Қызыл судың қаупі сейілді
Облыс әкімі Даниал АХМЕТОВ Зырян ауданындағы су тасқынының салдарын жою жұмыстарының барысымен танысып, жауапты мекемелерге тиісті міндеттер жүктеді.
Естеріңізге салайық, осыдан біраз бұрын, атап айтқанда, 27-28 сәуір күндері Зырян ауданының Бұқтырма мен Хамир өзендеріндегі су деңгейінің көтерілуі салдарынан осы өңірдегі Зубовка, Малеевка, Путинцево, Быково, Богатырево, Баяновка, Парыгино және Снегирево елді мекендерін су басып қалған болатын. Су көтерілген сәтте-ақ ауылдар мен кенттердегі мыңға жуық адам қауіпсіз аймақтарға көшірілген-ді.
Ауданға арнайы сапармен келген облыс әкімі зардап шеккен елді мекендерде болып, ондағы табиғи апаттың салдарын жою бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстарды көріп қайтты. Сондай-ақ, аймақ басшысы Бұқтырма өзенінің арнасындағы жағдаймен танысты.
Снегирево ауылында облыс әкімі жергілікті жұртшылықпен кездесіп, су басқан үйлер мен қора-жайлардың қазіргі жағдайын көрді.
– Барлықтарыңызға қолданыстағы заңға сәйкес қажетті материалдық көмек көрсетілетін болады. Тасқын қиратқан гидротехникалық және қорғаныс құрылғылары толықтай қалпына келтіріледі, – деді аймақ басшысы тұрғындармен кездесу кезінде.
Өз кезегінде ауылдастары атынан сөз алған Ирина Дрогалева қиын-қыстау кезде Зырян халқына айрықша қолдау көрсеткен шығысқазақстандықтарға алғыс айтты. Осыдан бұрын табиғи апаттың зардабын шеккен зыряндықтарға облысымыздың бірқатар ауданы мен қалаларынан гуманитарлық көмек жеткізілгенін жазған болатынбыз.
Ауданда орын алған төтенше жағдай салдарынан 273 үй ғимараты біршама зақымданғанын айту керек. Оның ішіндегі 45 үй қатты бүлініп, қалпына келтіруге келмейтіндей, жарамсыз болып қалған.
Бүгінде аудандағы жағдай оңалып, өзендер өз арналарына келді. Елді мекендердің ішіне кірген қарғын су да қайтып, адамдар үйлеріне орала бастады. Ауданда тасқын шайып әкеткен су бөгендерін, сондай-ақ, апат салдарынан айтарлықтай қираған жолдарды қалпына келтіру жұмыстары қызу жүргізілуде. Арнайы құрылған комиссия су тасқынынан келтірілген шығынның мөлшерін анықтау жұмыстарын жүргізуде.
Атап өтер жайт, республикалық бюджеттен қираған үйлер мен елді мекен көшелерін қалпына келтіруге, гидротехникалық құрылғыларды, аудандық деңгейдегі автомобиль жолдарын, көпірлер мен тюбингтерді жөндеуге қомақты қаражат бөлінеді.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі