Қытай 14 мың тонна бал сатып алмақшы

Бұғы шаруашылығына биыл да субсидия бөлініп отыр. Бұл туралы облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Асқар Жақыпбаев тұрғындармен өткен тікелей байланыс кезінде айтты.
Бұл жолы тікелей байланысқа шыққандар саны шамалы болды. Басқарма басшысы мұның себебін жыл бойында аудандарда өткен қоғамдық қабылдаулардың жемісі деп түсіндірді. Мемлекеттік бағдарламалардың тиімділігі, субсидия беру мен оған құжат жинаудың жолдары, шағын несие алудың шарттары туралы ақпараттар бетпе-бет кездесулерден бөлек, арнайы үнпарақтар ретінде ауыл халқына таратылуда. Контакт орталығына қоңырау шалғандар шетелден асыл тұқымды мал кіргізу, бруцеллез ауруымен күрес, ара және бұғы шаруашылығына субсидия бөлгізу мәселелерін көтерді.
-Мен Ресейден асыл тұқымды сиыр әкелу үшін құжат жинаған болатынмын. Басында несие өсімі 3 пайыз деген болатын. Келе-келе 13 пайызға жетті. Енді осы оператордан бас тартсам деп отырмын. Биыл бас тартсам, келесі жылы қайта өтініш бере алам ба?
-Несие негізінен 13 пайызбен беріледі. Бірақ бизнеске берілген несиенің пайыздық шығынын субсидиялауға бағытталған өңірлік бағдарлама бар. Мемлекет пайыздық үстеменің 10 пайызын төлеп береді. Үш пайыздық несие деген ұғым осыдан шығып отыр. Ал қандай оператормен жұмыс істейтінізді өзіңіз шешесіз. Біз оған араласпаймыз. Келесі жылы екі бірдей оператор АҚШ пен Аустралиядан ірі қара әкелетін болады. Ресейдегі малдың сапасы бізден асып тұр деуге келмейді. Нәсіл жаңарту үшін АҚШ пен Аустралиядан алғызған дұрыс. Биыл бас тартсаңыз, келесі жылы да өтініш бере аласыз. Оған шектеу жоқ.

-Биылғы егін маусымына қысқаша талдау жасай кетсеңіз. Диқандардың көңілі жайлы ма?
-Биыл өңір диқандары 800 мың тоннаға жуық дәнді дақыл жинап алды. Майлы дақылдың түсімі 530 мың тоннаның айналасында болады деп отырмыз. Қазірге дейін экспортқа 24 мың тонна өсімдік майын шығардық.
-Ұлан ауданының Сағыр ауылында бруцеллезге байланысты жарияланған карантин 1,5 жыл бойы алынбай келеді. Ауыл халқы қашанға дейін оқшауланып қала бермек? Ветеринарлар малды емдегеннің орнына қан ала береді. Не өзімізге еккізбейді. Малды тексермес бұрын, әуелі қоздырғыш вакцина еккен болатын. Одан кейін мал ағзасынан індеттің анықталуы заңдылық қой. Мұндай әрекет қаншалықты заңды?
-Карантин індет түгел жойылғанға дейін сақталады. Ол үшін қан талдауынан қатарынан екі рет теріс нәтиже шығуы керек. Ветеринарлар қан ала береді деп отырғаныңыз сол. Ал ауру малды иесінің егуіне рұқсат бар. Қазақстан аумағында рұқсат етілген вакциналардың тізімі де бар. Бұл мәселе – ветеринария басқармасының құзырындағы шаруа. Мен сізге бұған дейін сол салада қызмет еткендіктен, білгенімше жауап беріп көрейін. Малдан қан алмай тұрып, қоздырғыш вакцина егу де заңды. Өйткені, індет кейбір малда жасырын формада болады. Қоздырғыш соны сыртқа шығарады. Жайылымның тарлығы індеттің көрші ауылдарға таралуына себеп болуы мүмкін. Сондықтан жайылымдарды заманауи талап бойынша қоршау ұсынылып отыр.
Аустралиядағы сияқты «электр бақташылар» орнатқысы келетін қожалықтар бар бізде. Бұл жобаларға да мемлекет қолдау көрсетпекші.
-Бұғы шаруашылығына субсидия бірде берілсе, бірде берілмейді. Биыл қалай болады?
-Биыл бұғының әр басына 10 мың теңге субсидия бөлініп отыр. Оған құжат өткізу 14 қарашаға дейін жалғасады.
-Омарташыларға балын өткізу қиындау болып тұр. Қытайға өткізуге не кедергі?
-Кеше ғана маған «Пасека» шаруа қожалығының өкілдері хабарласып, сүйінші сұрады. «Алтай балы» деген брендпен Қытайға бал өткізуге бағытталған жобамыз мақұлданыпты. Көршілеріміз 14 мың тонна бал сатып алу туралы келісімшарт ұсынып отыр. Бұрын шаруа қожалықтары «шекаралық сауда» аясында бал өткізсе, енді Қытайдың арнайы тізіміне кірген екі кәсіпорын арқылы ғана бал сата алады. Соның бірі – осы «Пасека» шаруа қожалығы.
Дайындаған – Есімжан Нақтыбайұлы