Юлия Галышева – Әлем чемпионы!

Фристайлдың могул түрінен АҚШ-тың Парк-Сити қаласында өткен Әлем біріншілігінде жерлесіміз Юлия Галышева үздік нәтиже көрсетіп, тұғырдың ең биік сатысына көтерілді.
Айта кетейік, бұл – Юлияның Әлем чемпионаттарындағы алғашқы жеңісі. Финалда Галышева 79,14 ұпай жинап, австралиялық Джакара Энтони (78,99 ұпай) мен Олимпиада чемпионы, франциялық Перрин Лаффонның (78,70) алдын орап кетті.
– Бұл алтынға қол жеткізу үшін жылдар бойы тер төгуге тура келді. Бүгін сол еңбегімнің жемісін көріп отырмын. Маған ерекше күш-жігер берген бапкерлер құрамы мен әріптестеріме, жақындарыма алғыс айтамын, – деді жарыстан кейін сұхбат берген Юлия Галышева.
Дәл осы күндері Парк-Ситиде ерлер арасында да жарыс өтіп, бұл сында ең тәуір нәтижені Павел Колмаков көрсетті. Жұптық могул сайысында жерлесіміз өз спорттық мансабындағы ең үздік көрсеткішке (жетінші орын) ие болды. Еске сала кетейік, ұлттық құрама көшбасшыларының бірі Дмитрий Рейхерд жарақатына байланысты Әлем чемпионатына қатыса алмай қалды.
Сәрсен Қабылым