Қоғам

Қытымыр қыстан қашып…

Қараша мен желтоқсан айларында облыс аумағындағы жолдарда абайлап жүріңіз, өйткені бұл аралық сібір елігінің қысы қытымыр аумақтан аязы аз, қары жұқа қыстауға көшетін мезгілі. Орталық Алтайдан Қалба сілемдерін бетке алып, ерке Ертіс пен Үлбіні малтып өтетін сібір елігі жүздеген шақырымды артқа тастап, Көкпектінің қорғалған аумағы Құлынжонға табан тірейді. Мыңдаған жылдар бойына жалғасып келе жатқан құбылыс жайын біз белгілі өлкетанушы, орнитолог-ғалым Борис Щербаковтан сұраған едік.

Ерке Ертісті малтып өткен

Біз ерекше көрініске кезекті іссапарлардың бірінде куə болған едік. Жаяу адамның бес қадамын бір-ақ рет орғитын тұяқты жануардың жыл сайын осы мезгілде қысы жайлы қыстауға қарай ойысатынын осыған дейін де көнекөз қариялардан еститінбіз. Белгілі өлкетанушы Борис Щербаков бұл жануардың сан ғасырлар бойы Алтай мен Қалба төскейінде емін-еркін мекендегенін айтады.

– Сібір елігінің қыстайтын аумағы дəл осы жер деп дөп басып айту қиын, – дейді Борис Васильевич. – Өйткені оның қыстайтын аумағы өте кең. Ресей аумағында орналасқан Орталық Алтайдан оңтүстік-батысты бетке алатын тұяқты жануар Батыс Алтай қорығындағы Коксин жəне Қоржынтау сілемдерінің арасындағы даланы басып өтіп, Иванов қыраттарын, одан əрі Үлбі сілемдеріне шығады. Бұқтырма және Өскемен су электр станциялары салынбай тұрған уақытта жан-жаққа шашыла қозғалатын жануарлар табынының бір бөлігі Өскемен қаласының іргесіндегі Аблакет ауданының маңында Ертіс өзенін малтып өтеді. Өйткені бұл жер сол кезде қайраңы көп таяздау болған. Жалпы, адамзаттың жауыздығында шек бар ма? Өзеннің аталмыш бөлігінде патшалық Ресей кезінде орыс-казактар арнайы қоршаулар қойып, араларына шұңқырлар қазып қоятын. Малтып жағаға шыққан жануарлар амалсыздан қоршауларды жағалап, қақпаны көп тар есіктерге ұмтылатын. Біразы қазылған шұңқырға түсіп, қалғаны сапарларын әрі қарай жалғастыратын. Жабайылықтың осындай түрімен орыс-казактар сол кезде елікті мыңдап қырған екен. Аман шыққан еліктер Қалба сілемдеріне шығып, ары қарай Самар өңірін басып өтіп, Көкпекті ауданының аумағындағы Қызылқұм мен Құлынжонға табан тірейді.

Қорық қалай құрылды?

1970-інші жылдары жергілікті зерттеушілер аталған аумақтарда бір уақытта екі мыңға жуық еліктің қыстайтынын тіркеген екен. Сібір елігінің осыншама көптеп қыстайтын аумағын байқаған өңір ғалымдары олардың тұрақты түрде көбеюіне жағдай жасау үшін Көкпекті аумағында Құлынжон қорықшасын құруды ұсынған.

– Құлынжон қорықшасы 10 жыл мерзімге құрылған болатын, – деп сөзін жалғады Борис Щербаков. – Аталмыш мерзім аяқталған соң, мені шақыртып, сол өңірді бір аралап қайттық. Бұқтырма су қоймасының жағасында 140 шаршы шақырым алқапты алып жатқан Құлынжон қорықшасын аралап, қорғалуға жататын аумақтың мерзімін ары қарай созу жөнінде шешім қабылдадық. Ол кезде бұл жерде елік жаз мезгілінде де қалып қоятын. Қамыс арасын құр мен жабайы қабан мекендейтін. Жейтін тамағы болған соң, қасқыр да көп болатын. Қазір ол жерде ең көп дегенде 500 елік мекендейтін шығар.

Бүгінде мекен ететін аралы тарылып бара жатқан жануарға, шынымен де, қосымша қорықшалар құру қажет. Сібір елігінің қары қалың, қысы қытымыр келетін Батыс Алтайдан уақытша ауып, қары жұқа, қысқы тебіні жайлы Қалба мен Күршімнің, Нарын мен Тарбағатайдың, одан әрі Сауыр мен Сайханның қырқаларын жайлайтын әдеті. Бір кездері ауыл шаруашылығын жүргізуге кері әсерін тигізеді деп табиғатқа қатысты талай істі кейінге қалдырған Шілікті даласының, микроклиматы бөлек Маңырақтың, тіпті қамысы қалың Бұқтырма су қоймасы мен Зайсан көлінің маңайлары осындай жобалар үшін таптырмайтын аумақтар екені белгілі. Ендеше, не себепті жері жайсаң Шығыстың осы тектес аумақтарын игілікке жаратпасқа?

***

Бүгінде аңшылық салдарынан Алтайдың елігі құрудың аз-ақ алдында қалғанын тілге тиек еткен ғалым олардың қыстайтын аумағын кеңейтпесе болмайтынын айтып отыр. «Табиғаттың өзі реттейтін кейбір аң түрлерін біз өзіміз реттеуге тырысамыз. Міне, осыдан бастап адамның жауыздығы басталады. Миллиондаған жылдар бойына қалыптасқан тіршілікті əп-сəтте көзден ғайып қыламыз», – дейді ғалым.

 Борис Щербаков: – Бірде Өскемен қаласындағы аңшылар форумында мынадай қызық жай орын алған болатын. Даурыққан аңшылар бір маусымда 700 елікті атуға лицензия беру туралы шешім қабылдаған еді. Мен ол кезде біздің өңірде мұншалықты еліктің бір жерде шоғырланбайтынын айтып шыр-пыр болғаным бар.

Сібір елігі – дене тұрқы 120-160 см, шоқтығына дейінгі биіктігі 75-100 см, салмағы 30-55 кг. Құйрығы өте қысқа. Ешкісі мүйізсіз, текесі мүйізді жануардың аяқтары жіңішке әрі ұзын болып келеді. Қыста түгінің түсі қоңырқай сұр, жазда жирен, жас лақтарының түгінде ашық түсті теңбіл дақтары болады. Сібір елігі Қазақстанның Талас, Іле, Жетісу (Жоңғар) Алатауында, Батыс және Орталық Тянь-Шаньда, Қаратауда, Тарбағатайда, Сауырда және Оңтүстік Алтайда кездеседі.

Жеміс-жидек, мүк, қына және шөптесін өсімдіктердің жүзге жуық түрімен қоректенеді. Жазда жеке-жеке, ал басқа кезде топталып жүреді. Бір жарым жасында лақтайды. Шілде-тамыздан бастап 9 ай көтеріп, бір-екі, кейде үш лақтан туады. Лақтарын 6-8 ай сүтімен қоректендіреді. Ешкісі 11-12, текесі 16 жылдай тіршілік етеді. Кәсіптік маңызы бар жануардың бұл түрі еті мен терісі үшін арнайы рұқсатпен ауланады.

Еліктер жайлы қызықты дерек

Мамандардың айтуынша, еліктер жылдың суық мезгілі басталысымен 4-тен 10 басқа дейін топталып, бірге жайылады. Ал көктем туып, күн жылынған кезде жалқы, кейде екіден көзге шалынады. Ұрғашылары жалқы, негізінен егізден лақ табады. Үшеу туатындары да кездеседі. Туған лақтарын қалың бұта мен шалғын жерге жасырып тастайды. Мамыр-маусым айларында тек текелері ғана көзге түсіп, ешкілері төлдеуіне байланысты жасырынып жүреді. Ал жаңа туған лақтары болса, тырп етпестен жасырынған жерлерінде жатады. Енесі одан алыс кетпей, сол маңды айналшықтап жүреді де, тек емізу үшін келіп, қайтадан жылыстап қауіпсіздікті сақтап отырады. Мамандардың айтуынша, еліктің тағы бір ерекшелігі лақтарын қашып жүріп емізетіндігінде екен. Бұл, бірінші кезекте, үш лақ туған еліктің төлдерінің барлығын бірдей тойдыру үшін жасайтын амалы көрінеді. Елік лақтарын емізуге келгенде бірден лағына бармай, сол аймақта ары-бері жүріп, шиқылдаған дыбыс шығарады. Сол мезетте ғана лақтары орнынан тұрып, енесіне қарай жүгіреді. Бір айта кетерлігі, елік лағының жасырынған орнынан қозғалмай жататындығы, тек анасының берген дыбысына ғана тұрып әрекет етеді.

Азамат Темірбеков

Осы айдарда

Back to top button