Қоғам

Юлия ГАЛЫШЕВА: – Қазақстаннан кету ойымда жоқ

Юлия ГАЛЫШЕВА: - Қазақстаннан кету ойымда жоқ

Ол 2008 жылы Францияның Мерибель тау курортында өткен фристайлдан әлем кубогында жеңімпаз атанып, айды аспанға шығарған болатын. Бұған дейін шетелдіктер тұрмақ, өз еліміздің спортсүйер қауымы танып үлгермеген 18 жасар балауса қыз нағыз ерлік жасап, кіл мықтылардың арасынан ойып тұрып орын алған-ды. Содан бері біраз уақыт өтсе де, ол сол бір биік тұғырдан түскен емес. Жақында Испанияның Гранада қаласында өткен қысқы Универсиадада могулдан әйелдер арасындағы жарыста алтын медальға ие болып, тағы бір мәрте мықтылығын дәлелдеді. 8-наурыз мерекесі қарсаңында біз талантты фристайлшы, бірнеше ірі халықаралық жарыстардың жүлдегері атанған жерлесіміз Юлия Галышевамен сұхбаттасқан едік.

Қазақстаннан кету ойымда жоқ

Юлия ГАЛЫШЕВА: - Қазақстаннан кету ойымда жоқ

– Юлия, қазір немен айналысудасыз? Алдағы уақытта қандай жарыстарға қатысу ойыңызда бар және дайындық барысы қалай?
– Қазіргі уақытта Алматыдамын. Алда жарыстар көп. Солардың бірқатарына қатысуды жоспарлап отырмыз. Ал дайындыққа келетін болсақ, спортшы болғандықтан оқу-жаттығудан қол үзбейміз ғой. Сондықтан алдағы жарыстарға әзірлігім ойдағыдай деп ойлаймын.
– Осыдан біраз бұрын Финляндияның Рука деген жерінде өткен әлем кубогының кезеңінде жеңімпаз атанғаныңызды білеміз. Жеңіске жету қаншалықты қиын болды?
– Бұл жарысқа әзірлікті былтыр жазда бастап кеттік. Соңғы сәтсіздіктеріме байланысты маған бапкер ауыстыруға тура келді. Жаңа жаттықтырушыларым өткен жарыстарда жіберген қателіктеріме мұқият талдау жасай келе, маған жаңа оқу-жаттығу бағдарламасын әзірледі. Осыдан кейін мен Алматыдағы оқу-жаттығу базасында дайындала бастадым. Туған қалам – Өскеменде, өкінішке қарай, мұндай инфрақұрылым жоқ. Қазір білікті бапкер, еліміздің еңбек сіңірген жаттықтырушысы Борис Тетериннің қол астындамын. Сондай-ақ, демеушілердің қаржыландыруы арқылы Чехиядағы арнайы су тұғырында дайындалып қайттым. Психологиялық тұрғыдан да өзімді жайлы сезіндім. Бір сөзбен айтқанда, Финляндиядағы жарысқа сақадай сай келдім. Осының бәрі жарыста жақсы нәтиже көрсетуге жол ашты.
– Бұқаралық ақпарат құралдарында төрешілердің қаралығына толы Сочи Олимпиадасынан кейін спортты тастайтындығың жайында көп әңгіме айтылған еді. Спортта қалғанның өзінде сенің ел құрамасынан кетуге, азаматтығыңды ауыстыруға ниетті екеніңді де айтқандар бар. Сол қаншалықты рас?
– Мен ешқайда кеткен жоқпын, ондай ойым да жоқ. Рас, маған шетелдіктер, әсіресе, канадалықтар тарапынан азаматтығымды ауыстырып, сол елдің атынан өнер көрсетуге ұсыныс жасағандар болды. Алайда, өздеріңіз көріп тұрғандай, жарыстарда Қазақстан туының астында өнер көрсетіп жүрмін. Сондықтан бұл – бос сөз. Тек құрамадан кеткенім, бапкер ауыстырғаным шындық. Бұл – Сочи Олимпиадасынан кейін қабылданған шешім. Қазір жарыстарға демеушілердің есебінен барып жүрмін.
– Сочи Олимпиадасына көңіліңіз толмайтын сияқты. Жетінші орын жаман нәтиже емес қой…
– Әрине. Негізі, үш пен алтыншы орынның аралығында болам деген жоспар бар еді. Оны жүзеге асыруға сәл ғана жетпей қалды. Бірақ жетінші орын да жаман емес деп ойлаймын. Тек төрешілердің бағалауы сәл әділетсіздеу болып көрінуі мүмкін. Себебі, жарыстан кейін бізге тіпті өзге елдердің жаттықтырушылары келіп, менің жетінші орыннан жақсы нәтиже көрсеткенімді айтып жатты.

Жылдамдық атаулыны жанымдай жақсы көремін

Юлия ГАЛЫШЕВА: - Қазақстаннан кету ойымда жоқ

– 8-наурыз – көктем мерекесінде қандай сыйлық алғыңыз келеді?
– Әйел заты нені қалаушы еді? Біз де соны қалаймыз ғой (күледі). Әрине, гүлдер, қымбат сыйлықтар, тағысын тағылар.
– Спорттан бос уақытыңызда қандай істермен шұғылданғанды ұнатасыз?
– Отбасыммен, жақындарыммен бірге болғанды ұнатамын. Сондай-ақ, ішінде түрлі ғимараттары бар шыныдан жасалған шарлар жинауға әуеспін. Кез келген өзім құралпы жастар сияқты ғаламтордағы әлеуметтік желілердің көмегіне жиі жүгінемін. Тағы бір айтайын дегенім, жылдамдық атаулыны жанымдай жақсы көремін. Сондықтан көлік жүргізуге құштармын. Спортқа да осы жылдамдықты жақсы көргендігімнен келдім бе деп ойлаймын кейде.
– Қандай арманыңыз бар?
– Спортшы болғандықтан, Олимпиада чемпионы атанғым келеді. Тіпті, мұндай үлкен жарыста жүлдегер атанудың өзі бақыт қой. Сіздерге айтайын, мен Азия ойындарының екі алтын медалін Олимпиаданың бір жүлдесіне ойланбастан айырбастар едім.
– Алдағы жоспарларыңыз туралы айта кетсеңіз.
– Жоспар көп. Ең алдымен, алдағы әлем чемпионатының финалында жақсы өнер көрсетуім керек. Өйткені, мен үшін өзімді әрдайым қолдап келетін жерлестерімнің үмітін ақтау өте маңызды. Жарыс жолына шыққан мезетте, трибуналарда көк туымызды көргенімде, ерекше рухтанып, қанаттанып қаламын. Әзірге, осы жарысты өткеру қажет. Содан кейін ғана қай бағытта әрекет ету керектігін шешетін боламын.

Сұхбаттасқан – Нұржан Кенжеұлы

Осы айдарда

Back to top button