Қоғам

Ювеналды сот балалар құқығын қорғайды

Ювеналды сот балалар құқығын қорғайды


Семейдегі Ювеналды соттың бес жылдығына орай дөңгелек үстел өтті. Оған Судьялар одағының облыстық филиалының төрағасы Ғалия Алипанова, облыс судьялары, қоғамдық ұйымдар мен оқу орындары және басқа да мемлекеттік органдардың өкілдері қатысты.

– Кәмелетке толмағандарға қатысты сот төрелігі жүргізілгенде Ювеналды сот балалардың мүдделері мен құқығын қорғайды. Бүгінде Ортаазиялық мемлекеттердің ішінде тек Қазақстанда 19 Ювеналды сот жұмыс істеуде. Оның екеуі Шығыс Қазақстанда, – деді облыстық №2 кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының төрағасы Ринат Миратұлы.

Облыстың жеті ауданы мен екі қаласы Семейдегі Ювеналды сот құрамында. Олар: Абай, Аягөз, Бородулиха, Жарма, Бесқарағай, Көкпекті, Үржар аудандары мен Семей, Курчатов қалалары. Бес жыл ішінде аталмыш сотта 380 қылмыстық, 1350 азаматтық, 2530 әкімшілік іс қаралған.

Сондай-ақ, алғаш облыс көлемінде медиация заңымен ашылған татуласу бөлмесі де Семейде. Соның алқасында көптеген адамдардың дауы сотқа жетпей, бітімгершілікпен шешілуде.

Шарада (ЮНИСЕФ) БҰҰ Балалар қорының халықаралық сарапшысы, психология профессоры И.Мацкеевич «Балалар құқығын қорғаудағы халықаралық келісім. Ювеналды соттың қызметіндегі психологтың рөлі» атты баяндама оқыса, Өскемен қаласының мүмкіндігі шектеулі балаларды оңалту орталығының директоры О.Батуова: «Мүгедек балалардың құқығы мен мүдделерін қорғау», Мүмкіндігі шектеулі балаларды оқыту-тәрбиелеу орталығының өкілі М.Шерубаева «Балалардың құқығы мен мүдделерін қорғаудағы Ювеналды соттың рөлі», Өскемен қаласы Балалар үйінің директоры Г.Даниярова «Ата-анасының қамқорынсыз қалған балаларды асырау», және басқа да тақырыптарда баяндамалар оқылды.

Жиын соңында семейлік сот ұжымын құттықтап, алғыс хаттар табысталды.

Тасқын Болатұлы

Осы айдарда

Back to top button