Қытайға қаптамамен бал сатады

Қымыз бен бал катонқарағайлықтардың құты болып тұр. Жаз шыға бұл ауданда бие сүті мен балдан бұлақ ағады десе де болады. Ерінбегеннің бәрі не бие байлайды, не ара бағады. Сондай еңбекқор жанұяның бірі – Қасеновтер әулеті бизнесін баянды ету үшін салмақты өндірістік жобаны қолға алып отыр. Бүгінде олардың жобасы өңірдің Индустрияландыру картасына енген.
Жеті жылдан бері ара баптап, бал сауған әулет бүгінде қарапайым омарташылықтан индустриялық өндіріске көшіп жатыр. Орта орыс тұқымы деп аталатын аралар мінезі қыршаңқы, шабуылға бейім болғанымен, өте еңбекқор әрі суық пен ауруға төзімді келеді. Ағалы-інілі Дәулет пен Мұрат ісіне уақыт өте балалары да қызығушылық танытуы отбасылық кәсіптің кеңеюіне жол ашса керек. «Ақыл – жастан» дегендей, Дәулеттің ұлы Досан маңдай тер, табан ақымен алынатын өнімді брендке айналдыру керек деген ұсыныс айтады. Ойдан-ой туындап, ақыры балды бұрынғыдай пластик құтыға құйып сата беруден бас тарту керек деген шешім шығады. Солайша тіршіліктің тәтті нәрін арнайы қаптамалармен мәдениетті түрде сату жобасын ойлап табады. Осы жоба Индустрияландыру картасына еніп, үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы арқылы қаржыландырыла бастаған. Жобаның жалпы құны 55 млн. теңге болса, соның 18 млн. теңгесі аталған бағдарлама аясында несие ретінде мемлекет бюджетінен берілген. «Даму» қоры 14 пайыздық несиенің тең жартысын субсидиялап отыр.
Жаңадан салынған өндіріс ошағына үш үлкен аппарат орнатылыпты. Оның бірі балды 10 грамдық қаптамаларға құйып, дайын өнім ретінде шығарады. Бұл өнім мектептер мен балабақшаларға жөнелтілсе, 20 грамдық кәдімгі йогурттың ыдысы пішіндес қаптамалар әскери орындарға арнап құйылады. Балдың қоймалжың құрамы оны ыдысқа мөлшерлеп құю кезінде талай сарсаңға салатын көрінеді. Осы жұмысқа уақыт шығындамас үшін Қасеновтар «дозатор» құралын Қытайдан алдырыпты. Қондырғы қысым компрессорының көмегімен 40 литр балды 20 минуттың ішінде ыдысқа құйып шығады. Өндіріс жыл он екі ай жүретіндіктен мұнда қысқы аяздан сақтандыру шаралары да қарастырылған. Қатып немесе тоңазыған балды жарамды күйге түсіру үшін термоүйшіктің ішінде белгілі температурада балқытады. Термоүйшік деген аты болмаса бұл өзі жылу батареялары орнатылып, тот баспайтын қаңылтырмен қапталған шағын бөлме. Ғимараттың тағы бір бөлмесі қоймаға лайықталған. Өнім осы жерден саудаға жөнелтіледі. Барлық жұмыстар 5-6 адамның күшімен атқарылмақ.
Бүгінде ауданның білім беру ошақтарын сапалы әрі қаптамадағы балмен қамтамасыз етіп отырған кәсіпорынға Зайсан ауданынан да тапсырыс түсіпті. Сондай-ақ, Ақтау, Павлодар, Үрімжі қалаларында да «Алтын араның» балы сұранысқа ие көрінеді. Мұнымен шектелгісі келмеген Досан Қасенов Қытай нарығына шығудың қамымен жүр. Облыс әкімдігінің ұйымдасыруымен Қытай елінде өткен жәрмеңке барысында жергілікті атқарушы органдармен байланыс орнатқан ол бүгінде көрші елдің рұқсатын алу үшін түрлі құжаттар өткізіпті. Балдың сапасына таңғалған қытайлықтар оның табиғи өнім екеніне күмән келтірсе керек, осымен үшінші рет талдауға бал сұратқан екен. Егер Қытай нарығына сүрен салынса, оның ар жағында Сингапур мен Оңтүстік Кореяға да жол ашылмақ. Жылына 120 тонна бал өндіріп отырған шаруашылыққа сұраныстың неғұрлым мол болғаны пайдалы. Досанның бұдан бөлек тағы бір ұтымды жобасы бар. Ол жобаға құлаққа таныс «балқарағай» деп ат қойыпты. Аты айтып тұрғандай, балқарағайдың сүйектен ажыратылған дәнегін араның балына былғап туристерге ұсынбақшы.
-Бұл өнімді біздің бренд деуге де болар еді. Тек оны сату үшін емес, кәдесый ретінде шығармақпыз. Екі литрлік шыны банкаларға салып, сыртына мекемеміздің атауын жапсырамыз. Катонға барып көрмеген адамдар бұл өнімді Өскемендегі «Фрэшмаркет» сауда орталығынан да сатып алатын болады. Сол жерде біздің өз нүктеміз бар, – дейді Досан Қасенов.
Қасеновтар Үлкеннарын ауылындағы жаңа өндіріс ошағының ауласынан ара шаруашылығына арналған пластик ыдыстар шығаратын шағын зауыт орнатуды жоспарлап отыр. Көздеген жоспарлар сәтімен жүзеге асып жатса, балдың көп мөлшерде қажет болатынын ескерген жігіттер халықтан бал қабылдау бекетін де осы зауыттың жанынан ашуды ойлап отыр.
Шаруа қожалығы балдан бөлек қымыз да өндіреді. Ол өнімі де облыс орталығындағы сауда нүктесі арқылы Катонның қымызын аңсаған қалалықтарға делдалсыз жетуде. Аймақтың Индустрияландыру картасына енген жобаның бірі осылай жүзеге асып жатыр. Ағасы мен әкесінің ісін жаңашылдықпен дамытып әкеткен Досанның болашаққа деген жоспары көп. Соларды іске асыру үшін жас кәсіпкер бір күні Алматыда, екінші күні Катонқарағайда жүргенін айтты. Осы бетінен таймаса, көп өтпей-ақ Алтайдың «Алтын ара» маркалы балы шынымен брендке де айналар.
Есімжан Нақтыбай
Катонқарағай ауданы.