Қоғам

Қызметіне жауапкершілікпен қарайды

  Қоғамдық денсаулық сақтау комитетіне қарасты ұлттық сараптама орталығының  облыстық филиалының  Катонқарағай ауданындағы бөлімі  жыл сайын жас мамандармен толығып келеді. Солардың қатарында  дәрігер-бактериолог Жарас Сапарғалиев те бар.

Болашақ дәрігер Қарағанды мемлекеттік медициналық университетінің «Қоғамдық денсаулық сақтау» факультетіне оқуға түсіп, 2016 жылы аталмыш оқу орнын ойдағыдай тәмамдап шығады. Жарас – аталмыш факультеттің алғашқы түлектерінің бірі. Дипломын алған Жарас Өскемендегі ұлттық сараптама орталығына  дәрігер-бактериолог болып жұмысқа түседі. Оның дәрігер мамандығын таңдауына  үйдегі ата-аналары себепші болыпты.

-Тоғызыншы сыныпты аяқтаған соң, әкем мен анам: «Балам, болашағыңды дәрігерлік қызметпен байланыстыр», -деп кеңес берді.  Себебі әкем Мұратбек Сапарғалиев ауылда өмір бойы мал дәрігері болып қызмет етіп келеді, анам Әлия Бұтабаева жедел жәрдем бөлімінде фельдшер болды. Одан бөлек,  екі әпкем де медицина саласын таңдады.  Өзім дәрігерлік жолды таңдағаныма ешбір өкінген емеспін, маған ақыл-кеңестерін айтып, дұрыс жолды көрсеткен ата-анама шексіз ризамын. Біздің жұмысымыздағы басты міндетіміз –  аса жұқпалы инфекцияларды,  тағамдардың, су мен ауаның қауіпсіздігін анықтау, оларға клиникалық-диагностикалық зерттеулер жүргізу. Сондықтан бұл қызмет бізден аса үлкен жауапкершілікті, нақтылықты талап етеді. Зертханадағы жұмыстарға төселіп алдық, күн сайын облыс орталығына   жұмыстардың нәтижесі туралы бірнеше есеп жібереміз, әр минутымыз санаулы, бос уақытымыз аз деуге болады.  Сонысымен де жұмыс қызық емес пе?! – дейді Жарас.

Қалада бір жыл еңбек еткен соң, жолдама бойынша жас маман туған ауданына оралыпты. Бүгінде Жарастың жалпы еңбек өтілі төрт жыл болса, соның үшінші жылын  ұлттық сараптама орталығы  облыстық филиалының  аудандағы бөлімінде  дәрігер-бактериолог ретінде өткізіп келеді.    Аталмыш мекеме басшысы, отыз жылдық дәрігерлік тәжірибесі бар  Қарлыға Сқақова да өзінің қол астындағы жас маманның  жұмысқа деген жоғары жауапкершілігін, кәсіби сауаттылығын, ұмтылысын байқап,  жоғары бағасын беруде.

– Осы бір азғантай уақыттың ішінде ол ұжымда  өзін  білімді,  ұйымдастырушылық қабілеті жоғары, қоғамдық жұмыстарда белсенді қызметкер ретінде көрсетті, – дейді Қарлыға Қадылбекқызы.

Жас дәрігер қызметінен бөлек, спортқа да бейім. Жастайынан волейболмен әуестенген Жарас Сапарғалиев бүгінде облыстық, республикалық деңгейде өткізілетін медициналық қызметкерлер арасындағы спорттық жарыстардан қалыс қалмай, қатысып отырады. Жуықта ғана Семейде өткен жарыста облыстық команда құрамында бірінші орынды иеленсе, өткен жылдары Астана мен Алматыда да командаластарымен жүлделі орындарды еншілепті. Жақында Талдықорғанда өтетін жарысқа барғалы отыр екен.

-Мақсатым – туып-өскен ауданымның гүлденіп, дамуына өз үлесімді қоссам деймін. Заман өзгеріп жатыр, өмір көшімен ілгері жүруге ұмтылуымыз керек, – дейді жас маман.

 Тимур Смағұлов

Катонқарағай ауданы.

Осы айдарда

Back to top button