Қытайлық туроператорлар Шығыстың туристік әлеуетімен танысты

ХІІ ғасырдағы Кайфын қаласының тыныс-тіршілігі бейнеленген фарфор құмыра, Қытай елінің ұлттық музыкалық аспаптары мен киімдері, майлы бояумен салынған туындылар… Елімізде тұңғыш рет өткізіліп отырған Қытай мәдени-туристік көрмесінің осындай экспонаттарын Өскемен қаласының тұрғындары мен қонақтары облыстық этнографиялық мұражайда бір ай бойы тамашалай алады.
«Тамсандырған Шығыс, әсемдігімен баураған Қытай» бірегей көрмесін облыс әкімдігінің қолдауымен Алматы қаласындағы Қытай Халық Республикасының Бас консулдығы, Орталық Азиядағы ҚХР Мәдениет және туризм министрлігінің өкілдері ұйымдастырып отыр. Бұл көрме – Шығыс Қазақстан облысы мен Шыңжаң ұйғыр автономиялық районы ынтымақтастығы тарихындағы ең маңызды оқиға.
Оның аясында екі тараптың туризм саласын дамыту мәселелері көтеріліп, екі жақтың туристік компаниялары бас қосты. Кездесуде сөз сөйлеген Қытай Халық Республикасының Бас консулдығының консулы Чжан Вэйдің айтуынша, екі ел арасындағы саяси және сауда-экономикалық байланыстар жылдан-жылға нығайып келеді. Шекаралас екі ел арасындағы туризм саласын дамыту да жақсы нәтиже береді деген сенімде консул. Жалпы, Қытай елі туризмді ұлттық экономиканың басты стратегиялық саласы ретінде қарастырады екен.
– Қытай – әлемдегі ірі туристік нарықтың бірі, сондай-ақ турист экспорттаушы ел. Осы мақсатта әлемнің 144 елімен визасыз режимге қол қойылған, 71 елмен жеңілдетілген виза жөнінде келісім жасалған, бүгінгі күні тағы 42 елмен осындай келісімге келу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Өткен жылы туристік саладан түскен пайда 900 миллиард долларды құрап отыр.Қытай елінен өзге елдерге 140 миллион адам саяхатқа шыққан. Оның біразы Қазақстан жеріне де табан тіреді. ШҰАР мен Шығыс Қазақстан – туристік әлеуеті мықты шекаралас өңірлер. Сондықтан екі өңір арасында осы саладағы әріптестікті нығайту мүмкіндіктерін саралауымыз қажет. Бұл орайда тек турист алмасумен ғана шектелмеу керек деп ойлаймыз. Туристік инфрақұрылымды бірлесіп дамыту, туристік нарықты нығайту жолдарын да қарастыруға ниеттіміз,-деді өз сөзінде консул.
Консул сондай-ақ қос тараптың туристік компаниялары қызмет көрсетіп жатқан аумақта сол елдің дәстүрі мен діліне құрметпен қарап, нормативтік құқықтық актілеріне сай еңбек етеді деген сенімде.
Көршілеріміз сияқты біздің ел де туризмді стратегиялық сала ретінде қарастырады. Елімізде «2023 жылға дейін Қазақстан Республикасының туристік саласын дамыту концепциясы» жасалған. Сондай-ақ виза рәсімдеу үдерістерін жеңілдету мәселелерінде ілгерілеушілік бар. Осы жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстан әлемнің 117 еліне бір реттік электрондық туристік виза рәсімдеу мүмкіндігіне жол ашты. Бұл елдердің қатарында Қытай да бар. Сондай-ақ көрші елмен туристік әріптестікті нығайту мақсатында Пекин қаласында визалық орталық ашылып, бұл елдің транзиттік жолаушылары үшін 72 сағаттық визасыз режим енгізілді.

Орталық Азиядағы ҚХР Мәдениет және туризм министрлігінің өкілі Ван Шульиннің айтуынша, Қазақстан-Қытай туристік ынтымақтастығының болашағы зор. Қазақстан мен Қытай Жібек жолы экономикалық белдеуінің бастамаларын жүзеге асырудағы басты әріптестер, осы жолдың маңызды торабындағы екі ел арасында ауқымды туристік маршруттар мен жобалар бойынша ынтымақтастық та қажет.
– Соңғы екі жылда өкілдік Қазақстанмен тығыз қарым-қатынас орнатқандығын атап өткен жөн. Осы орайда екі ел арасындағы сауда-экономикалық, туристік саланы дамыту бойынша бірнеше кездесулер өткізіліп, келісімдер жасалды. Екі елдің туроператорлары арасында әріптестік орнатылды. Бұл жұмыс сіздердің өңірлеріңізде жалғасын табады деген ниеттеміз,-деді Ван Шульин.
Көршілерімізді не қызықтырады?
Облыстық туризм басқармасы басшысының міндетін атқарушы Марат Қабақов: «Көрменің ашылуы Шыңжаң-ұйғыр автономиялы районы мен облыс арасындағы ынтымақтастықтың жарқын көрінісі», – дейді. Өткен жылы облыс басшысы Даниал Ахметов Қытай елінің ШҰАР аймағына сапары барысында екі ел арасындағы ынтымақтастықты нығайту бойынша жұмыс тобы құрылған болатын. «Бүгінгі іс-шаралардың легі сол жұмыстың жемісі», – дейді Марат Қабақов.
-Біздің өңірдің туристік әлеуеті ерекше екендігін өздеріңіз де байқап отырған боларсыздар. Тұмса табиғаты бар өңірде болашағы зор экотуризм, алты ай қысы болатын өңірде тау-шаңғы туризмін жолға қою бойынша ауқымды шаралар атқарылып жатыр. Осы бағытты дамытуда сіздердің көмектеріңіз қажет. Сондай-ақ Алтай тауларының емдік, бірегей шөптері, Алакөлдің радонды суы арқылы емдік-сауықтыру туризмін дамыту қолға алынған. Археологиялық қазба байлықтары, әлем назарын тігіп отырған қорғандар – бұл да турист тартудың бірегей жолы,-деп атап өтті ол.

Ал «Kazakh Tourism» Ұлттық компаниясының төрағасы Тимур Дүйсенғаливтың пікірінше, Қытай туристерін Қазақстанға тарту үшін біздің ел ең алдымен оларды не қызықтырады, олар бізден сервис пен инфрақұрылымның қандай түрін күтеді, бұл үдеден шығу үшін біз не істеуіміз керек деген сауалға жауап табуымыз қажет.
– Бүгінгі кездесуге қос өңірдің туроператорларын да осы мақсатпен шақырдық. Жалпы, шекаралас екі аймақтағы туристік ынтымақтастықты дамытуды өткен жылы Елбасымыз да тапсырма ретінде жүктеген болатын,-деді өз сөзінде Тимур Дүйсенғалиев.
Шараға қатысушы Қытай елінің 15 туроператорына өңірдің туристік әлеуеті кеңінен таныстырылды, тіпті оларға жергілікті туристік нысандардың өкілдерімен кездесіп, танысуға мүмкіндік жасалды. Кездесу алдында өңірдегі туристік брендтерінің көрмесі ұйымдасырылып, әр туроператор өз өнімдері мен қызметтері жөнінде баяндап берді. Жиын барысында айтылғандай, Қытай елі біздегі туристік нысандардың инфрақұрылымын дамытуға ниетті. Ал жалпы әлемнің көптеген еліне турист экспорттаушы Қытай елінің азаматтарын біздің өңірде не қызықтыруы мүмкін? Бұл сауалды 26 жыл бойы туристік нарықта жұмыс істеп келе жатқан «Тоғас» турфирмасының менеджері Анастасия Золотареваға қойған еді. Оның айтуынша, алғашқы жылдары Қытай елімен туристік байланыс тек шопингтур бағытында болған. Ал соңғы жылдары оларды облыстағы емдік қасиеті бар өзен-көлдері, шөптері бар өңірлер қызықтыра бастаған.
– Турфирма Қытайдың солтүстік өңіріндегі туристерді тартуға басымдық беріп отыр, өйткені ол аймақта өзен-көл тапшы. Қазіргі күні Алакөлдің емдік қасиетіне қызығушылық танытатындар көп. Сондай-ақ Берел, Шілікті қорғандарына да тур ұйымдастыру жемісін беруде. Байқауымызша, қытайлық туристер біздің тұмса табиғатты тамашалау үшін де келетін сияқты. Оларды тамсандыратын да сол – шынайы табиғат, ежелгі құндылықтар, емдік қасиеті бар шөптер,-дейді Анастасия Золотарева.
Қытай елі туроператорларының Шығысқа сапары өңіріміздің көркем жерлерін аралауға ұласпақ.
Лаура Тілеубайқызы