Қытайлық компаниялар инвестиция құюға мүдделі
Аймақ басшысы Даниал АХМЕТОВ Қытай Халық Республикасы компанияларының басшыларымен кездесті. Кездесу барысында «Сан Бао» корпорациясы мен «Теміржол құрылыс компаниясы» ААҚ-ның Шығыс Қазақстан аумағындағы инвестициялық жобаларға қатысу мүмкіндіктері талқыланды.
«Сан Бао» ЖШС корпорациясының президенті Кан Хэпин, «Теміржол құрылыс компаниясы» ААҚ бас директорының орынбасары Фан Гуанхуй өз кәсіпорындары жайында ақпарат беріп, түрлі саладағы жобаларды жүзеге асыруға атсалысуға дайын екендерін жеткізді.
Өз кезегінде облыс әкімі қытайлық компаниялар «Семей қаласындағы №3 жылу электр орталығының құрылысы», «Тұрғысын су электр станциясының құрылысы», «Шар-Майқапшағай» теміржол желісін салу және пайдалану» сынды инвестициялық және концессиялық жобаларға қатыса алатынын атады.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар теміржол желісін салу жобасын егжей-тегжейлі талқылау керек деген келісімге келіп, аталмыш бағыттағы жүк тасымалының көлемін есептеп, талдау үшін «Теміржол құрылыс компаниясы» ААҚ Қазақстанға өз мамандарын жіберетін болды.
Айта кету керек, «Сан Бао» Шыңжаң сауда-өндірістік корпорациясы экспорттық-импорттық саудамен, шетелдердегі мердігерлік құрылыс жұмыстарымен, өндіріс және қайта өңдеу, қойма және логистикалық қызмет көрсетумен айналысады. Корпорация қарамағында 20-дан астам кәсіпорын жұмыс істейді. Қазақстан, Тәжікстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Ауғанстан және Ресей сынды мемлекеттерде еншілес кәсіпорындары тіркелген. Сондай-ақ, «Сян Бао» ААҚ Қытайдағы 500 жетекші азаматтық кәсіпорынның арасында 69 орында тұр.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі