…
Керуен көші ілгері жылжыған сайын, алыстап кеткен армандай асыл балдәурен шағыңды, құлын-тайдай қатар өскен, құрдастарыңды да аса зор ілтипат-құрметпен, сағына есіңе алады екенсің. Туған жердің қара топырағында бірге асыр салып, ойнап, суына қатар шомылып, қалың шиі арасында ойнап-өскен сондай замандастарымның бірі – Ержан Кәрібайұлы Құттыбаев.
«Жақсылар жақсымын деп айта алмайды,
Ержанның ата-анасы – марқұм Кәрібай ақсақал мен анасы Күлшара анамыздың көзін көрдік. Марқұмдар сол кездегі кеңестік заман адамдарына тән қарапайым отбасылық тіршілік кешті. Өмірден өтсе де, жарқын бейнелері көз алдымда.
Кәрібай ақсақал өткен ғасырдағы Ұлы Отан соғысына қатынасып, жараланып, елге оралып, бүкіл саналы ғұмырын жас ұрпақ тәрбиесіне арнады. Өзіміз алғаш табалдырығын аттап, білім алған ауылдағы сол кездегі В.Чапаев атындағы бастауыш мектептің ұзақ жылдар меңгерушісі болды. Ол кісіні бүкіл «Чапай» (бұрын ауыл осылай аталушы еді) «Үлкен мұғалім» деуші еді, қайран сәбилік періште көңіл-ай, сол кездің балалары ол кісінің азан шақырып қойған аты деп қабылдадық. Міне, сол кездегі халықтың ұстазға деген шынайы ыстық ықылас-құрметі қандай еді! Ұстаздарымыздың төбесін көрсек, көзіне түспеуге тырысушы едік. Атамыздың алдынан тәлім алған шәкірттерінің алды бұл күнде зейнет демалысында болса, соңы елу жасты еңсерген ел ағалары болды.
Кәрібай ақсақал бүгінгі Тана мырза орта мектебінің қалыптасып, дамып, жеткен жетістігіне өз үлесін ерекше қосып, оны өзінің қажырлы күш-қайрат, шынайы еңбегімен дәлелдей білді дер едім. Марқұмның адами келбеті ерекше еді. Жүзінен қашанда мейірім шуағы есіп тұратын, білікті, талапшыл, əрі əділ ұстаз-басшы болды. Өте сабырлы, соғыста алған жарақат зардабы болар бір аяғын елеусіз сылти басып, баяу қозғалып, әр іс-қимылы байсалды, адами ізгі қасиеттерімен көпшілікке үлгі бола білді. Бойындағы ерекше бір қасиеті – өзінен жасы кіші адаммен де «сіз» деп, жұмсақ дауысымен биязы қарым-қатынас жасаушы еді.
Анасы үй шаруасында болды. Жүзі мейірімді, артық сөзі жоқ, өте қарапайым жан еді. Қазақтың баласына қарата «баламның табанына кірген шөңге менің маңдайыма кірсін”, – деген даналық сөзін Күлшара анамыздан көрдік, Ерекеңді ержеткен шағының өзінде де, жас сәбидей ерекше жақсы көріп, зор аналық махаббатпен барлық тәтті мен жылы-жұмсағын аузына тосты.
Ұлттық құндылықтардан нәр алып, өмірлік азаматтық көзқарасының қалыптасуы анасының аналық мейірім-шапағаты арқасында дарыған болар. Жақсы жанның жүрегі мейірімді, ойы дана, әрекеті парасатты, көңілі жанашыр, ісі адал, жолы ізгілік болып, барлық жақсылық жүрек тұңғиығындағы асыл қасиет-иманнан бастау алады. Ерекеңнің ішкі жан дүниесі мен көңіл көкжиегіне терең үңілген жан оның жүрегі бұлақ суындай мөлдір, таза екендігіне көзі жетеді.
Орта мектепті ойдағыдай аяқтап, сол кездегі атағы дүркіреп, талай жастың арманы болған Қазақстандағы екі университеттің бірі – Қарағанды мемлекеттік университетінің (қазіргі Е.Бөкетов атындағы) химия мамандығының студенті атанды. Студенттік жылдарын бос өткізбей, қазақ жастарының «тісі бата бермейтін» химия ғылымының құпия сырларын терең меңгеріп, химик біліктілігін алып, туған жерге оралды.
Жалпы, Ерекеңнің еңбек жолын бір-бірімен тамырлас, сабақтас үш бағытта қарастыруға болады. Ең бастысы, ол кәсіби мамандығы, біліктілігі бойынша – химик, бірақ тек химик қана емес, ұстаз: бар болмысымен, табиғатымен, жан-жүрегімен ұстаз. Әке жолын жалғастырушы шынайы ұстаз. Өз кәсібін, өз қызметін шын жүректен сүйген, соған шынайы пейілімен берілген қайраткер ұстаз. Мұны қызметі барысында адал еңбегімен дәлелдей білді. Кезінде Әзілхан Нұршайықов атамызды әріптестері: «Жазушылар арасындағы журналист, журналистер арасындағы жазушы», – деп атаған екен, сол сияқты де Ерекең де: «химиктер арасындағы ұстаз, ұстаздар арасындағы химик» болып, жас ұрпақ тәрбиесіне өзінің сүбелі үлесін қосуда.
Екіншіден, іскер-ұйымдастырушылық, басшылық қызметі. Алғашқы еңбек жолын «Ленин жолы» орта мектебінде химия-биология пәнінің мұғалімі болып бастаған ол еңбек жолында үнемі қызмет сатысымен жоғары өрлеп, өсумен келеді. 1986-1997 жылдары ауылымыздан ашылған «Тана мырза» атындағы орта мектепте оқу ісінің меңгерушісі, 1997-1999 жылдары аудандық білім беру бөлімінің әдістемелік кабинет меңгерушісі, 1999-2004 жылдары № 2 Ақсуат орта мектебінің директоры қызметін атқарды. 2004 жылдан Тарбағатай, Зайсан, Жарма аудандарына арналған «Педагогикалық-медициналық-психологиялық консультациясы білім мемлекеттік» мекемесінің меңгерушісі.
Оның бойындағы асыл қасиеттерінің бірі – жан баласының сыртынан өсек айтып, мін тағып, айбат көрсетпеуі. Ешқашан ашу шақырып, кек сақтауды білмеуі. Әсіресе, өмірлік іс-тәжірибесі аз жас мамандарға жанашырлықпен көмектесіп, ұжымда берекелі-бірлікті моральдық-психологиялық ахуал қалыптасуының берік кепілі бола білуі.
Қай қызмет орнында болмасын білім мекемесінің кадрлық әлеуеті мен материалдық-техникалық базасын жақсарту басты назарында болды. Өзінің ұшқыр ойымен, озық білімімен жарқырай көрінген, жаңалыққа жаны құмар Ерекең мектеп мұражайы мен географиялық алаң жасатты. Ауданда тұңғыш кеңес заманынан алғаш рет ұмыт болған мектеп жанынан интернат ашып, жас балалардың алаңсыз білім алуларына жағдай жасады.
Үшіншіден, белсенді қоғамдық қызметі. Көпшіліктің тілін таба отырып, қолға алған істі діттеген жеріне жеткізу, ойлаған іс-жоспарыңды тұжырымды шешім қабылдап, жүзеге асыру секілді асыл қасиеттер бір бойыңнан табылып, алғырлық танытқанда ғана сенімен басқалар санасады, айтқаныңды тыңдап, орындайды, өзіңді мойындайды. Кезінде марқұм Кәрібай атамыз да ұстаздық жұмыспен қатар, қоғамдық қызметтен қол үзбей, ұзақ жылдар ауылдағы цехтық компартия ұйымының хатшысы қызметін де қоса атқарып еді. Ерекең де халық ағартушылық қызметіне қоса, қоғамның алуан саласында өзінің ұйымдастырушылық шеберлігін көрсетуде. Бастауыш комсомол ұйымының хатшылығынан бастаған қоғамдық қызметі бүгінде «Нұр Отан» партиясы Ақсуат орталық бастауыш партия ұйымының төрағасы дәрежесіне жетті. Ерекең жар құлағы жастыққа тимей жүріп, «Тарбағатай табиғаты» экологиялық қоғамдық бірлестігі мен «Менің бабам- Қаракерей Қабанбай» қоғамдық қорын құрып, сауабы мол қайырымды істерді жүзеге асыруда. Қабанбай атамыздың зәулім ескерткішін ашуға мұрындық болды.
Ең бастысы – Ерекең халық қалаулысы. 2012 жылдан облыстық маслихаттың депутаты болып бір мерзім қызмет жасаса, 2016 жылы Тарбағатай аудандық мәслихатының депутаты болып сайланды.
Анасы дүниеден озған кезде Ерекең әлі сүр бойдақ, қарт әкесі қолына қарап қалды. Иншалла, өмірлік жар таңдау жағынан бағы жанды, ертеден берекесі ұйыған киелі әулетке ибалы, инабатты, өзі сұлу, өзі жас уылжыған Гүлсім келін болғалы құт қонып, береке орнап, ырысы артып, абыройы асқақтай түсті. «Алғаның жақсы болса, бақыт пен бақтың тұрағы, перзенттерің жақсы болса, дүниенің шырағы» – деген көнеден жеткен тәмсіл Ерекеңе арналғандай. Бұл күнде киелі әулеттің тірегі – Ерекең мен отбасының өн бойына қан жүгіртіп, жылу шашып отырған жүрегі – Гүлсім екеуінің көргенді ұрпақ тәрбиелеп, ұлдарын ұяға, қызын қияға қондырып, немере-жиен сүйіп отырғаны Жаратқанның зор шапағаты болар.
Бүкіл еңбек жолын жас ұрпақ тәрбиесіне арнап, «өз ісінің маманы, көпшіліктің адамы»(әл-Фараби) бола білген Ержан Кәрібайұлының педагогикалық, әрі қоғамдық қызметі мемлекет тарапынан өз бағасын алуда, бірақ Ұлы Абайдың: “Адамның адамдығы мінген тағы, шыққан тауы, атақ-даңқы емес, адамгершілігі, халқына қызмет етуі арқылы өлшенбек”,- дегендей, ең бастысы, халқыңның ыстық ықылас-ниетінен артық еш құрмет болмас!
С. Қасенов,
Атырау инженерлік-гуманитарлық институтының факультет деканы