Қоғам

Қызыл алаңдағы әскери парадқа қатысты

Қызыл алаңдағы әскери парадқа қатысты


Қазақстан Президенті Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ Мәскеуде Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 70 жылдығына арналған әскери парадқа қатысты.

Қызыл алаңдағы парадта Қазақстан Құрылық әскерлері Әскери институтының курсанттары жүріп өтті. Сонымен қатар, әскери парадқа Қазақстаннан бірнеше ҰОС ардагері шақырылды.
Мәскеудегі әскери парадқа 16 мыңнан астам әскери қызметкер, 200-ге тарта әскери техника жұмылдырылды. Шақырылғандардың арасында 30 елдің басшысы бар.
Сапар аясында Қазақстан Президенті ТМД мемлекеттері басшыларының бейресми саммитіне, Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің отырысына қатысып, Ресей Президенті Владимир Путинмен кездесті.
Сондай-ақ, Қазақстан Президенті Мәскеуде Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 70 жылдығын мерекелеу аясында бірқатар екіжақты кездесулер өткізді. Нақтырақ айтқанда, Елбасы БҰҰ Бас хатшысы Пан Ги Мунмен кездесіп, ынтымақтастықтың негізгі бағыттары, оны әрі қарай жандандыру мүмкіндіктері, сондай-ақ түрлі салалардағы бірлескен жобаларды жүзеге асыру мәселелерін талқылады. Елбасы Әзербайжан Республикасының Президенті Ильхам Әлиевпен, Венесуэла Боливариан Республикасының Президенті Николас Мадуромен, Моңғолия Президенті Цахиагийн Элбэгдоржпен, Куба Республикасының Мемлекеттік кеңесі мен Министрлер кеңесінің төрағасы Рауль Кастромен, Сербия Республикасының Президенті Томислав Николичпен, Чехия Республикасының Президенті Милош Земанмен, Оңтүстік Африка Республикасының Президенті Джейкоб Зумамен кездесті. Тараптар сондай-ақ, бірқатар перспективалы салалар бойынша, халықаралық ұйымдар аясындағы ынтымақтастықты кеңейтудің қажеттігін атап өтті.

Қазақпарат

Осы айдарда

Back to top button