Қоғам

Ықтар шарлардан не ұқтыңыз?

Ықтар шарлардан не ұқтыңыз?


Өскемен көркіне көз тоймайтындай болып күн сайын көркейіп келеді. Даму қарқыны да жоғары. Алайда, көзге ұрар бір кемшілік: қала мемлекеттік тілден ақсап тұр.
Көшелердегі жарымжан жарнамалар мен мүгедек маңдайшалардан көз сүрінеді. Мемлекеттік тілімізді қорлап, көзге шыққан сүйелдей болған жарқ-жұрқ алабажақты көріп, көңілің бірден пәс тартады. Солардың біріне назар аударыңыз. Мәселен, мына бір сақау сөздер Дзержинский көшесіндегі «Азия авто» деген дүкеннің алдында тұр. Жүгіртпелі жолдарда жазылған қазақша сөздер жүйкеңді тоздырып, жүрегіңді ауыртады. Бастабында «ықтар шарлар» деген не сөз екенін түсінбей аңырап қалып, сәлден кейін оның «шаровые опоры» деген сөз тіркесінің аудармасы екенін ұққандай болдым. Әсілі, «опора» деген сөзді интернет «ық» деп «аударып» берген болуы керек. Ал «тяги стабилизатора» дегенді жаңағы «тәржімашы» «әуестіктер тұрақтандырғыштың» деп жеткізген. Бұл жерде тіпті, «датчиктің» «бергіштер» болып «жүгіріп» жатқанына таңғалмасқа шара жоқ. Облыс орталығында осындай оспадарсыз олқылықтар болып жатқанында елді мекендер туралы айтпай-ақ қойыңыз. Сонда тілдер басқармасы, басқа да құзырлы органдар қайда қарап отыр? Осындай «сақау сөздерді» қашанғы былдырлата береміз?

Берікхан Тайжігіт
Өскемен.

Осы айдарда

Back to top button