Қоғам

ҚЫЗМЕТ КӨРСЕТУ САПАСЫ АРТТЫ

Биыл облыстық бюджеттің кіріс бөлігі 1 миллиард 300 млн теңгеге дейін азайып кеткен. Облыстық қоғамдық кеңестің төрағасы Владимир Головатюктің айтуынша, бұған қазіргі пандемия кезінде енгізілген шектеу шаралары басты себеп болып отыр. Облыстық қоғамдық кеңесте бұдан бөлек, өңірде құқықтық тәртіпті сақтауға, тұрғындарға сапалы мемлекеттік қызмет көрсетуге және бюджеттік жоспарлауға өзгерістер енгізуге қатысты бірқатар өзекті мәселелер қарастырылды.

Қылмыс 25 пайызға азайған

– Қазіргі карантин жағдайына байланысты адамдардың табысы азайып кетті, бұл өте ауыр жағдай. Дегенмен, облыс бұрынғы қалыпты өміріне қайтадан оралуы үшін санитарлық-гигиеналық талаптар қатаң сақталуы керек. Өкінішке қарай, біз бүгінде барлық деңгейдегі адамдардың тәртіптік жауапкершілігі төмен екенін байқап жүрміз, тіпті қарапайым бетпердені де тақпайды. Бетперде режимін сақтауды бақылауды барынша күшейту қажет. Бұл бірінші кезекте құқыққорғау органдарының жұмысы. Оларға қоғам өкілдері де көмектескені жөн, – деді Владимир Головатюк.

Осы мәселеге қатысты жауап берген жергілікті полиция қызметі басқармасы басшысының орынбасары Әсет Өтепов өңірдегі қоғамдық көліктерде, қоғамдық тамақтану орындарында, сауда нысандарында бірлескен рейдтер тұрақты жүргізілетінін жеткізді. Қазірге дейін санитарлық-эпидемиологиялық ережелерді бұзудың үш мыңнан астам фактісі тіркелген екен.

Өңірде карантин талаптарын сақтауға қатысты пікір білдірген кеңес мүшелері кеңестің алдағы отырысында бұл мәселеге тағы бір айналып соғуға, полиция өкілдерінен толық әрі нақты есеп тыңдауға шешім қабылдады.

Мұнымен бірге полиция өкілі кеңес мүшелері алдында қамаудағы азаматтардың құқықтарын сақтау, учаскелік полиция инспекторларының тұрғындармен өзара қарым-қатынасын ұйымдастыру, облыстағы криминогендік ахуал туралы да есеп берді.

– Облыс аумағында криминогендік жағдай тұрақты және қылмыс жасау 25,5 пайызға азайды, – деді Әсет Өтепов. – Атап өтсек, денсаулыққа ауыр зақым келтіруге, зорлауға, қарақшылыққа, тонауға, бұзақылыққа, бөтеннің мүлкін ұрлауға қатысты қылмыстар саны азайды. Сонымен қатар қоғамдық орындарда, рецидивті, мас күйдегі және кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыстар деңгейі де төмендеді.

Құқық қорғау органдарының жемісті жұмысының нәтижесінде қылмыстарды ашу 7 пайызға артып, оның ішінде аса ауыр және ауыр қылмыстарды ашуда айтарлықтай жоғары деңгейге қол жеткізілген. Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл бойынша да жұмыстар белсенді жүргізілуде. Барлығы 170 есірткі қылмысы анықталса, соның ішінде 141 факті есірткілік препараттарды өткізуге қатысты болған. 222 келі түрлі есірткілер тәркіленсе, оның төрт келіге жуығы психотропты заттар. Еліміздің оңтүстік өңірлерінен тыйым салынған заттарды жеткізіп келген алты арнаның жолы жабылған.

Қоғамдық кеңес мүшелері қалалық жерде көбінде тұрғындар өздерінің учаскелік полицейлерін көрмек түгілі, атын да білмейтіндігін айтып, құқық қорғау органының өкілі халыққа барынша жақын болуы, жиі кездесіп тұруы керектігін атады.

Ал күн тәртібіндегі тағы бір мәселе – арнайы мекемелер жағдайында тұтқындалған тұлғаларды ұстауға келсек, бүгінгі күнде аймақта 18 уақытша ұстау изоляторлары жұмыс істеп тұр. Қамалғандарды ұстаудың халықаралық стандарттары жағдайына барынша жақындау мақсатында мекемелердегі камераның ауданы санитарлық талаптар нормасына сәйкестендірілген. Бір адамға берілетін орын 2,5 шаршы метрден кем емес. Онда қамалғандарға өмір сүру үшін барлық жағдайлар қарастырылған.

– Қазақстанда қинаудың және өзге де қатаң қарым-қатынас пен жазалаудың алдын алу бойынша ұлттық превентивті механизм құрылған сәттен бастап облыстық полиция департаменті мен аумақтық ішкі істер бөлімдері арнайы мекемелердегі адамдар құқығын сақтауды жақсарту бойынша іс-шаралар қабылдады. Сондай-ақ мекемелерде жалпы санитарлық жағдай жақсартылды, жүйелі түрде ағымдағы және косметикалық жөндеу жүргізіледі, медициналық-санитарлық көмек көрсетіледі. Алайда, арнайы мекемеге қамалғандардың жағдайын ары қарай жақсарта түсуге қаржы тапшылығы қолбайлау, – деді Әсет Өтепов.

Оның айтуынша, туындаған мәселелерді шешу көп ретте полицейлерге қатысты бола бермейді. Мысалы, ағымдағы және күрделі жөндеуге жергілікті бюджеттен қаржы бөлінген емес. Жөндеу жұмыстары полицияның аумақтық құрылымдарында үнемделген қаржы есебінен ғана жүргізіліп келеді.

 

Қызметтердің дені электронды форматта көрсетіледі

Облыстық қоғамдық кеңесте қаралған тағы бір мәселе – тұрғындарға сапалы мемлекеттік қызмет көрсетуге қатысты болды. Ол жөнінде баяндаған «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ облыстық филиалының директоры Азамат Есенбуловтың айтуынша, облыста мемлекеттік қызметтің дені тұрғындарға электронды түрде көрсетіледі.

Филиал директорының сөзінше, ағымдағы жылдың мамыр айынан бастап тұрғындарға қызмет көрсету бөлімдерінде құжат қабылдау тек электронды форматқа көшірілмеген мемлекеттік қызметтер бойынша ғана жүргізіледі. Қазіргі кезде бұлардың саны – 106 қызмет. Бірақ соған қарамастан, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының» қызметкерлері корпорация көрсететін барлық қызметтер бойынша қажетті кеңестерді толық көлемде беріп келеді.

Бұдан бөлек, электронды үкімет веб-порталы арқылы көрсетілетін мемлекеттік қызметтерді көпшілікке түсіндіру жұмыстары тұрақты негізде жүргізіледі. Қазіргі кезде оны жетілдіру көрсетілетін қызметтердің барлық санының 80% пайызын құрайды. Бұл өз кезегінде мемлекеттік қызметтің нәтижесін рәсімдеуді және күту уақытын барынша қысқартады.

– Шалғайдағы елді мекендерге шығатын мобильді ХҚКО-лар былтыр 22 мыңнан аса қызмет көрсетті, ал биылғы көрсеткіш 13 мыңға таяу. Өткен жылы денсаулығына байланысты мүмкіндігі шектеулі жандарға тұрғылықты жеріне бару арқылы 1500 қызмет көрсетілді. Биылғы сегіз айда да соншама қызмет көрсеттік. Ерекше атап айтарым, өзіміздің ХҚКО-да да мүгедектіктің түрлі дәрежесіндегі 61 қызметкер жұмыс істейді, – деді Азамат Есенбулов.

Жиында халыққа мемлекеттік қызмет көрсетуге қатысты сөз алған кеңес мүшелері бұл бағытта атқарылып жатқан жұмыстарды жоғары бағалап, бұл өз кезегінде қоғамның аталған мемлекеттік институтқа деген сенімін нығайта түсетінін атады. Сондай-ақ осы салада еселі еңбек етіп жүрген мүмкіндігі шектеулі жандарды БАҚ арқылы әйгілеп, көтермелеу керектігін жеткізді.

Жиында облыстық қоғамдық кеңестің құрамына өзгерістер енгізіліп, қырықтан астам нормативтік құқықтық актілердің жобасы тыңдалды, сәйкесінше олар бойынша тиісті шешімдер қабылданды.

Дәурен Аллабергенұлы

Осы айдарда

Back to top button