Қоғам

Өз өнімдеріміз өзімізге жетсе, алыстан арбалаудың қажеті не?

Өз өнімдеріміз өзімізге жетсе, алыстан арбалаудың қажеті не?
Көшеде кездескен кез келген адамды тоқтатып алып сұраңыз, барлығы бірінің аузына бірі түкіріп қойғандай бүгінгі күннің өзекті мәселесі деп азық-түлік бағасының тым көтеріліп кетуін айтады. Ол – ақиқат. Себебі, кейінгі кездері шынымен де облыстың өзге елді мекендерін қайдам, Өскеменде тұрғындар тұтынатын бірінші кезектегі қажетті тауарлардың бағасы аспандап кетті. Әсіресе, өзіміз өсіретін өнімдердің қымбатқа түсуі қарапайым халықтың бюджетін сүліктей соруда.

Өткен айда ақпарат құралдарында отандық нарықтағы негізгі азық-түлік түрлерінің бөлшек саудадағы бағасы салыстырмалы түрде жарияланған-ды. Зерттеу компаниясының мамандары жасаған мониторингке көз жүгіртсек, еліміздегі ең қымбат көкөністер Өскеменнің дүкен-базарларында сатылады екен. Оның ішінде картоп, сәбіз, пияз, қызылшалардың құны құрық салдырмай тұр. Тамыз айының ортасында жүргізілген зерттеулер нәтижесі анықтағандай, сол кезде облыс орталығында бір келі картоп 157 теңге, пияз 102 теңге, сәбіз 158 теңге, қызылша 170 теңгеге дейін сатылған. Қыркүйек келіп қырманға қызыл толып, жиын-терін басталғалы көкөністер мен жеміс-жидектердің бағасы көктен жерге қарай сәл түсті. Қазір сауда орындарында биылғы картоптың бір келісін 70-80 теңгеден аласыз, сол секілді басқалары да арзандаған. Сауда-саттық саласы қызметкерлерінің айтуынша, бұл молшылық шақ өтпелі, ары кетсе бір-екі айға созылады. Сосын қымбатшылық қайта кәріне мінеді.

– Күзгі жиын-терін аяқталып, диқандар мен бақшашылар ала жаздай күтіп-баққан еңбектерін саудалағаннан кейін, қара күзге қарай азық-түлік бағасын тұрақтандыру мақсатындағы іс-шаралар қайтадан қолға алынады. Өйткені, дәл қазіргі уақытта, яғни, қыркүйек, қазан айларында баға онсыз да тұрақты, көтерілмейді. Оның үстіне жергілікті шаруалар да өнімдерін сатып, біраз пайда табулары керек қой, – деп баға саясатының қыр-сырын түсіндірген «Ертіс» ӘКК мемлекеттік бағдарламалар департаментінің бас менеджері Галина Киязькова аймағымыздың екі ірі қаласында сатылатын тұрақтандыру қорының өнімдері туралы мәліметтерді алдымызға тартты.

Бас менеджердің дерегіне сүйенсек, былтырғы 18 қазанда Шығыс Қазақстанда тұрақтандыру қорын құру үшін 3 жылға республикалық қазынадан «Ертіс» ӘКК» ұлттық компаниясы арқылы 1 117 392 000 теңге ақша бөлініпті. Оның белгілі бір бөлігі өткен жылы мақсатты игерілген-ді. Енді біразы облыс Әкімінің биылғы 16 маусымда шыққан қаулысына орай 2013-2014 жылдарға сатып алынатын көкөністерге жұмсалмақ. Дәлірек айтар болсақ, ағымдағы жылы облыстық тұрақтандыру қорына 4200 тонна картоп, 300 тонна пияз, 1340 тонна орамжапырақ, 800 тонна сәбіз бен 160 тонна қызылша сатып алынбақшы. Қордағы 4200 тонна картоптың екі мың тоннасы Өскеменде сатылса, қалғаны Семей тұрғындарына тұрақты бағамен ұсынылмақ. Сондай-ақ, бюджет қаржысына сатып алынған көкөністердің бәрі екі қаланың сауда нүктелеріне тиісінше, сұранысқа қарай бөлініп беріледі. Мұның сыртында өзімізде өсірілетін күнбағыс майы (604 тонна), қарақұмық жармасы (66 тонна) сияқты тауарлар да қордан табылады. Маманның айтуынша, күнбағыс майының бір литрін жергілікті өндірушілерден 180 теңгеден, ал қарақұмық жармасын 120 теңгеден сатып алады.
– Әзірге көкөністерді сатып алатын нақты баға анықталған жоқ. Жиын-терін аяқталған соң белгілі болады. Өткен жылдағыдай емес, биыл өнімдердің бағасы тұрақты сақталады. Себебі, былтыр өнімдерді сақтайтын қоймалардың қызметіне төленетін қаржы ескерілмеген соң, тұрақтандыру қорындағы азық-түліктердің құны қыс айларында аздап құбылған болатын. Енді ондайға жол берілмейді, биыл шаруа қожалықтарымен келісім жасалғанда, көкөністерді сатып алумен бірге сақтау қызметі де қарастырылған, – дейді Галина Киязькова.
Хош делік! Алдағы қыста Өскемен мен Семейдегі азық-түліктің бағасын тұрақтандыру үшін мемлекет тарапынан осындай іс-әрекеттер жоспарланып қойыпты. Бірақ нарықтың заңы қатал, ол өзінің тәртібіне бағынады. Сондықтан кейбір экономист мамандар бағаны күштеп тізгіндеу уақытша шара екенін, одан гөрі бұл проблеманың жарасын жергілікті өнімдерді көптеп өткізу арқылы жеңілдетуге болатынын айтады.

Көкөністердің шығымы көңілге қонады

Иә, бұл күнде біздің облыста тропикалық жеміс-жидектен басқаның бәрі өседі. Картобыңыз, сәбізіңіз, пияз бен қызылшаңыз, алма-алмұртыңыз бәрі өзімізде бар. Сөйте тұра, сонау Қытайға, Өзбекстанға жөнелеміз, қала берді еліміздің оңтүстік өңірлерінен тасимыз жанталасып. Жарайды Шығыстың табиғатын жатырқайтын жеміс-жидектер туралы ештеңе айтпай-ақ қояйық, ал енді қара топырақта өнетін дақылдарды алыстан арбалауға қандай қажеттілік туды? Өзімізді өзіміз қамтамасыз ете алмай жатсақ, тағы бір жөн.

– Біздің облыс өзін-өзі картоппен, басқа да көкөніс түрлерімен толық қамтамасыз етуге әлеуетті. Мәселен, биыл аймақта 24 мың гектар алқапқа картоп егілді. Қазір соның 6 мыңнан астам гектары (25%) жинап алынды. Жаздағы жауын-шашынды ауа райының арқасында өнім жаман емес, әр гектардан 171,2 центнерден картоп түсуде. Оған қоса, 8,9 мың гектар жер теліміне қызылша, сәбіз, орамжапырақ секілді көкөністер егілген, бүгінгі күні оның 4,2 мың гектары жиналды. Әр гектардан 208 центнер өнім алудамыз, – дейді облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бөлім бастығы Сергей Бутаков.

Бөлім бастығының мына келтірген дерегі алдыңғы дәлелімізді қуаттай түскендей. Тұтынушылар сұранысын жергілікті шаруашылықтардың өнімдерімен-ақ қанағаттандыра алсақ, көкөніс бағасының көтерілуіне қандай себеп бар? Бәсекелестік күшейіп, сұраныс артығымен қамтылған жерде тауар құнының өзінен-өзі төмендейтіні нарықтың жазылмаған заңында бар емес пе еді. Ендеше біздегі қымбатшылық қайдан келген қымбатшылық?!

Бұл сұрақтың жауабын іздеп, Өскемендегі ауыл шаруашылық өнімдерін сататын бірқатар базарларды аралап, сауда желілеріне бас сұқтық. Солардың алғашқысы әрі ірісі – «Дина» сауда базары. Мұнда ананас пен персиктен бастап кептірілген жеміс-жидектің түр-түрі толып тұр. Күршімнің қарбызы, Ұланның картобы, Шемонайханың шекілдеуігі секілді жергілікті өнімдерден бөлек, Өзбекстан мен Қытайдан шекара асып келген алма, жүзім, банандар сақтау қоймалары мен сауда орындарында, тіпті жүк көліктеріне тиелген қалпында сатылып жатыр. Алушылардың дені – құлқын сәріден келетін Өскемен қаласының бөлшек сауда өкілдері. Яғни, төмендетілген бағамен көптеп алып, қаланың басқа аудандарындағы базарларда, дүкендерде үстеме қосып сататын алыпсатарлар.

– Жемісті қысы-жазы тасып отырамыз. Ташкентте жаз ерте шығып, қыс өте қысқа болады ғой. Ол жақта бір жазда екі рет өнім жинайды. Әуелі ерте көктемде, сосын күзде. Ал бізде табиғат жағдайы басқаша. Сондықтан жеміс-жидектің көбісін Өзбекстаннан жеткіземіз. Олардың сапасы да жақсы. Жол тасымалына және кедендік ресімдеуге кететін шығынды есепке алсақ, үстеме бағаның сонша көп еместігіне көзіңіз жетеді. Бағаны аспаннан алмаймыз, – деп түсіндірген жеке кәсіпкер Гүлнара Жұмағалиқызы алыстан арбалап әкелетін тауарын бір аптаның ішінде саудалап үлгеретінін де жасырған жоқ.

Бір байқағанымыз, биыл күршімдік қарбыздың бір келісі 30-40 теңгеден түспей тұр. Былтырлары, одан арғы жылдары дәл осы кезде 25 теңгеден қойылған. Сондай-ақ, өзімізде өсетін картоп, қияр, қызанақтардың да бағасында өткен жылдармен салыстырғанда әжептәуір айырмашылықтар бар. Саудагерлер мұны жыл сайын аздап өсіп отыратын инфляциямен түсіндірді.

«Динадағы» бірқатар кәсіпкерлермен сөйлесу кезінде мынаны білдік. Былтыр Ресеймен шекаралас аудандардағы жергілікті шаруа қожалықтарының өнімдерін орыстар қымбатқа сатып алу арқылы біздегі бағаға кері әсерін тигізген сәттер жиі болыпты. Себебі, Қазақстанмен салыстырғанда Ресейде азық-түліктің бағасы әлдеқайда жоғары. Сондықтан шекараға жақын тұратын ресейліктер қажетті дүниелерін бергі жақтан тиеп алып кетеді. Нәтижесінде өңірдегі азық-түлік тауарлары құны біраз көтерілген. Әсіресе, Кедендік одақ құрылып, шекарадан емін-еркін өтуге мүмкіндік туғалы барыс-келіс пен алыс-беріс бұрынғыдан бетер күшейгенге ұқсайды. Мамандар бұл жағдай биыл күзден бастап тағы етек алуы ықтималдығын айтып отыр.

Серік Әбілхан

Осы айдарда

Back to top button