Қоғам

Әз баба мен әулие аналарға ескерткіш қойылды

   Әз баба мен әулие аналарға ескерткіш қойылды


Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығы қарсаңында Тарбағатайда бір күнде төрт тарихи тұлғаға ескерткіш орнатылды. Осынау киелі топырақта дүниеге келген, қазақ тарихынан ойып орын алатын Бәйжігіт баба, Тоғас батыр, Мұрын мен Мақта аналарға арналған ескерткіштердің ашылуына халық көп жиналды.

Әз баба, әулие ана, ардақты ұлдар дүниеге келген Тарбағатай төріндегі салтанат ажарлы Ақжар ауылында ел анасы – Мақта апа мен Бәйжігіт баба туралы ғылыми-практикалық конференциядан бастау алды. Астана мен Алматы қаласынан келген белгілі ғалымдар мен жазушылар Орта жүздегі іргелі ел, Бәйжігіт руының анасы болған Мақта ана мен Бәйжігіт баба туралы ой-тұжырымдарын ортаға салды. Өкінішке қарай, тарихи тұлғаларымыздың әлі де толықтай зерттелмей жатқандығы рас. Болашақта тарих шежіресінде алтын әріппен жазылған тарихи тұлғаларымызды дәріптеу, тану мақсатында арнайы басылым шығарылатын болады.

Асқан ақылдылығымен еліне ұйтқы болған Байысқызы Мақта анамыз бен таңбалы тарихымызда есімі әділдігімен, ақыл-парасатымен ерекшеленген Бәйжігіт Тоқтарқожаұлының ескерткіш мүсіндерінің ашылуы қасиетті Айт мерекесімен тұспа-тұс келді. Ескерткіштің ашылуына жиналған Байжігіт ұрпақтары туған жердің тарихы мен тағылымына айрықша мән берген, өнегелі істің бастамасышы болған азаматтарға ақжарма тілектерін білдірді. Ақжардың ажарын кіргізген бұл ескерткіштің мүсіншісі – Болат Кәрібаев. Ол өзінің осынау композициясында батыр қазақтың бүгінгі ұрпағының береке-бірлігін танытып, бабаларымыздың дана дара жолын көрсетуге барын салыпты.

Аналарын ұлықтайтын ұлттың ұрпағы – тарбағатайлықтар Барқытбелдің бауырын дүбірге толтырып, Алтай мен Атырау арасындағы Бесбайыстың басын қосып, елордамыз Астананың туған күнінде Мұрын анамыздың ескерткішін де тұғырға қондырды. Алдымен аудан орталығында өткен Мұрын ана туралы республикалық ғылыми-практикалық конференцияға Тарбағатай өңірінен шыққан белгілі қоғам қайраткерлері мен ғалымдар, жазушылар қатысып, Мұрын анамыздың өмір тарихы, қайраткерлігі, парасаттылығы жайында баяндамалар жасап, пайымды ойларын ортаға салды. Мұрын анамыз жайында зерттеп жүрген белгілі ғалым, профессор М.Қарпықов Мұрын ана туралы бұрыннан жинақталған деректерге сүйене отырып, тың дүниелерді де жиналған қауымның назарына ұсынды. Ғалымның пайымдауынша, Мұрын анамыз 16-ғасырда өмір сүрген. Ұлы жүз Үйсінге кіретін Бәйдібек бидің ұрпағы болып келеді. Бәйдібек би шамамен сегізінші ғасырда өмір сүрген. Бәйдібектің тоқалы Домалақ анадан Қызай мен Жүзей туады. Қызай Қаракерейдің туысы Матай Аталыққа тұрмысқа шықса, Жүзей Байысқа шыққан деседі. Мұрын анамыздың шын аты Жүзей, кейбір дерек көздерінде Дүзей деп аталады. Десе де, ғалымның нақты пайымы Жүзей. Апалы-сіңлілі Қызай мен Жүзей ұрпақтары Арқаның қақ жартысын алып жатыр дейді тарихшылар. Байыс бабамыздың бәйбішесі Мұрын анамыз да ел басқарған, қайратты, білгір, шешен адам болыпты. Анамыздан тарихқа әйгілі талай аруақты батырлар, би-болыстар, аузы дуалы шешендер, ақын-жыраулар тараған. Кейбір тарихи деректерге қарағанда, қазақ елі патшалық Ресейге бағынған шақта Сарымырзадан тараған ұрпақ 17 болыс ел болыпты деседі. Бұл әрине, аз емес. Анамыздың зираты Астанада деседі. Сарыарқаның сайын даласындағы Бес Байыстың ұрпақтарының ендігі мақсаты – нақты жерленген орынын анықтап, анамызға мазар тұрғызу. Мұрын анамыздың ескерткішіне жиналған дүйім жұрттың алдында сөз сөйлеген аудан әкімі Ділдәбек Оразбаев ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орайластырып жасалған игі шараның маңызын атап айтып, мұндай тұлғалардың өңірімізде жетерлік екенін, жыл соңына дейін тағы да бірнеше тарихи тұлғаларымыздың ұлықталатынын, бұл біздің болашақ алдындағы парызымыз екендігін жеткізді. Анамыздың мүсінінің ашылуында алаштың талантты ақын, Тарбағатайдың тумасы Әбубәкір Қайран жырдан шашу шашты.

Найман Қаракерей- қабырғалы,
Мақтаныш марапаты нар тұлғалы.
Жалғасы –шөбересі Байыс батыр,
Ешқашан жүрген жолдан жаңылмады.
Ұлы жүз Бәйдібекпен құда болды ол,

Матасып жату үшін тамырлары, – деген ақын Оңтүстіктің Бәйдібек ауылынан, шырайлы Шымкенттен құтты болсын айта келген бір қауым елді ортаға шақырды. Ұлы анамыздың ескерткішінің шымылдығын академик Нәдірбек Әпсәлемов, жазушы Мархабат Байғұт, еліміздің рухани ұраны болған «Көк тудың желбірегені» әнінің авторы Алмас Ахметбек ашты. Міне, ұрпағына нұрлы өмір, сырлы ғұмыр тілеген әз ана тұғырында күлімдеп тұр.

Түс ауа төскейде жатқан төр ауыл аталатын Ойшілік елді мекенінде Тоғас бабаның ұрпақтары өз қаражаттары мен бабаларын тұғырға тұрғызды. Ел аузындағы тарихи деректерде, Тоғас бабамыз Есім ханның тұсында үш күн хандық билік жасаған деген де деректер бар. Ойшілік ауылының орталығында ашылған ескерткішті құттықтау сөзбен ашқан аудан әкімі Д.Оразбаев «Іргелі елдің баласына ірілік жарасады» демекші, осы ескерткішті өз қаржыларына жасап, ұрпағымен қауыштырған ауыл азаматтары мен бабаның ұрпақтарына алғысын айтты. Ескерткіштің шымылдығын суретші Еркін Нұрзахан, бабаның ұрпағы ақын Дәмеш Омарбаева ашты. Осылайша, өшкеніміз жанып, жоғалғанымыз табылғандай болды.

Қадырбек Кәкімұлы
Тарбағатай ауданы

Осы айдарда

Back to top button