Қоғам

Қызметтің бірнеше түрін көрсетеді

Заманның қарыштап дамуы әртүрлі салалардың жаңаруына, жаңғыруына себепкер болып отыр. Сондай салалардың бірі – пошта қызметі. Бүгінгі Қазпошта тек хат-хабардың уақытылы жетуіне ғана жауапты емес, мұнда мемлекеттік қызметтердің бірнеше түрін көрсетеді, тиімді әрі жедел жұмыс істейді.

Халыққа қызмет көрсету органдарының қызметін пошта мамандарының орындауы ауыл халқы үшін өте тиімді. Ең бастысы, бұл бір құжат үшін ауылдан орталыққа жол тартуды қажет етпейді.

– Біздің қызметкерлер арқылы ХҚКО беретін қызметтерден бөлек, несиелер алуға, депозиттік счет ашуға болады. «Қазпошта» Халықты әлеуметтік қорғау министрлігімен меморандум жасасты. Нәтижесінде енді халық зейнетақы, әлеуметтік көмек, атаулы әлеуметтік көмекке қажетті карточкаларды бізден ашып, қолдана алады. Бізде көлікті сақтандыру қызметі де бар, – деп түсіндірді Глубокое аудандық пошта қызметінің басшысы Еркежан Дегембаева.

Қазір аудандағы 22 пошта бөлімшесінде 86 қызметкер жұмыс істейді. Бірақ жоғарыда аталған қызмет түрлері тек 19 бөлімде ғана көрсетіледі. Қалған үш бөлімше орналасқан ауылда интернет желісінің болмауы халыққа қызмет көрсетуге кедергі екен. Ал Предгорное ауылында жеке кәсіпкерлік франчайзинг арқылы халыққа «Қазпошта» қызметтері көрсетіліп отыр. Мұнда тек зейнетақы, жәрдемақы бермейді, газеттер таратпайды. Қалған пошта қызметінің барлық түрі бар.

Бүгінде пошта бөліміне барып 5 минуттың ішінде Қазақстанның ғана емес, әлемнің кез келген жеріне ақша аударуға болады.

«Қазпошта» Ұлттық банкке қарайтын  болғандықтан, мұнда жалақыны кешіктіру, қызметкерлерді қысқарту сынды мәселелер жоқ. Керісінше сәті түсе қалса, қызметкерлерге сыйақы беріліп, жұмыстары бағаланып отырады.

Пошта саласының дамуына атсалысуға жастар тәжірибесі арқылы келіп, мансаптары жоғарылаған талай жастар бар. Глубокое аудандық филиалға тәжірибеден өтуге келгенде, жұмысқа орналасып, өзінің еңбекқорлығының арқасында облыстық пошта басшылығынан Өскемен қаласындағы орталықтандырылған пошта бөлімі басшысының  орынбасары лауазымына шақырту алған Гүлзат Әдекова көптеген әріптестеріне үлгі.

Айта кету керек, пошташылар  Дүниежүзілік пошта күнін атап өтті. Осы мерейлі мерекеге орай, Глубокое аудандық пошта қызметінің басшысы Еркежан Дегембаева пошта саласына қатысы бар барлық әріптестерін құттықтап, поштаға келіп жүрген тұрғындарға алғысын білдірді.

Ақерке  Рағызбаева

Глубокое ауданы.

(Мақала Глубокое аудандық ішкі саясат бөлімінің тапсырысы бойынша әзірленді.)

Осы айдарда

Back to top button