Өзі сұранып соғысқа аттанды
Ұлы Отан соғысының ардагері, полковник, Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінде ширек ғасырға таяу уақыт дәріс оқыған, бүгінде құрметті еңбек демалысындағы Гавриил Одинцов биыл өз өмірінде екі бірдей мерейтойлық датаны атап өтті. Оның бірі – Ұлы Жеңістің 75 жылдығы болса, екіншісі – өзінің 95 жасқа толған мерейтойы
Гавриил Васильевич 1925 жылы 27 тамызда Таврия ауданының Зелёное ауылында дүниеге келген. Жанұядағы он екінші бала болған оның отбасы жеркепеде тұрды. Бала кезінен мұғалім болуды армандаған ол Шемонайха орта мектебінде білім алды. Алайда тоғызыншы сыныпта оқып жүргенінде барлық жоспарын сұм соғыс бұзды. 1942 жылдың наурызында өз еркімен 15-ші артиллериялық Харьков арнайы мектебіне алынды. Бұл мектеп соғыс басталысымен Лениногорскіге көшірілген болатын. Артынан Талғарға эвакуацияланған Рязань артиллериялық училищесінде оқуын жалғастырды. Оны аяқтай салысымен-ақ, Бас штабтың Мәскеуге келу туралы бұйрығы бойынша сонда жетіп, одан ары майдан даласына аттанды. Тіпті, анасымен қоштасып қалуға да үлгерген жоқ.
– Әкем 4-ші Украина майданында 3-ші корпустық артиллериялық бригаданың 44-ші барлау дивизионында взвод командирі болды. Польша, Германия, Чехословакия жерлерінде өткен барлық маңызды сұрапыл ұрыстарға қатысты, украин нацистеріне қарсы соғысты. Жеңісті Прагадан 75 шақырым жерде қарсы алды. Оның жорық жолы тек бір жылдан соң 1946 жылдың мамыр айында аяқталды. Ол – нағыз отбасының ұйтқысы, адал адам. Анам Александра Прокофьевна 1982 жылы дүниеден қайтты, алайда бауырым Святослав екеуімізді адалдыққа, жауапкершілікке және әрқашан белсенді болуға тәрбиелеп кетті. Әкеміздің бүгінде екі немересі және екі шөбересі бар, – дейді қазіргі кезде әкесін қолына алып, балаша мәпелеп күтіп отырған қызы Светлана.
Майдангерді бір қарағанда 95-ке келді деп ойламайсың. Әлі күнге дейін жазда саяжайда шөп шауып, электрлі дрельмен де еркін жұмыс істей алады, үй шаруасындағы өзге де жұмыстарды өзі атқара береді.
Ардагердің соғыс жылдарында және бейбіт өмірде алған орден-медальдарының ұзын саны отызға жуықтайды. Олардың ішінде «Қызыл жұлдыз» және екінші дәрежелі «Отан соғысы» ордендерінің, «Германияны жеңгені үшін», «Еңбекте үздік шыққаны үшін», «Тың жерлерді игергені үшін», «Еңбек ардагері» марапаттарының орны бөлек. Бұдан басқа, мерейтойлық медальдарының өзі бір төбе. Костюмінің қос өңіріне сыймай тұрған бұл марапаттар соғыс кезінде взвод басқарған жас жігіттің майдан даласында көрген қиындықтарын, соғыс даласында мәңгі қалған, туысындай болып кеткен қарулас достарын әрқашан еске салып тұрғандай. Оның адамгершілік қасиеттерін бірге істеген әріптестері де зор мақтанышпен айтады.
– Гавриил Васильевич – өз ісінің нағыз маманы, өте керемет адам. Бірге қызмет істегенде өте көңілді жүретін әрі онымен жұмыс істеу бізге жеңіл болатын. Ол Өскемен құрылыс-жол институтында (қазіргі Д.Серікбаев атындағы ШҚТУ) 1970 жылдан бастап 1994 жылға дейін оқытушылық қызмет атқарды. Аға оқытушы, доцент болды. Өзін де дамыта отырып, студенттерінен де соны талап етті. Әсіресе, Қазақстан тарихынан, соғыс жылдарындағы Қазақстанның тарихынан білері, үйретері мол болды, – дейді онымен бірге істеген әріптесі, бүгінде техникалық университеттің ардагерлер кеңесін басқарып отырған Любовь Сергиенко.
Байланысшы қыздарды құтқарып қалды
Любовь Спиридоновна өзінің «Они сражались за Родину» деген кітабында Гавриил Васильевичтің соғыс жылдарынан әңгімелеген бірнеше естеліктерін келтірген екен, енді солардың бір-екеуіне тоқталайық.
– Одер өзенінің сағасында бір аралықты көпір бар екен, менің жауынгерлерім байланыс сымын жалғап келе жатқан. Бұл жерде әр шақырым үшін қиян-кескі ұрыстар жүргенін, кеңес әскерінің алға жылжып, жеңіспен келе жатқанын айнала шашылып жатқан жау мүрделерінен, қызыл қанға боялған Одер өзенінен-ақ байқауға болатын. Көпірге мина қойылыпты. Тапсырманы орындаған соң қайтарда арақашықтықты 15 метрден сақтауға келістік. Бірақ бір солдат аяғымен сымды іліп кетті, ал қашықтық сақтамаған екіншісі қасында тұрған еді. Осылайша, қас қағым сәтте екеуі де көз алдымызда жоқ болды. Жеңіс жақын қалғанда жауынгерлерден айырылу, әрине, ауыр соғатын. Әр тірі сарбаздың құны біз үшін өте қымбат еді. Бұл жағдай соғыс уақытында командирдің тапсырмасын бұлжытпай орындап, тәртіпті қатаң сақтау керектігін тағы бір дәлелдеп кетті. Осы оқиға кейін де бәрімізге сабақ болып, қанға боялған Одер өзені есімізден шықпайтын, – деп еске алады майдангер соғыс қасіретін.
Гавриил Одинцов тағы бір естелігінде былайша әңгімелейді:
«1945 жылдың сәуірі еді. Су толы даланы кешіп отырып, жалғыз тұрған бір үйге келдік. Оны біздің байланысшы қыздарымыз басып алыпты. Айналаны барлап жағдаймен танысқан соң, қыздарға бұл үйді тастап шығуға кеңес бердім. Себебі, айнала толы жау. Ал қыздар болса, от жағылған жылы орыннан шыққысы келмеді. Ақыр соңында құрғақтау жерге кетуге келісті. Бұл кезде күн батып кеткен. Ал ертесінде қыздардың барлығы маған рақметін жаудырып, бетімнен сүйіп, бірауыздан «Гавриил біздің құтқарушымыз» деп айғайлап жатты». Білгенімдей, немістер түнде әлгі үйдің күлін көкке ұшырып, жер бетінен жайып жіберіпті. Немістер өте қу болатын. Ашық алаңға әдейі велосипед тастап кетеді. Оны кинодан ғана көрген біздікілер қызығып жүгіріп барғанда, астына мина жасырылған болып шығады. Сол сияқты мина жасырып, қасына бір шөлмек шарап іліп кетеді. Сондай жағдайлар да бастан өтті».
Ауданды бірінші орынға шығарды
Кейіпкеріміз майданнан аға лейтенант шенінде оралды. Бала күнгі арманы орындалып, мектепте бастауыш сыныпта мұғалім, артынан директор болды. Педагогикалық училищені бітірген соң, 1954 жылы Семей педагогикалық институтын тәмамдады. Мұнан кейінгі жылдарда педагогикалық салада, партиялық, кеңестік жұмыстарда өзін жақсы қырынан танытты. Нақтырақ айтсақ, Шемонайха аудандық атқару комитеті төрағасының орынбасары болып, кейін Күршім аудандық партия комитетінің екінші хатшысы болып тағайындалды. 1969 жылы аспирантураны бітіріп, диссертациясын сәтті қорғап, тарих ғылымдарының кандидаты атанды. Ал 1970 жылы ардагердің Өскемен құрылыс-жол институтындағы 24 жылға созылған оқытушылық өмірі басталды.
Соғыс жылдарындағы ауыртпалықтар, соғыс салған жарақат адамдардың еңсесін түсіріп жіберген еді. Оларға жігер беріп, алдағы болашаққа еңселерін тіктеу үшін әр жерлерде түрлі концерттер, байқаулар, ұйымдастырылып, көркемөнерпаздар ұжымдары құрылды. Солардың қатарында Гавриил Одинцов та соғыстан кейінгі байқауға арнап 30 адамдық қор ұйымдастырды. Майданнан оралмағандарға арнап ән де шырқады, би де биледі. Қан-құйлы соғыста жақындарын жоғалтқандардың жанарларына жас үйірілді. Ал хор жетекшісі Гавриил Васильевичтің өзі шебер әңгімеші болатын. Осылайша, Күршім ауданы соғыстан кейінгі байқауда облыста бірінші орынды жеңіп алды.
– Гавриил Васильевич тарих ғылымдарының кандидаты. Бұл салаға ол университеттің Қазақстан тарихы кафедрасында жан-тәнімен беріле қызмет етті. Әрқашан шындықтың, әділдіктің туын биік ұстады. Сонымен қатар жоғары оқу орнында философиядан, саясаттанудан және өзге де пәндерден дәріс оқыды. Ширек ғасырға таяу уақыт студенттерге дәріс оқып, кітаптар, очерктер, естеліктер жазды. Мәселен, «Ұлы Отан соғысы жылдарындағы Қазақстан» атты кітабы Жеңістің 70 жылдығы мен өзінің 90 жылдық мерейтойына арналса, «Қазақстан мәдениетінің тарихы. ХХ ғасыр» атты жұмысын туған Отанына арнады. Ал 2007 жылы жариялаған «Қазақстан тарихы ХХ ғасыр» атты ғылыми еңбегі үшін Гавриил Одинцов «Қазақстанның құрметті профессоры» атағымен марапатталды. Ондағы бір тарау соғыс тақырыбына арналған, – дейді Любовь Сергиенко.
Қарт майдангер «Егер уақытты кері айналдыратын болса, не істер едіңіз?» деген сауалымызға «Соғыстан басқасының бәрін қалдыратын едім, себебі біз соғыста жеңгенімізбен, оның құны біздер үшін тым қымбатқа түсті. Қаншама адамдардан айырылдық. Енді соғыс болмасын» деп жауап берді. Айта кетейік, Гавриил Одинцов қазіргі уақытта техникалық университеттегі көзі тірі жалғыз Ұлы Отан соғысының ардагері.
– Гавриил Васиельевич 1994 жылы құрметті зейнет демалысына шықса да, университетпен байланысын еш үзген емес. Күні бүгінге дейін хабарласып, өмірлік мол тәжірибесімен бөлісіп тұрады. Мәселен, 2014 жылы жарық көрген «Қазақстан мәдениетінің тарихы. ХХ ғасыр» атты еңбегі студенттер үшін таптырмас дайын дәрістер топтамасы болды, – дейді оның техникалық университеттегі тағы бір әріптесі, Қазақстан тарихы және саяси-әлеуметтік тәртіп кафедрасының доценті Вадим Фоминых.
Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университеті майдангерді үнемі Ұлы Жеңіс мерекесінде, мерейтойларында құттықтап, құрмет көрсетіп келеді. Биыл да сол дәстүрден жаңылмай, университет ректоры Жасұлан Шаймарданов бастаған ШҚТУ ұжымы қарт майдангерді мерейтойымен құттықтап, сый-сияпатын жасады.
Университет ұжымы зейнет демалысындағы құрметті әріптестерін және Ұлы Отан соғысының қарт майдангерін 95 жасқа толған мерейтойымен құттықтайды. Мықты денсаулық, ұзақ ғұмыр және барлық жақсылықтарды тілейді.
Дәурен Аллабергенұлы