Қоғам

Өзі оқыған мектепке стадион сыйлады

Өзі оқыған мектепке стадион сыйлады


№12 мектепке арнайы футбол алаңы, турниктері мен секіретін жеңіл атлетика жолағы бар спорт стадионын сыйлау үшін «Tandem Trade Company» ЖШС директоры Арман Машимов барлығын жұмылдырды. Ол №12 мектептің 1996 жылғы түлегі. Өскемен қаласында өткен «Менің мектебім» атты акцияға белсене қатысып, атсалысып келген де өзі.

Арман көпбалалы отбасында дүниеге келген. Анасы өмір бақи сатушы болып жұмыс істепті. Осылайша, Арманның бойына кәсіпкер болу ана сүтімен қалыптасқан екен. Сөйтіп, №12 мектепті бітірісімен 1996 жылы қаржы институтына экономист-қаржыгер мамандығы бойынша оқуға түседі. Арман оқуға өте қабілетті болғандықтан, бюджет тобына қабылданады.

-Мен отбасыммен бірге тұрдым,-деп есіне алды бізбен әңгімелескен Арман Машимов,-сондықтан да жатақханада тұрып жатқан әріптестеріммен салыстырғанда менің жағдайым әлдеқайда жақсы еді. Сөйтіп, ауылдан келген курстарыма мүмкіндігінше көмек көрсете бастадым.

2000 жылы институтты аяқтасымен Арман бір жыл бойы мамандығы бойынша жұмыс істеген еді. 2001 жылы көтерме саудада жәй ғана агент болып жұмысқа кіреді.

-Жоғары білімді маманмын, бірақ сауда агенті сияқты ұсақ-түйек жұмысты атқарып жүргеніме барлығы таңғалды,-деп есіне алады Арман Машимов,-агент болып кез келген мамандығы жоқ адам жұмыс істей берер, ол рас. Десек те, экономиканы бес саусақтай білуім бұл салада тез өсуіме ықпал етті. Сөйтіп, бір жарым жыл өткенде сауда-саттық бойынша бас маман қызметіне көтерілдім. 2005 жылы мені республикалық іргелі сауда компаниясы облыс бойынша өкіл болуға шақырды. Сол қызметте үш жыл сауда саласы бойынша директор болып жұмыс істеген соң, өз кәсіпкерлігімді дамыта алатындығыма сенімді болдым. Содан бастап шырындар мен алкогольсіз өнімдерді көтерме саудаға шығаратын кәсіпкерлікпен айналысып келемін.

Өзі оқыған мектепке стадион сыйлады

Мансап саласында өсуі Арманды өзгертіп жібермеді. Ол қайырымдылықпен айналыса бастады. Сөйтіп, адамдарға денсаулықтарына орай ауыр операция жасауға көмек жасап, балалар үйінің түлектеріне сыйлықтар табыс етті. Балалардың шағын орталықтарына білім алулары үшін демеушілік көмектерін де аямады. Мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған орталықтың да біраз қайырымдылық жұмыстарын өз мойнына алған кездері болды. Себебі, оның фирмасында сал ауруымен ауыратын жас жігіт жұмыс істегеніне үш жыл болып отыр. Арманның көмегі арқасында ол еңбек етіп, ел қатарлы күн көруде.
Арман бірде өзінің туған жері Семейдегі Шығыс кентінде жастардың жалпы төбелеспен айналысқандарын естиді. Әрине, полиция қызметкерлері дер кезінде үлгерді, бірақ Арман осы мәселені содан бастап, кеңінен ойлап жүрді. Жастар қазір бос. Сондықтан осындай төбелестерге ұрынады. Жастарға жағдай жасау керектігін ойладым, дейді Арман. Жастар үшін әртүрлі іс-шаралар жүргізу мен ұйымдастыруға аса назар аударылмайды, жүйелілік жоқ. Жасөспірімдердің бос уақытты тиімді ұйымдастыруы болашақ үшін пайдалы және өздерінің қоғамдағы орнын табады.

Міне, осы ойлар жетелеген Арман Восточный кентіндегі №12 мектепке стадион сыйлауды жөн көрді. Ол үшін өзінің сыныптастары мен достары Елена Губанова, Мират Тоқсейітов, Нұрлан Берікбосынды шақырды. Олар барлық түлектерді жинады. Сөйтіп, жобаға 60 адам жиналып, бас қосты. Бас демеуші әрине, Арман Машимов еді, ол өз қалтасынан стадион үшін 17 млн. 500 мың теңге қосты. Жаз бойы №12 мектепте қызу жұмыстар қолға алынды. Еңбек етуге толық негіз бар. Алаңқайды реттеп, топырақ, тас-құммен керекті жерлерін толтыру керек. Ол үшін 3,5-4 мың тонна құрылыс материалдары қажет болды. Бәрі асарлата бас қосты. Соңғы үш жылда мектеп бітірген түлектер, ата-аналар, ұстаздар, мектеп оқушылары, Восточный тұрғындарының барлығы білек сыбана кірісті. Арман құрылыс жұмысын күн сайын қадағалап тұрды. Ол басшылық жасап қана қоймай, өзі де, ұлы да құрылыс жұмыстарына белсене араласты.

-Жаңа оқу жылына орай стадион халыққа есігін айқара ашты,-дейді Арман Машимов,-ашылу салтанатына Олимпиада чемпионы Ольга Рыпакова, Азия ойындарының чемпионы Галина Вишневская келіп, балаларды құттықтаған кезде, Шығыс кентінің тұрғындары мәз-мейрам болып қалды.

Стадионда қазір барлық жағдай жасалған. Жасыл алаңқайы бар футбол жабыны ерекше көмкеріліп тұр. Мектеп оқушылары да стадионда денешынықтыру сабақтарын өткізеді. Ал 6 жастан 17 жасқа дейінгі балалар футболдың тегін секциясына жазылып, мәз болып қалды. Және жаттықтырушыға жалақы төлейтін де Арман Машимов екен.

-Кешке қарай жұмыстан қайтқан сәтте стадионды қарап өтемін,-дейді Арман Машимов,-лық толып тұрады. 200 адам жиналып, оның ішінде бала да, жас та, қарт та бар, жүгіреді, секіреді, ойнайды, жаттығады. Бүкіл Шығыс кенті осында. Ата-аналар да балаларым басқа жаққа қалған жоқ па, деп алаңдамайтын болды. Демалыс күндері ұлыммен бірге футбол ойнауға келемін кейде. Ұлым осы стадионды тұрғызғанымызды ерекше мақтан етеді.

Раушан Нұғманбекова
Семей.

Осы айдарда

Back to top button