Қоғам

ҚЫЗМЕТІН ТЕГІН ДЕ КӨРСЕТЕДІ

Шағын  және  орта кәсіпті дамыту  мақсатында  өткен жылдан  бері  200-ден астам  ауыл азаматтары  «Бастау» жобасы бойынша арнайы  курстардан өтіп, кәсіп көзін табуға    алғашқы қадамдарын жасады. Олардың  тең жартысы  нәзік жандар.

Солардың бірі –   Гүлнұр Ықсанқызы. Гүлнұрдың аудан  орталығынан   шаштараз  ашқанына  бес  жылдан  асты,  тарихи отанынына  оралғанына  да  осыншама жыл болған.  Қытайдағы Тарбағатай  өлкесінің  Қыстыби аймағынан  келген  ол шаштараз  кәсібін Қытай  елінде  оқып үйренген  және     елге  келген  соң  да осы кәсібін  жалғастырып  келеді. Гүлнұрдың  айтуына  қарағанда,  кәсіптің көкжиегін  кеңейту  үшін  ол арнайы  курстан  өткен.

-Қазір оқу  курсының  арқасында  көп тәжірибе жинақтадым,  шағын кәсібімді  ұлғайтуым керек.   Қазір  мен  орталықтағы  шағын  шаштаразымда шаш бояу, тырнақ  бояу және әрлеу, әйелдердің шаштарының  бірнеше  модельдерін  жаңаша  жасап  шығаруды  үйрендім.  Жақын уақытта  Алматы  қаласынан  арнайы іс-тәжірибеден өтіп,  сертификат  аламын.  Енді  осы   тәжірибемді  іске  асыру  мақсатында  жаңа  заманауи  техника  алуды  жоспарлап  отырмын.  Бірнеше бизнес  жобаларымды  кәсіпкерлікті  қолдау  қорына  жібердім,  осы қор  арқылы  жеңілдетілген несие  алып  кәсіпті кеңейтсем деймін,-дейді ол. Гүлнұр шағын  бизнестің  әлеуметтік  жауапкершілігін де  жақсы сезінеді, мектеп-интернатта  оқып  жүрген оқушылардың  шашын  тегін  қиып  береді,  сондай-ақ  тұрмысы  төмен отбасы  балаларына да  осындай  көмек  көрсетеді. Гүнұрдың  ендігі  мақсаты  болашақта  өзіне  жеке  шаштараз  орнын  ашу  болып  отыр.  Соған    ыңғайлы  ғимарат табылмауда.  Дегенмен  ауыл әкімі кәсіпкерге   қолдан  келген көмекті  жасайтынын  айтыпты.

Қадырбек Кәкімұлы

Тарбағатай ауданы.

Осы айдарда

Back to top button