Қыздар басым түсті

Өскеменнің өрендері әскери сыннан өтті. Бұл іс-шара Ауған соғысының аяқталуына 30 жыл толуына орайластырылды.
– «Жарқыл-Зарница» – бұрыннан келе жатқан әскери ойын. Біз оны қалада 2012 жылы қайта жандандырдық. Мұнда мектеп қабырғасында әскери пәнді оқитын оқушылар сайысады. Өткізу орнына әр жылы әр жерді таңдаймыз. Мәселен, былтыр «Қазақстан» тауында болды. Тауда жүгіру қандай қиын екенін бәріміз білеміз, – деді Ауған соғысы ардагерлерінің қалалық ұйымы төрағасының орынбасары Олег Фролов.
Сайыс биыл қаладағы №11 мектептің ауласында жауынгерлік жарыс түрлерінен өтті. Бұған әр топқа жеті-сегіз мектептің жасағы біріктірілген оннан аса команда түсті. Олег Фроловтың сөзінше, былтырғымен салыстырсақ, жарыстың өткізілуіндегі ерекшелік – осы.
– Қыз балаға ұлдармен қатар сынға түсу қашан да оңай болмаған. Десе де Гауһар, Әлия, Мәншүктей батырлардың ізбасарлары барын салатынына күмән жоқ. Келешекте ерлермен қатар сапта тұратын ел қорғандары осы жерде жүр, – дейді №15 мектептен келген жауынгер қыз Ерке Ерғали.
Қонақ ретінде қатысқан әскери лауазым иелерін сайыстың ашылуында №4 мектептің патриоттық клубының мүшелері дайындаған қойылым бір сүйсіндірсе, қыздар жағының мылтықты шапшаң шашып, қайта жинауы таңдай қақтырды. Иә, осы кезеңде қыздардың басымырақ көрінгенін несін жасырайық.
Тасқын Болатұлы