«Өз шырағыңды жақ» акциясы дәстүрге айналды
Қазақ үшін шырақтың орны қашан да ерекше. Кейде үлкендер тілек айтқанда, «шырағың сөнбесін» дейді ағынан жарылып. Жақсы көрген адамын «шырағым» деп еркелетіп те жатады. Тіпті, шырақ жағу дәстүрі халқымызда әлі күнге дейін сақталған. Мұны өмірден өткен адамға көрсетілетін құрмет деп қабылдаған. Ұлы Жеңіс күні Өскемендегі Даңқ мемориалы жанында . «Өз шырағыңды жақ» атты патриоттық дәстүрлі түрде өтеді.
Иә, өскемендіктер үшін бұл акция дәстүрге айналған. Алғашқы жылдары акция шаһардағы «Жастар» саябағында өтетін. Бірақ келе-келе патриоттық акцияға қатысушылар санының ұлғаюына байланысты қала билігі Даңқ мемориалын таңдапты. Бұл жолы да шараға қатысушылардың қарасы көп болары сөзсіз. Қала тұрғындары мен қонақтары 7199 шырақ жақпақ. Неге 7199 шырақ? Акцияға бірінші рет қатысушы қала тұрғындарын осынау сауал да мазалауы әбден мүмкін ғой. Бұл жай ғана сан емес. Бұл санның өзіндік сыры бар. 7199… Бұл қанды майданда қыршынынан қиылып, туған жерге оралмаған өскемендіктердің санын білдіреді. Ұлы Отан соғысының 3 жыл 10 ай 18 күнінде осынша Өскемендік боздақ Отан үшін опат болған екен. Осынша шырақ сөніп, осынша отбасы қара жамылыпты. Жақыныңнан айырылудың қандай қасірет екенін аға буын өкілдері жақсы біледі. Біреу сүйікті ұлынан, біреу асыл жарынан, біреу інісінен, әкесінен айырылып, аңырап қалған. Ұлы Отан соғысының аяқталғанына 70 жылдан астам уақыт өтсе де, артындағы ұрпақ бейбітшілік үшін қан төгіп, туған жерге оралмаған арыстарды ұмытқан емес. Патриоттық акцияға қатысушылардың арасында еңбектеген баладан еңкейген кәріге дейін бар. Тіпті, таяққа сүйеніп соғыс және тыл ардагерлерінің өздері де келеді. Соншама жыл өтсе де, олардың жүрегінде соғыс салған жараның ізі әлі де бар.
– Ғаламтордағы бір дерек көзінен Ұлы Отан соғысы кезінде КСРО-ның 26 миллион 600 мың адамынан айырылғанын оқып, жаным түршігіп кетті. Бұл дегеніңіз ешқашан орны толмайтын шығын ғой. Елде соғыс өрті шалмаған шаңырақ қалмаған десе де болады. Қараңызшы, тек Өскемен қаласының өзінен 7199 адам соғыста қаза тауыпты. Олар осынау бейбіт күн үшін қан төкті ғой. Сондықтан да бейбітшілік пен тыныштықтың қадірін білуіміз керек. Мен анамын, ана болғаннан кейін ұрпағыңның ертеңгі күніне алаңдайсың. Енді мұндай соғыс ешқашан болмасын. Балаларымыз бейбіт күнде өмір сүрсін, – дейді Өскемен қаласының тұрғыны Мәдина Сандыбаева.
Шынында да, жағылған әрбір шырақ майдан даласынан туған жеріне оралмаған жауынгерлердің қысқа ғұмыры секілді. Желге қанша қарсы тұрып, лапылдай жанғысы келгенімен, кейбіреулері тұтана сала тез-ақ сөніп жатты…
Мейрамтай Иманғали