Руханият

«Юрмалаға» жолдама алды

 «Юрмалаға» жолдама алды

Қазіргі кезде өскелең ұрпақты өнерге баулу, балалар шығармашылығын дамыту мақсатында республикалық деңгейде көптеген жобалар іске асырылуда. Солардың бірі – республикалық «Әнші балапан» балалар шығармашылығының байқауы. Жақында осы байқаудың биылғы маусымы өз мәресіне жетіп, оған Бородулиха ауданының өнерпаздары да қатысып қайтты.
Республикалық доданың шешуші сәтінде ауданымыздағы үлгілі ұжымдардың бірі – «Айналайын» ән-би ансамблінің жас таланттары сахна төріне шықты. Лаура Оразғалиқызы жетекшілік ететін «Айналайын» ансамблінің бұған дейінгі жетістіктері де баршылық. Ал осы жолғы жеңістері – ауыз толтырып айтуға боларлық нәтиже.
Өнер сайысына үш музыкалық нөмір ұсынған өнерпаздар іріктеу бөлімінен сүрінбей өтіп, Алматы қаласындағы Ұйғыр театрында гала-концертте өнер көрсетіп, жұртшылықтың қошеметіне бөленді. Сахна төрінде «Өрнектер» және «Калинка» нақышына бабына келтіріп орындап шыққан бишілер тобында Бородулиха қазақ орта мектебінің оқушылары Аружан Сағаткенова, Нарғыз Шалкеева, Инара Саякина, Алема Садықова, Сабина Байғазинова, Даяна Торыбаева, Раушан Серікбаева, Радмина Байзақова, Н.Островский атындағы орта мектептің оқушысы Динара Шілдебаева болды. Төккен тер, үздіксіз дайындықтар мен үміт ақталып, ауданымыздың бишілер тобы І-ші дәрежелі дипломмен марапатталды. Вокал бойынша өнер көрсетіп, сахнаға «Ізін көрем» әнімен шыққан Баянсұлу Сағындықова да өнерсүйер қауымды тәнті етті. Әнші қызымыз осы байқаудың ІІ-ші дәрежелі дипломын иеленіп, ауданның, тіпті облыстың0 мерейін өсірді.
«Әнші балапан» балалар шығармашылығы байқауында татар театрының әншісі Гуля Төлегенова, осы театр әншісі Ділшат Ахмадиев, диджей-музыкант, кәсіби жүргізуші Роман Альманский, Қахақстанның еңбек сіңірген әншісі Гүлнар Саитова, «Әнші балапан» қоғамдық қорының президенті Роза Джанчурина қазылық жасап, жер-жерден келген өнерпаздардың өнерін оң бағалады. Солардың ішінде жүлделі орындарды қанжығалаған біздің бишілеріміз бен әнші қызымызға қазылар алқасы шілде айында Ресейдің Ленинград қаласында өтетін «Юрмала» байқауына жолдама берді.

А.Тлеуғазин
Бородулиха ауданы.

Осы айдарда

Back to top button