Қытымыр қысқа дайындық қызу

Күршім ауданы бойынша халыққа 30000 тонна тас-көмір, 22 000 текше метр ағаш отын қажет десек, қазіргі уақытта таскөмірдің 25 100 тоннасы тасылып, 21 600 текше метр ағаш отын жеткізілді.
Аудан көлемінде 51 көппәтерлі тұрғын үй тіркелген. Күршім ауылының өзінде ғана 36 көппәтерлі тұрғын үй болғанымен, орталықтандырылған жылыту жүйесіне қосылған – Тоқаев көшесіндегі 29 үй ғана. Қалған көпқабатты тұрғын үйлер мен Теректі ауылындағы 10 көпқабатты тұрғын үй пәтерлері жеке пештермен жылытылады. Орталықтандырылған үш қазандықтан 94 жеке үй мен бір көппәтерлі үй жылытылады.
Аудан аумағындағы 204 мекеменің 49-ы таскөмірді, 150-і электр қуатын және бес мекеме ағаш отын тұтынады.
Көмірмен жылытылатын бес мектепке 2260 тонна көмір алу үшін аудандық бюджеттен 24,1 млн. теңге бөлініп, тасымалдау жұмыстары 100 пайызға қамтамасыз етілді.
Жылу қазандығы таскөмір тұтынатын 28 медициналық мекемеге 750 тонна қажет. Бүгінгі күні ол толығымен тасылып болды. Ағашпен жылытылатын бес медициналық мекемеге де қажет мөлшерде отын түсірілген.
Күршім ауданы әкімдігінің «Күршім» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнына 3000 тонна көмір қажет. Бұл көмір де Қаражырадан «Иртыштранс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі арқылы келісім шарт бойынша тасымалданады. Ал Марқа өңіріне көмірді Зайсан ауданынан тасымалдау тиімді болғандықтан, ондағы тұтынушылар сол жақпен тығыз байланысып отыр.
Құйған айлағында ешқандай қырғын кезек, әбігершілік жоқ. Ауылдарды негізінен Зыряннан көмір тасымалдайтын жеке кәсіпкерлер қамтамасыз етіп жатыр. «Иртыштранс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жақында Құйғанға тағы да 1800 тонна көмір жеткізбек. Жалпы, осы серіктестіктің басшылары тапсырыс болған жағдайда көмірді әлі де тасымалдай беретіндерін айтып отыр.
Дәл қазіргі уақытта аудан 2017-2018 жылғы жылыту маусымына 97 пайыз дайын.
Хасен Зәкәрия
Күршім ауданы