Руханият

Қыз баланың тәрбиесі ине мен оймақтан басталады

Қыз баланың тәрбиесі ине мен оймақтан басталады


Байболат Дәлентаевтың тас қашап, әртүрлі қолөнер бұйымдарымен айналысқанына он жылдың жүзі болды.

Қыз баланың тәрбиесі ине мен оймақтан басталады

– Менің арғы атам да көк жаңқа тасты кәдеге жаратқан шебер ұста болыпты, сондықтан бұл өнер маған бөтен емес. Кейіннен бойымдағы өнерді шыңдау мақсатымен арнайы шеберлерден сабақ алдым. Ырқыңа көп көне бермейтін қолөнердің бұл түрінің машақатын сұрамаңыз. Шаң-тозаң, қойшы, әйтеуір, бәрі бар… Кей кездері тас іздеп алыс сапарға шығып кететін күніміз де жоқ емес, – дейді хас шебер.

Иә, осындайда халқымыздың «Өнерлінің қолы алтын» деген даналық сөзі ойға еріксіз оралары хақ. Тастың қаттылығын ескерсеңіз, шебердің қолынан шыққан әшекей бұйымдарға қалайша қайран қалмайсыз?! Халқымыздың кенжелеп бара жатқан өнерін қайта жаңғыртып, дүйім жүртқа паш еткен ұстаның бұл еңбегін кім ерлікке бағаламас?

Шынымен де, облыстық сәулет-этнографиялық және табиғи-ландшафтық мұражай-қорықтың іші бүгін өзгеше. Әр ұлт өкілінің ұлттық нышаны бейнеленген түрлі қолөнер бұйымдарының барлығы осы қара шаңырақтың қабырғасында тұр.

Қабырға демекші, мұражайдың сол жақ қабырғасы қазақы ұлттық оюмен толыққан екен. Әсіресе бізді елең еткізгені Мұхаметбек Сайланның қолынан шыққан төркөрпе болды. Аса шеберлікпен тігілген төркөрпені бір күнде тігіп аяқтайтынын айтты ісмер.

– Кесте, сырмақ, тоқыма тоқу – менің бала күннен бергі айналысып келе жатқан күнделікті жұмыстарымның бірі. Кестешілік менің нағашы апамнан дарыса керек. Ол өте ісмер кісі болған екен. Қазір Ұлан ауданы, Гагарин ауылындағы орта мектепте технология пәнінен оқушыларға сабақ беремін. Меніңше, қазақтың әрбір қызы қолына ине мен оймақ ұстап, іс тіге білгені жөн. Ұлтымызда қыз баланың тәрбиесі осы ине мен оймақтан басталады, – деп сөзін түйіндеді кестеші.

Бұл «Ұлы дала мұрасы» атты көрме «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында, қолөнершілер орталығының 10 жылдық мерейтойы қарсаңында өтіп жатқандығын айта кетейік.

– Қолөнершілердің ресурстық орталығы 2008 жылы мұражай-қорықтың жанынан құрылған болатын. Содан бері орталық мүшелерінің қатары жыл санап артып келеді. Олар осы уақыт аралығында үлкен шығармашылық жолдан өтті. Аймағымыздағы халықтық қолөнерді дамытуға айтарлықтай үлес қосты. Қолөнершілер бүгінгі көрмеге аймағымыздың түкпір-түкпірінен бұйымдарын алып келді. Атап айтқанда, Көкпекті, Ұлан, Катонқарағай, Алтай аудандары мен Семей қаласынан ат арытып келді. Өскемендіктерді айтпасақ та белгілі, – деді мұражай-қорықтың директоры Медет Нұрғалиев.

Таунар Қайрат

Осы айдарда

Back to top button