Өзіміздің өнім кәдеге жарай ма?
Төрт түліктің терісін жерге көміп, жүнін күресінге лақтырғалы қашан? Шикізат қолда болғанмен әлі күнге дейін пайдасын көре алмай отырмыз. Қ ытайдың күртесін, түріктің етігін, қырғыздың жейдесін киюге мәжбүрміз. Кезінде өндіруі де, өңдеуі де өзімізде болған жеңіл өнеркәсіпті қайтадан оңалта алмағанымыз рас. Бүгінде өңдеуші өнеркәсіптің мардымсыз бөлігін құрайтын осы сала бізде қаншалықты қолға алынған? Шығыс өңірі несімен мақтанады?
46 кәсіпорынмен шектелген
Өткен жылы еліміздегі өңдеуші өнеркәсіп саласының құрамындағы жеңіл өнеркәсіптің үлесі бір пайыздан сәл ғана асты. Ал Шығыс Қазақстанда бұл саланың көрсеткіші тым мардымсыз – бар-жоғы 0,3 пайыз. Дегенмен әлемдік экономикада тауарды тұтыну деңгейі бойынша бұл сала азық-түлік өндірісі саласынан кейінгі екінші орында орналасқан. Сол себепті жеке бизнестің де, мемлекеттің де жеңіл өнеркәсіп саласына қаражатын құйып, күшін сала отырып, біртіндеп импортты отандық тауарлармен алмастыруына болады.
Бүгінгі таңда қазақстандықтарды Қытайдың, Түркияның, Қырғызстан мен Ресейдің кәсіпорындары киіндіреді. Ал осы саладағы отандық кәсіпорындардың 80 пайызы мемлекеттік тапсырысқа негізделген. Яғни, көпшілік кәсіпорындар мемлекеттік кәсіпорындар мен ұлттық компанияларға арнайы киімдер мен аяқ киімдер тігуге бағытталған.
Қазіргі уақытта Шығыс Қазақстанның жеңіл өнеркәсібі 46 кәсіпорынмен шектелген. Оның 43-і шағын. Олардың көпшілігі Семей, Шемонайха және Жарма аудандарында шоғырланған. Жалпы, облыстың жеңіл өнеркәсібінің негізгі үлесі Семей қаласының еншісінде. Мұнда өңірдегі жеңіл өнеркәсіп орындарының 60 пайызы шоғырланған. Атап айтсақ, бұл шаһарда орналасқан 10 кәсіпорынның «Семей аяқ киім фабрикасы» мен «Семспецснаб» сияқты екеуі орта деңгейдегі кәсіпорындар болса, «Роза-ВВК», «Алаудай», «Мұрагер», «Семспецодежда», «УК Юнис», «Bayazit Life», «Корунд», «Семтекс» сияқты қалған сегізі шағын кәсіпорындар.
Облыстық кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының берген мәліметіне сүйенсек, өңірдегі кәсіпорындардың 2019 жылдың 7 айындағы жеңіл өнеркәсіп өнімдерін өндіру көлемі 2561,9 млн. теңгені құраған. Бұл өңдеуші өнеркәсіптің жалпы көлеміндегі сала үлесінің бар-жоғы 0,3 пайызды ғана құрайтынын көрсетеді.
Жалпы, өңірдің жеңіл өнеркәсібі тоқыма бұйымдарын, киім және былғары-тері өнімдерін өндіру сияқты үш салаға негізделген. Жеңіл өнеркәсіптің жартысынан астамы, яғни 52 пайызы киім өндірісіне тиесілі. Облыстық басқарма берген мәліметке сенсек, аталмыш сала биылғы 7 айда 204,5 млн. теңгенің өнімін өндірген екен. Аймақтың жеңіл өнеркәсібінде 32 пайыздық үлес салмағы бар тоқыма бұйымдарының өндірісі бірінші жарты жылдықта 126,7 млн. теңгенің көлемін құраған. Сондай-ақ сала нарығынан 16 пайыздық үлес алған аяқ киім өндірісі осы мерзімде 63 млн. теңгенің өнімін өндірген.
Жұмыс киімін сатып алады
Өңір билігі жергілікті жеңіл өнеркәсіп кәсіпорындарының әлеуетін арттыруға бағытталған бірқатар шараларды жүзеге асыруда. Яғни облыс аумағындағы ірі кәсіпорындарға арнайы жұмыс киімдері мен құрал-жабдықтарды өзіміздегі өндірушілерден сатып алу жөнінде ұсыныстар берілген.
– Облыстағы жұмысшыларының саны 500-ден асатын 26 ірі өнеркәсіп кәсіпорындары жыл сайын 150 мыңнан астам арнайы киім жиынтығын сатып алады, – дейді облыстық кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Ержан Шұрманов. – Ірі тапсырыс берушілердің бірі «Казцинк» ЖШС болып табылады. Биылғы жылдың қыркүйек айында аталмыш кәсіпорын кәсіпкерлер палатасымен бірлесе отырып, өнім беруші кәсіпорындарды, сондай-ақ жергілікті арнайы киім өндірушілерді шақырып арнайы киім сатып алу мәселелері бойынша диалогтық алаң өткізді. «Казцинкпен» жұмыс істейтін мердігер компаниялар да жергілікті тауар өндірушілерден арнайы жұмыс киімдері мен аяқ киімдер сатып алуға дайын. Мұндағы негізгі талаптар өнімнің сапасы мен құны болып табылады.
Бұдан бөлек, биылдан бастап өңірдегі кәсіпорындардың өндірістік әлеуетін нығайту және өнім көлемін ұлғайту мақсатында бюджеттік ұйымдарды жергілікті жердегі кәсіпорындардың тауарларымен жабдықтау ісі қолға алынды. Атап айтсақ, облыс әкімі Даниал Ахметовтің тапсырмасына сәйкес, көпбалалы және аз қамтылған отбасылардың балаларына мектеп формасын тігуге облыстық бюджеттен ағымдағы жылы 500,7 млн. теңге бөлініп, мектеп формасын дайындаумен жергілікті жердегі 16 тауар өндіруші айналысуды бастап кетті.
Инновациялық жобалар жоқ емес
Облыстағы жеңіл өнеркәсіп кәсіпорындары шеттен тасымалданатын шикізатпен жұмыс істейді. Сондай-ақ өңірде теріні илеуден, жүнді түтуден бастап, дайын өнім шығаруға дейнгі кезеңді қамтитын толық циклді кәсіпорындар жоқ. Тіпті, кезіндегі киіз басу комбинатының орнына келген «Роза – киіз басу комбинаты» ЖШС-де, «Большевичка» өнідірістік бірлестігінің базасында құрылған «Семспецснаб» ЖШС- де, «Рассвет» фабрикасы базасында жаңғыртылған «Рауан» ПКФ» ЖШС-де мұндай толық цикл қамтылмаған көрінеді.
Дегенмен аталмыш кәсіпорындар бірқатар инновациялық жобалардан да құр алақан емес. Бүгінгі таңда олар жаңа өндірістерді енгізу және жаңа өнім түрлерін игеруге бағытталған жұмыстарды жүргізуде. Атап айтсақ, «Семспецснаб» ЖШС жаңа тігін фабрикасын пайдалануға беріп, жылына 20 мың көйлек тігу өндірісін іске қосты. Бұдан бөлек, пішу цехына конструкторлық және технологиялық «Грация» бағдарламасы орнатылып, тігін бұйымдарын жасайтын трикотаж цехы іске қосылды.
Сонымен қатар «Роза киіз басу комбинаты» ЖШС аяқ киім табанын қысыммен құятын арнайы прессформа сатып алып, аяқ киімнің сегіз үлгісін шығаруды қолға алып, пима өндірісінің жаңа технологиясын игерді. Ал «УК Юнис» ЖШС жаңадан тоқу автоматтарын сатып алып, мектеп және спорттық киім тігуге ден қойды.
Түрік ағайынның ертеден кәсіп қылған тері илеуі бүгінде бұл елдің белгілі аяқ киім өндіруші мемлекетке айналуына септігін тигізді. Іргедегі алып Қытай да осы істен нәпақа тауып отыр. Соңғы жылдары Алатаудың ар жағындағы айыр қалпақты ағайын да осы кәсіпке бел шеше кіріскен сыңайлы. Теріскейде орналасқан орыс пен моңғолдың бренді бір бөлек. Екі ортада қолдағы шикізатты кәдеге жаратпай отырған қазақ қана. Күнделікті сойылған малдың терісін жерге көміп, жүнін күресінге лақтырамыз. Біреулер бұған қолдау көрсетпей отырған билікті кінәлайды, енді біреулер тым арзанға сатылатын теріні тасымалдағысы келмейді.
Десек те, бұл салаға деген мемлекеттік қолдау мүлдем жоқ емес. Кәсіпкерлік басқармасының хабарлауынша, мемлекеттік қолдау «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы шеңберінде көрсетілетін көрінеді. Қолдаудың бағыттарының бірі – гранттық қаржыландыру болып табылады.
– Облыс кәсіпкерлеріне жаңа бизнес-идеяларды іске асыру үшін үш миллион теңгеге дейінгі мөлшерде грант алу мүмкіндігі бар, – дейді Ержан Шұрманов. – Соның бірі – жеңіл өнеркәсіп. Мысалы, Риддер қаласындағы көпбалалы ана автокөліктің орындық қаптарын шығару бойынша жобаны ұсынды, Сондай-ақ өскемендік кәсіпкерлер қалыңдыққа берілетін жасау тігетін, ал бородулихалық кәсіпкерлер тоқыма бұйымдары бойынша бірқатар тың жобаларды ұсынуда. Сондай-ақ қазіргі уақытта «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы арқылы тауар өндіруші кәсіпорындарға жеңілдетілген несие беру жүзеге асырылуда. Биыл аталмыш бағдарлама арқылы 1,3 млрд. теңгеге 16 жоба мақұлданды.
***
Басқарма басшысының айтуынша, «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы аясында конкурсқа қатысып, үш млн. теңге мөлшеріндегі гранттық қолдауға ие болғысы келетін кәсіпкер жобаның 10 пайызын өз қалтасынан қаржыландырып, жаңа жұмыс орындарын құрып, кәсіпкерлік негіздеріне оқытатын курстардан өтуі міндетті көрінеді. Сондай-ақ жоба сапалы әрі жаңашыл болуы міндетті.
Азамат Темірбеков