Әз-Наурыздың қызығы әлі тарқаған жоқ

«Сәуір болмай, тәуір болмас» деп дана халқымыз айтпақшы, сәуірдің шуақты күнінде С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университеті Наурыз мейрамын атап өтті.
– Баршамызға белгілі, Наурыз мерекесін халқымыз бір күн емес, бір ай бойы тойлаған. «Отыз күн ойын, қырық күн той» деген содан қалған. Бүгінгі шара шаһардағы әр ұйымға, әр жоғары оқу орнына үлгі. Қонақ болып келген бізге бәрі әдемі, керемет көрінеді, алайда осы бір шараның өтуіне үңілер болсақ, қаншама еңбек, қаншама ынта-жігер жатқанын көреміз. Бұл оңай шаруа емес. Жалындаған жастарымыздың салт-дәстүрімізді дәріптеп, университет басшылығының жастарға осындай бағдар беріп жатқаны жанға қуаныш сыйлайды, – деген қала әкімі Жақсылық Омар жиылған қауымды Ұлыстың ұлы мейрамымен құттықтады.
Расымен де, бір мекеменің бір жылдық қорытынды шарасын Наурыз мейрамына орайластыруы бұрын-соңды болмаған оң үлгі екен. Университет басшылығы түрлі додаларда топ жарып жүрген білімгерлерін және студенттік шараларға белсене атсалысатын белсенділерін марапаттап, әрқайсына елу мың теңгелік сертификат ұсынды. Сондай-ақ студент үйлерінің ішінен «ең таза», «ең тәртіпті» «ең белсенділерін» анықтап, оларға кір жуатын мәшине сыйға берді. Университет оқытушылары мен қызметкерлерінің арасында өткен спартакиададан жоғары нәтиже көрсеткен Психология, педагогика және мәдениет факультеті құрама командасы назардан тыс қалмай, «Елім-ай – Алакөл» демалыс кешеніне жолдама ұтып алды.
– Бұл студенттер үшін ерекше асыға күткен күн десем болады. Бір университетте жүріп кездесудің сәті түспеген бүкіл достарымызбен қауыштық. Шараны ұйымдастыру барысында да көп дос таптық. Студенттік жылдардың ең қызықты сәті болып есте қалатындай-ақ мейрам осы болды, – дейді университет белсендісі Ақгүл Тойбазарова.
Бұл күні мерекенің дәстүріне айналған арқан тартыс, аударыспақ, қол күресі, гір тасын көтеру сынды спорттық ойындар мен наурызкөже ішіп, бауырсақ жеуден де сайыс өтті. Салт-дәстүрлер жаңғырды.
– Біздің университет, республикалық рейтинг бойынша, 130 оқу орнының ішінде алтыншы орында. Бұл – аяулы ұстаздардың еңбегі және шаңырағымыздағы білімді, өнерлі жастардың арқасы. Олардың еңбегін осындайда атап өтпеске болмайды. Елбасымыз атап өткендей, биылғы жыл жастардікі. Жастар жылынан күтер үміт мол, – дей келе білім ордасының басшысы Мұхтар Төлеген жиылған қауымға ыстық ықыласын жеткізді.
Жастар кешкілік алтыбақан маңында бас қосты. Той жалғасын тауып жатты.
Балауса Қожаева