Қытайлық компания жол жөндеуге инвестиция құймақ
Биыл «Алматы-Өскемен» бағытындағы республикалық маңызға ие жолдың бірнеше бөлігінде қайта жарақтау жұмыстары қарқын алмақ. Соның ішінде «Қалбатау-Өскемен» бағытының 102 шақырымын жөндеуге Қытайдың Эксимбанкі қаржы бөлмек.
Экономиканы алға сүйреп, дамуына серпін беретін саланың бірі құрылыс болса, екіншісі – жол. Онсыз сауда-саттық та, туризм де, өндіріс те, тіпті, құрылыс та дами алмайды. Ал бүгінгідей әлем экономикасы ортақ қазанда қайнауға түскен заманда жол қатынасының маңызы одан сайын артып отыр. Сондықтан да, Елбасының «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауында елдегі жол және әуе қатынастарын дамыту арқылы жаңа еуразиялық логистикалық инфрақұрылым қалыптастыру қажеттігі айқындалған.
«Биыл республикалық маңызы бар 4400 шақырым автожол құрылысы мен қайта жаңғырту жұмыстары жүргізіледі. Жыл соңына дейін соның кем дегенде 600 шақырымы пайдалануға беріліп, кезең-кезеңімен ақылы жүйеге енгізіледі» – делінген жылдың басты құжатында.
Біздің облыста бұл міндеттер «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде жүзеге аспақ. 2016 жылдан бастап «Семей қаласы әуежайының ұшу-қону жолағын, бағыттау жолын және аэровокзалын қайта жаңарту» жобасы іске асырылуда. Бұл жұмыстар биыл да жалғасын тауып, әуежай халықаралық стандарттарға сай жұмыс істейтін болады. Жоба толық жүзеге асқан кезде қалаға қатынайтын әуе кемелері мен жолаушылардың саны ұлғаяды деген есеп бар. Соның арқасында өңірдің іскерлік және экономикалық белсенділігі артуы тиіс. Қызмет көрсету көлемінің артуымен бірге жұмыс орындарының саны да көбейетіні сөзсіз.
Облыстық жолаушы көлігі және автомобиль жолдары басқармасының мәліметіне қарағанда, қолданыстағы әуе жолдары облыс бойынша жылына 7000 адамды тасымалдауға қауқарлы. «Өскемен-Семей-Үржар», «Өскемен-Зайсан» бағыттарындағы әуе қатынастарын субсидиялау үшін өткен жылы 182,1 млн. теңгеден астам қаржы жұмсалған.
Біздегі теміржолдар желісі жылына 118 мың адамды тасымалдай алады. «Защита-Зырян», «Защита-Лениногорск» бағытындағы теміржол қатынасын субсидиялау үшін бір жылдың ішінде 323,6 млн. теңге бөлініпті. Әзірге облыс ішіндегі осы екі бағыт халықтың осал топтары үшін ең қолжетімді тасымал түрі болып отыр.
-Автомобиль жолдарына келетін болсақ, негізгі басымдық «Астана-Өскемен», «Алматы-Өскемен» бағыттарына беріліп отыр. Өткен жылы елорда мен облыс орталығын жалғайтын тас жолдың 171 шақырымы қайта жаңартылды. Осы бағыт бойынша тағы 166 шақырым жолды қайта жаңарту жоспарлануда, – дейді басқарма басшысы Берік Бейсекенов.
«Алматы-Өскемен» автомобиль жолы бойынша «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясының облыстық филиалы «Талдықорған-Қалбатау» телімінің 352 шақырымына жобалау-іздестіру жұмыстарын жүргізу үшін дайындық жүргізіп жатыр. Ал «Өскемен-Қалбатау» бағытының 971-1073 шақырым аралығына дайын жобалық-сметалық құжаттама бар. Бұл жоба биыл қытайлық Эксимбанктің қарызы есебінен жүзеге асырылмақ.
Аталған жобалар халықаралық бағыттарды да жандандырып, жолаушыларды автомобильмен тасымалдау көлемін 1,5 есеге ұлғайтады.
Есжан Ботақара