Қызметтік пәтерге сұраныс көп
Облыста мемлекеттік қызметшілерге берілетін қызметтік баспананың тұрғын үй қорын құру мәселесі өткір тұр. Бұл жайында Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Шығыс Қазақстан облысы бойынша департаментінің Әдеп жөніндегі кеңесінің кезекті отырысында айтылды.
Бүгінгі таңда облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасына Өскемендегі ұйымдардан мемлекеттік қызметшілеріне қызметтік баспана бөлуді сұраған 40 хат түссе, Семейден 100 хат тіркелген.
Басқарма басшысының орынбасары А.Қайрақанованың берген мәліметтеріне сүйенсек, 2011-2016 жылдары облыс орталығында мемлекеттік қызметшілерге 347 қызметтік пәтер, Семей қаласында 57 баспана берілген. Баспаналар жекешелендіруге жатпайды. Ағымдағы жылдан бастап 620 мың шаршы метр көпқабатты үйлердің, 21мың шаршы метр жеке баспананың құрылысы жүріп жатыр. Баяндамашы барлық сұраныстарды қанағаттандыру мүмкін еместігін, бүгінде бюджеттен екінші рыноктағы баспаналарды сатып алуға қаражат бөлу мәселесі қаралып жатқанын айтты.
– Бұл – өте өзекті мәселе. Облыста мемлекеттік қызметшілерге берілетін қызметтік баспананың тұрғын үй қорын құру қажет. Бөлінген қызметтік баспаналарды комитеттердің аумақтық құрылымдарының балансына өткізіп, кейінгі жөндеу жұмыстарын солардың есебінен жүргізсе, бұл өте тиімді болар еді. Сіздер алдағы уақытта осы мәселені қолға алыңыздар, – деді Шығыс Қазақстан облысы бойынша мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің басшысы Бахтияр Камалов.
Кәмәл Естай