Қоғам

Құқықтық қызмет «бір терезе» жүйесімен де көрсетіледі

Құқықтық қызмет «бір терезе» жүйесімен де көрсетіледі


Өскемен қалалық прокуратурасының ғимаратында құқық қорғау қызметтерінің орталығы ашылды. Құқықтық мәселесі бар азаматтарды «бір терезе» жүйесімен қабылдайтын әмбебап нысанның ашылуына облыс әкімі Даниал Ахметов пен облыс прокуроры Құсайын Игембаев қатысты.

Жоба «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын орындау мақсатында қолға алыныпты. Аймақ басшысы облыс бойынша дәл осындай бірнеше орталық ашып, шалғай елді мекендерді де қамту керектігін атап, өз ұсынысын білдірді.

-Біздің мемлекеттік органдар халыққа 746 түрлі қызмет көрсетеді екен. Өкінішке орай, соның кейбіріне елдің түгелдей қолы жете бермейді. Сол кедергілерді жою үшін «бір терезе» қағидасымен жұмыс істейтін орталықтар ашылуда. Мұндай орталық құқық қорғау саласына да қажет болатын. Бас прокуратураның бұл бастамасына біз де өз тарапымыздан қолдау көрсетуге әзірміз. Өйткені, ол халыққа аса қажет. Келер жылы Семей, Риддер қалалары мен Зырян, Үржар, Аягөз аудандарында да осындай орталық ашу керек. Оған қажетті қаржыны облыс бюджетінен бөлуге әзірміз, – деді Д.Ахметов.
Ұсынысты құп алған облыстың прокуроры Құсайын Игембаев болашақта орталықтың қызмет аясын кеңейту үшін құқықтық саладан тыс органдардың өкілдерін де тарту жоспарланып отырғанын атады. Оның айтуынша орталықта облыстың кез келген азаматтың құқықтық мәселе бойынша кеңес алуына болады.

-Тұрғындар құқықтық мәселе туындағанда кімге жүгінерін білмей, дағдарып жатады. Бұл орталық сондай жандарға арналған. Мұнда келген азаматтарды сыпайы қабылдап, мәселесін бастан-аяқ тыңдап, жөн сілтейміз. Орталықта әзірге 11 маман жұмыс істейді. Олардың ішінде медиация, пробация, әділет, прокуратура қызметкерлері, адвокаттар мен сот орындаушылары бар, – дейді прокурор.

Жаңа орталық «Кедергісіз келешек» бағдарламасының талаптарына сай етіп жабдықталған. Тіпті зағип жандардың өзі мұнда жетекшінің көмегінсіз жүгіне алады. Күйзелістегі адамдарға арнап психолог кабинеті жасақталыпты. Ал халыққа қызмет көрсету орталығының маманы жүгінушінің жеке басына қажет анықтаманың бәрін электронды портал арқылы қолма-қол шығарып береді.

Ең бастысы, мұнда кезек электронды есеп бойынша анықталады. Сол үшін күту залы да қарастырылған. Аптаның бес күнінде таңертеңгі сағат 9.00-ден кешкі сағат 18.00-ге дейін жұмыс істейді. Ал уақытын тиімді пайдаланғысы келгендер 8-72-32-700-100 телефоны арқылы алдын ала жазыла алады. Орталық арқылы кез келген құзырлы органға бейнеарыз қалыдыруға да мүмкіндік қарастырылған екен.

-Біз мұнда адамдарға жөн сілтеп қана қоймай, мәселенің шешілуін қадағалайтын боламыз. Яғни, орталықтың нұсқауымен түсірілген арыз-талаптың нәтижесі прокуратураның назарында болады. Барлық қызмет ақысыз негізде көрсетіледі, – дейді облыс прокурорының аға көмекшісі, орталықтың жетекшісі Дәулет Рамазанов.

Есімжан Нақтыбайұлы

Осы айдарда

Back to top button