Қоғам

Қытай соңғы 50 жылда алғаш рет Ертіс суын тұтыну мөлшерін азайтты

Қытай соңғы 50 жылда алғаш рет Ертіс суын тұтыну мөлшерін азайтты

Облысымызда соңғы 50 жылда болмаған ерекше жағдай қалыптасып отыр. Қытайдан Ертіс арқылы облыс аумағына енетін су көлемі артып, Шүлбі және Бұқтырма су қоймаларының жобалық арнасы толуға жақын қалған. Кеше аймақ басшысы Даниал АХМЕТОВ осы мәселеге қатысты жиын өткізіп, тұрғындардың алаңдауына негіз жоқ екенін мәлім етті.

Қытай соңғы 50 жылда алғаш рет Ертіс суын тұтыну мөлшерін азайтты

Селден қорғау, су шаруашылығы, төтенше жағдай салаларының басшылары жиналған жиында мәжілісте Ертіс бассейні инспекциясының басшысы Рыспек Сүлейменов қалыптасқан жағдай туралы қысқаша мәлімет берді. Оның айтуынша, Қытай тарабы соңғы 50 жылда алғаш рет Ертіс суын тұтыну мөлшерін азайтқан. Бұл өз кезегінде Шүлбі және Бұқтырма су қоймаларының арнасы толуына түрткі болған. Бүгінде Бұқтырма қоймасындағы су көлемі 49,026 млрд. текше шақырымға жетіп отыр. Тәулігіне бөгенге 3420 текше шақырым су ағып келуде. Жағдайды толық бақылауда ұстау үшін облыс әкімі бастаған жұмыс тобы жан-жақты талдау жасай келе, құйылған артық суды біртіндеп сыртқа ағызу кестесін құрды. Мұндай әрекет Шүлбі мен Бұқтырма қоймаларының арнасын кемерінен асудан сақтайды. Бұған қоса артық мөлшерде келген суды пайдаға жарату үшін де су жинақтау жоспарын өзгерту қажет болған.

Қытай соңғы 50 жылда алғаш рет Ертіс суын тұтыну мөлшерін азайтты

Павлодарлық әріптестерімен ақылдаса келе, жұмыс тобы 21- маусымнан бастап Бұқтырма су қоймасынан тәулігіне 1500 текше шақырым, Шүлбі қоймасынан 1875 текше шақырым су ағызып бастау жөнінде шешімге келген. Бұл меже күн сайын 200 текше шақырымға көбейтіле береді. Соның арқасында шілденің екінші жұлдызында Бұқтырма бөгенінен тәулігіне 2500 текше шақырым, Шүлбі бөгенінен 3000 текше шақырым су сыртқа ағызып шығарылады. Ал үшінші шілдеден кейін жауын-шашын саябырсып, тиісінше арналарға құйылатын судың мөлшері де азая түспек. Бұл мол ағын Павлодар өңіріне 13-15 күннің ішінде жетуі тиіс. Сондықтан көршілеріміз үшін де алаңдауға еш негіз жоқ.
Бұқтырма және Шүлбі су электр стансаларының басшылары да жоспар бойынша қандай шаралар атқарылатынын баяндады. Қоймаларға құйылған артық судың бір бөлігі ағыс күшімен, бір бөлігі генераторлардың көмегімен сыртқа шығарылуы тиіс.

«Қазгидрометтің» болжамы бойынша алдағы 10 күннің ішінде жауын саябырсып, Ертістің қарқыны да қайтуы тиіс.
Аймақ басшысы бұл мәселені тікелей бақылауында ұстап отырғанын атап, қоймалардан шығарылған судың елді мекендерге жайылмауы да қадағаланатынын жеткізді.

– Облыстың барлық қызметтерімен бірге Өскемен және Семей қалаларының, Глубокое және Шемонайха аудандарының әкіміне тапсырма бердік. Елді мекендерде су мөлшерінің артып кетпеуін олар өз бақылауына алатын болады. Бұл кестені құрмас бұрын жан-жақты талдау жүргіздік. Осы жоспарға сәйкес әрекет етеміз. Халықтың алаңдауына еш негіз жоқ. Ешбір елді мекенді су алмайды. Соңғы 50 жылда бірінші рет осындай ерекше оқиға болып отыр. Бұл бір жағынан жағымды құбылыс. Шығыс Қазақстан сияқты су электр стансалары бар өңір үшін су ешқашан көптік етпейді. Ендігі міндет сол мол суды шашаусыз пайдалану, – деді аймақ басшысы.

Есімжан Нақтыбайұлы

Осы айдарда

Back to top button