Қоғам

Қызметтің дені электронды форматқа көшті

«Цифрлан, онлайн бол, электронды жүйені қолдан!» Бүгінде интернеттің мүмкіндігін пайдаланып, ақпаратағынына қосылуға шақыратын осындай үндеулердің соңынан ермеске амал жоқ. Түрлі қызметтерді электронды құрылғылардың түймесін басып алатын уақытта жетті. Үйден шықпай-ақ интернет және электронды терминал арқылы мемлекеттік қызмет алуға мүмкіндік бар.

Қазір елімізде халыққа қызмет көрсетудің барлық саласын электронды форматқа көшіру ісі жүріп жатыр.Мемлекеттік органдар мен азаматтардың арасында тікелей байланыс болдырмау міндеті сәтті жүзеге асып келеді. Дәлірек айтқанда, 600-ден аса қызметтің 450-дейі электронды форматқа көшті.

«Бір терезеден» «бір өтініш» қағидатына өтуде

Цифрлық сауаттылық дегеніміз –адамның ақпараттық технологияларды күнделікті өмірде пайдалана алу қабілеті мен білімі. Адам капиталын дамыту мақсатында Елбасы бастамасымен қолға алынған бағдарлама «Азаматтарға арналған үкімет» тарапынан белсенді жүзеге асырылуда. Бүгінде кез келген құжат осы мекеменің қатысуымен рәсімделеді. Сондықтан бұл сала ақпараттық жүйенің соңғы үлгідегі артықшылықтарын енгізуді қажет етеді.

Бірер жыл бұрын біріккен үш департаменттің цифрландыру бағытындағы жұмысы бірін-бірі толықтырып отыр.

Мемлекеттік қызмет көрсетуді автоматтандыру бойынша дамыған елдердің тәжірибесіне сүйене құрылған корпорация бірнеше саланың басын біріктіріп, қызмет көрсету аясын кеңейтті. Жер кадастры және жылжымайтын мүлікті техникалық тексеру, мемлекеттік қызмет көрсету, сондай-ақ әлеуметтік төлемдерді ведомствоаралық есептеу саласындағы түрлі қызметтерді көрсетіп қана қоймай, оларды заманға сай ұдайы оңтайландыруда. Аясы кең үш саланы бір арнаға тоғыстыра отырып, олар өз міндеттерін – мемлекеттік қызмет көрсетуді үнемі дамытып келеді. Бұрын халық «бір терезе» қағидатының игілігін көрсе, бүгінде корпорация бұл бағыттыодан әрі ықпалдастыра отырып, «бір өтініш» қағидатына қол жеткізді.

Мысалы, электрондық үкімет порталында кәсіпкерлер үшін композиттік қызмет іске қосылды. Енді жеке ісін ашқысы келетін азамат үш қызметті бірден ала алады – заңды тұлғаны тіркеу, банктік шот ашу, сақтандыру туралы келісімшарт жасау. Бұл – мемлекеттік қызмет көрсету барысында «бір өтініш» қағидатын қолданудың үлгісі. Осы уақытқа дейін азамат заңды тұлғаны тіркегеннен кейін банктік шот ашып, қосымша құн салығы бойынша есепке қою үшін салық органына, содан соң сақтандыру компаниясына баратын.

Жиырма мың азамат порталды пайдалануды үйренді

Өткен жылы «Азаматтарға арналған үкімет» мамандары аудандарды аралап, электронды қызметтің жаңа мүмкіндіктерін түсіндірді. Филиалдың қала-аудандардағы фронт және бэкофистеріндегі мәселелерді анықтап, оларды шешуіс-шаралары бекітілді. Мұндағы мақсат – шалғай елді мекен тұрғындарына мемлекеттік қызметтердің қолжетімділігін қамтамасыз ету, ауыл тұрғындарының аудан орталығына жол жүру шығынын қысқарту, уақытын үнемдеу.

– Біздің назар аударғанымыз, халықты әлі де барынша ақпараттандыру керек. Үйде отырып-ақ бітіруге болатын шаруалар үшін азаматтар әлі халыққа қызмет көрсету орталықтарына келеді. Мәселен, электронды цифрлық қолтаңбаны ұялы телефонға жүктеу арқылы өзіне-өзі қызмет көрсету секторының қызметін пайдалануға болады. Осыған байланысты халықтың цифрлық сауаттылығын арттыру мақсатында облыстық әкімдік пен бірге жасалған жоспар бойынша 20 мыңға жуық азамат цифрлық дағды мен электронды үкімет порталының қызметін пайдалануды үйренді, – дейді «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы облыс бойынша филиалының директоры Азамат Есембулов.

Электрондық цифрлық қолтаңба жазбаша қолмен тең

Қазір электронды цифрлық қолтаңба (ЭЦҚ) алу барлық жұмыс істейтін адамдарға міндеттелуде.

Қарапайым тілмен айтқанда, электрондық цифрлық қолтаңба – қол қоюшы тұлғаның өзi қойған қолымен тең. Қазір мемлекеттік органдардан анықтамалар алу, мемлекеттік сатып алуларға қатысу тек электронды түрде жүргізіледі, бұл – заман талабы.

– Мен айтар едім, ЭЦҚ кілтін алу өз уақытыңызды, бизнесіңізді, тіпті өміріңізді дұрыс ұйымдастырудағы алғашқы қадам деп. Себебі, мемлекеттік корпорация адам туғаннан бастап, оның өміріндегі бүкіл кезеңдерді осы электронды кілт арқылы сүйемелдейді. Мысалы, ЭЦҚ-ның көмегімен перзентханадан шықпай-ақ барлық құжаттарға қол жеткізуге болады. Содан соң қарапайым мекенжай анықтамасын алудан бастап, дәрігердің қабылдауына жазылу, жәрдемақы мен зейнетақы төлемдерін рәсімдеу, тіпті көлік жүргізу куәлігін ауыстыру мен көлікті өз атыңа рәсімдеу, басқа да көптеген қызметті онлайн алуға болады. Белгілі бір мемлекеттік органға тікелей шығу – «Виртуалды қабылдау» да осы цифрлы кілттің көмегімен жүзеге асады.

Атап өтерлігі, электронды цифрлы қолтаңбаны алу – әр азаматтың өз еркі. Бұл қызметтегі немесе жұмыссыз адамдарға деп бөлінбейді, бәріне бірдей қолжетімді, тегін беріледі. Жеке мәліметтердің қауіпсіздігін сақтау мақсатында ЭЦҚ бір жылға беріледі. Уақыты келгенде мерзімі қайта ұзартылады, – дейді  Азамат Есембулов.

«Paper free» қағазбастылықтан құтқарады

Тағы бір жаңашылдық –қағазбастылықтан құтқаратын «Анықтамасыз қызмет» («Paperfree») сервисі іске қосылды. Мысалы, жыл сайын жаңа оқу жылы қарсаңында барлық мектеп оқушыларынан мекенжай анықтамасын сұратады, нәтижесінде миллиондаған ата-ана халыққа қызмет көрсету орталығына ағылады.

Егер «Paper free» сервисі арқылы оқу орындары электрондық үкімет порталынан қажетті құжатты сұрата алады, ал қызмет алушы, яғни ата-ана SMS-хабарлама арқылы электрондық анықтама алуға бірреттік рұқсат бергенін растап, фронт-офиске бару міндетінен құтылады.

Бұл сервисті қолдану үшін мобильді азаматтар базасына тіркелу қажет.

Азаматтардың жеке мәліметтеріне қауіп неден?

Еларасындаэлектрондықызметкеқатыстысаналуанпікірбар. Бірісенімсіздікпенқараса, біріөзуақыты мен ақшасынүнемдеп, сәттіпайдаланыпкеледі. Жеке мәліметтердіңқауіп­сіз­дігінқамтамасызету– аса ма­ңыздымәселе.

Бір ғана мысал, қазір «Ұлттық ақпараттық технологиялар» компаниясымен бірлесіп, жеке мәліметтерге қолжетімділік функциясын бұғаттау жобасы енгізілді. Әрбір электронды портал қолданушысы осы функция арқылы жеке мәліметтеріне қолжетімділікті қоса алады және жауып тастай алады. Бұл орайда тыйым салу функциясын тек жеке кабинет арқылы ғана қосуға болады. Айта кету керек, бұл сервисті қолдану үшін азаматтар ХҚК орталығына келіп, мобильді азаматтар базасына тіркелуі тиіс.

Сондай-ақ болашақта қызметтерді алуды жеңілдету үшін биометриялық деректер, яғни адамның тұлғасын растау кезінде бет келбеті мен саусақ бедері қолданылады. Азаматтарды бет әлпет, саусақ таңбасы, дауысы, көзі сияқты биометриялық мәліметтері арқылы сәйкестендіру ақпараттық технологиялар саласындағы тренд екені рас. Бұл азаматтарға жеке басын куәландыратын құжаты болмаған жағдайда қызмет көрсетуге мүмкіндік береді.

Өткен жылы облыста екі цифрлық орталық ашылды

 Облыс бойынша былтыр жыл басында Өскеменде, жыл соңында Семей қаласында цифрлық орталық жұмысына кірісті. Мұндай орталықтар Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларында тиімді қызмет көрсетуде.

Олардың ерекшелігі – толық автоматтандырылған және оларда азаматтар қызметтерді өздігінен оператордың қатысуынсыз алады. Орталықта өз-өзіне қызмет көрсету секторы – «Connection point» және арнайы стенд-павильондарда планшеттер орнатылған. Сонымен қатар мұнда азаматтардың цифрлық білімін жетілдіру сыныптары жұмыс істейді. Кезкелгенадам осы сыныптарда электронды порталмен жұмыс жасап үйрене алады.

 Биометрия әдісі Өскеменде де қолға алынады

Бүкіләлем биометрия әдісін дамытып келеді. Қазақстан да осы жобаны қолға алып отыр. Биометрия қандай мүмкіндіктерге жол ашады?

Биометрия – жалпы адамның физикалық ерекшелігін пайдалана отырып, қандайда бір көрсеткіштер бойынша азаматтардың жеке басын сәйкестендіретін тәсіл. Ол адамның бет әлпеті, саусақ ізі, дауысы болуы мүмкін.

– Біз алғашқы екеуін таңдап, азаматтар үшін еш төлқұжат пен электронды цифрлық қолтаңбасыз мемлекеттік қызметтерді қолжетімді қылу амалын ойластырдық. Алғашқы болып бұл жүйені Нұр-Сұлтан мен Алматы тұрғындары сынап көрді. Кейін биометриялық мәліметтер базасына қызылордалықтардың да өз деректерін қалдыру мүмкіндігі туды. Алдағы уақытта Өскеменде де осы жүйе жұмыс істейді, – дейді филиал басшысы.

Арнайы терминалға саусағын басқан өскемендіктер осылайша елуден астам анықтаманы ала алатын болады. Бүгінде еліміз бойынша 10 мыңнан  астам азамат ерікті түрде осы базаға биометриялық мәлі­метін қалдырған. Бұл биометрия әдісін болашақта қаржы, қауіпсіздік, коммерциялық қызметтер саласында қолдануға болады.

eGov mobile қосымшасын жүктеп алыңыз

Былтыр жыл соңында қосылған eGovmobile қосымшасын мобильді азаматтар базасына тіркелген азаматтар пайдалана алады. eGov mobile электрондық үкіметтің мобильді қосымшасы Play Market , AppStore-дан жүктеу арқылы қолжетімді. Қосымшада ЭЦҚ-мен немесе бірреттік пароль арқылы авторизациялануға болады.

eGov mobile жаңа мобильді қосымшасы ЭЦҚ-ны барынша ыңғайлы пайдалануға мүмкіндік береді. eGovmobile қолданыстағы ЭЦҚ-ны 4 таңбалы PIN-кодқа және сіздің құрылғыңыздың кіріктірілген биометриясына (Face ID, Touch ID) бекітесіз. ЭЦҚ-ны PIN-кодқа және биометрияға бір рет бекітіп, әр авторизациялану және көрсетілетін қызметті алу кезінде сізге ЭЦҚ таңдауға және пароль енгізуге алаңдамауға болады.

Қазір 31 мемлекеттік қызмет қосымша арқылы қолжетімді. Іске қосылғаннан бері облыс бойынша, яғни соңғы екі айда 11 мың адам оны өзіне жүктеп алған.

Әзірлеген – Ержан Әбіш

Осы айдарда

Back to top button