Қоғам

Қытымыр қысқа әзірміз бе?

Қытымыр қысқа әзірміз бе?


«Кәрі құдаң – қыс келіп әлек салды» деп Абай жырлағандай, Шығыстағы қытымыр қыстың әуресі мен азабы аз емес. Боран соғып, аяз қысса жолдар жабылып, жолда қалған жолаушылар көбейді. Жыл сайын жол кәсіпорындары «биыл қыс қатты болады» деп ерте бастан қамданады. Биыл да жолшылар әзірлікті ерте бастаған. «ОблШығысЖолдың» дайындығы жаман емес секілді, дейтұрғанмен бәрі де нақты істе сыналады…

Семейдегі аспалы көпірді жөндеді

Жылдың басында «ОблШығысЖол» кәсіпорны «Элхон» ЖШС-нің сенімді басқаруына берілген болатын. Содан бері ондағы жұмысшылар саны 436-дан 454-ке дейін көбейген. Кәсіпорын облыстағы 3186 шақырым жолды күтіп-ұстауға міндетті. Биыл облыс қазынасынан жолдарды күтіп-ұстауға 2 миллиард 802 миллион теңге бөлінген екен. Алғашқы сегіз айдың ішінде оның 2 миллиардтан астамы игеріліпті.

– «ОблШығысЖол» коммуналдық мемлекеттік кәсіпорны жыл басынан қыркүйек айына дейін жоспар бойынша 352 шаршы метр жолға ағымдағы жөндеу жүргізген, бұдан бөлек жол белгілері мен қауіпті жол жиектеріне қоршаулар орнату, асфальт бетіндегі жарықшақтарды бітеу, жол шетіндегі бұталар мен шөптерді қырқу сияқты бірқатар жұмыстарды жүргізген, – деп мәлімдейді кәсіпорын мамандары.

Семейдегі аспалы көпірдің жұмыстары да кәсіпорынға тиесілі. Биыл көпірге ағымдағы жөндеу жүргізіліп, беті құм мен топырақтан тазартылған.
Сондай-ақ кәсіпорын «Элхон» серіктестігімен бірге Өскемендегі Сәтпаев даңғылын салуға атсалысып жатыр. Осы жылы Семей – Қарауыл жолының 59-71 шақырымы, Дмитриевка – Бородулиха – Шемонайха жолының 0-7 шақырымы, Көкпекті – Самар – Васильев өткелі жолының 10-30 шақырымы, Кеңгірбай би ауылына кіреберіс жолдың 0-3,3 шақырымы орташа жөнделді, қазір Жұлдыз ауылына кіреберіс жол жөнделуде. Сонымен бірге, Алтайка – Чапаев жолындағы Крестовка өзенінен өтетін көпір күрделі жөнделіп жатыр.

Кәсіпорын ұжымы мен жұмыс беруші арасындағы келісімге сәйкес жұмысшыларға сауықтыру төлемдері, материалдық көмек, жұмыс өтілі үшін төлем, сыйақылар төленіп келеді. Барлық желідегі еңбеккерлер арнайы киіммен және аяқ киіммен, қорғаныс құралдарымен қамтылған. Тұрмыстық жағдайларын жақсарту мақсатында асхана, тұрмыстық бөлмелер, қонақүй ұйымдастырылды. Сондай-ақ кәсіпорын есебінен жұмысшыларға көмір мен шөп тасу үшін тегін көлік ұсынылады.

Өңірдегі төрт жылыту бекеті сақадай-сай

Қысқа әзірлік те ойдағыдай. Кәсіпорынның 102 бірлік техникасының 92-сі (90 пайызы) сақадай-сай. Қыста жолдарда 15 грейдер, 13 жүк көлігі, бес бульдозер, бес Урал қар күрегіші, екі ДТ-75 қар күрегіші, 27 трактор, 16 тиегіш, төрт КамАЗ құмсепкіші, бес К-700 тракторы жұмыс істейтін болады. Олардың жүру схемалары әзірленіп, бекітілген.

– Өміш асуындағы және Тарғын, Егіндібұлақ, Ұранқай ауылдарындағы жылыту бекеттері де қақаған аяздарға әзір. Өскемен, Семей, Аягөз, Шар қалаларындағы, Тарғын, Күршім, Егіндібұлақ, Самар, Үлкен Нарын, Ақжар, Бородулиха, Жаңа Шүлбі, Мақаншы ауылдарындағы кәсіпорын орынжайлары мен бокстары да қысқа дайын тұр. Бұдан бөлек, 441 мың литр жанармай, 3500 тонна құм, 790 тонна көмір, 365 дана уақытша жол белгісі, 2200 дана қар ұстағыш қалқан дайындалған. Қазір кәсіпорын жұмысшылары жол астындағы арықтар мен құбырларды тазартумен айналысуда, – дейді кәсіпорын басшылығы.

Қыста операторлар кезекшілігі ұйымдастырылатын болады. Яғни, олар жолдағы жағдай бойынша ақпаратты жинап, оны жедел тиісті басқармалар мен полицияға жолдап отырады.

Құдай бетін ары қылсын, егер апатты жағдайлар болып жатса, айталық қалың қар жауып, боран соқса, немесе қатты аяз болса, қар көшкіні түссе жедел жасақ іске кіріспек. Олар арнайы техникамен қамтылған.

Барлық өндірістік-жол учаскелерінде жауапты тұлғалардың кезекшілігі ұйымдастырылатын болады.

Ержан Әбіш

Осы айдарда

Back to top button