Өз өмірің – өз қолыңда

Жақында қаламыздағы Құрылыс колледжінде аталмыш білім ордасының дарынды да қайсар студенттерінің ұйымдастыруымен «Өз өмірің – өз қолында» атты мерекелік кеш өткен болатын. Осы кеште өмірдің баға жетпес құнын түсінбей, әрбір күнді аман-есен көріп жүргендеріне қанағат етулерін білмей, бастарына сәл ғана қиындық түссе төзе алмай, сайтанның суымен, шылыммен тіпті, есірткімен дос болып жүргендерге және өмірдің асау толқындарына төзіп, төтеп берудің орнына, өмірімен қош айтысып жатқан жастарымызға ой салып, бұл жалғанда әр пенде дүниеге босқа келмегенін меңзеу мақсатында сонау мұхиттың ар жағындағы қолдары мен аяқтарының мүлдем жоқтығына қарамастан, өзінің Америкасындағы елдерге өмірді сүюге және өмір сүруге талпынтқызып жүрген алтын басты психолог Ник Вуйчичтің өмірінен қысқа ғана слайдтар мен видеоны мысал түрінде көрсеткенде кешке қатысып отырған қонақтар, студенттер мен көрермендердің жандары бір серпіліп, өмір сүруге деген құштарлықтары артып, көздерінен сенімділіктің ұшқынын сездім. Бір өкініштісі, сол бір бақытты да ғажап сәтте Ник Вуйчичтің болмағаны! Ол болса екеуіміздің де мақсаттарымыз орындалып, бақыттан басымыз айналар ма еді.

Мені сол кешке: «студенттеріміз бен жастарымызға өз өміріңіздегі қиын сәттерден қалай өтіп, бүгінгі күнгі жетістіктерге қалай жеткеніңіз жайында баяндап бересіз бе?» деп шақырғанда, мен студенттермен сұхбаттасатын шағын ғана отырыс болатын шығар деп ойладым. Алайда, әні мен биі бар, өмір мен махаббат сезімін қастерлеуге үндейтін сахналық қойылым көрсетілетін үлкен мерекелік кеш болатынын анама арнап ән айтылып, ол кісіге салтанатты түрде гүл шоғын табыстайды деп ойламаған едім. Анам екеуіміздің өміріміздегі ұмытылмас тосын сый болды. Бұл мақаланың көздеген мақсаты бұл емес.

Өмірде бос қиялдың жетегінде жүрмей, ой-санаңды мазалап, жүрегіңді толқытып, ары қарай өмір сүруге жетелейтін әркімнің бойында үлкен қанат бар. Арман-мақсат деген. Сол қанатынды қайырып алмасаң, өмірдің бар өткелінен қарғып өтіп кетуге болатынын құрметті оқырмандарымның есіне салғым келеді.

Сөз соңында Құрылыс колледжіндегі кешті ұйымдастырушыларға: директордың оқу-тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Раушан Ғалымоваға, педагог-психолог Марина Қайыпжанқызына, әлеуметтік-педагог Ш.Ибрагимоваға және де білім ордасының ұжымына ерекше алғысымды білдіремін. Кеште ана туралы әсем әнді орындаған «Серпін – 2050» бағдарламасымен осы колледжде оқып жатқан Қанағат Ескендіров сияқты белсенді студенттердің қатары көбейе берсін деген тілегімді жеткізгім келеді.
Нұркен Бектасов,
1-ші топ мүгедегі
Семей.