Қоғам

Құқықтар мен бостандықтарға қызмет етеді

Құқықтар мен бостандықтарға қызмет етеді


Естеріңізде болса, 2015 жылдың 1 қаңтарынан бастап қолданысқа енгізілген Қылмыстық және Қылмыстық-процестік кодекстер нормаларын құқықтық қолдану тәжірибесі қазіргі күні заң шығарушылардың, басқа да тараптардың сотқа дейінгі кезеңде татуласу институтын барынша кеңейткенін көрсетіп отыр. Бұл қоғамдағы өзара қарым-қатынасты ізгілендіру екені айқын. Кодекске қатысты өзгерістер мен толықтырулар жайында облыстық ішкі істер департаменті бастығының орынбасары, полиция полковнигі Мұратжан Шәкеров айтып берген еді.

Оның айтуынша, туындаған жанжалдың (оның ішінде тиісті құқық қорғау органдарына жүгінгеннен кейін) шешімін таңдау үшін, азаматтар мен заңды тұлғалар үшін өз құқықтарын жүзеге асырудың құқықтық негіздерін қалыптастыру мақсатында, сондай-ақ реттелетін жанжалдық жағдайға қатысушы тұлғалардың (әрі қарай медиаторлардың) жұмысын ретке келтіру мақсатында 2011 жылдың 28 қаңтарында «Медиация туралы» Заң қабылданған.
Аталған татуласу процедурасын жоғарыда аталған Заңға сәйкес тиісті тізілімде тіркелген медиатор, сондай-ақ кәсіби және кәсіби емес негізде татуласу мәселесін реттеу үшін тараптардың өздері тартқан тәуелсіз жеке тұлға жүргізуге құқылы.

Өзінің жұмысын жүзеге асыру барысында медиатор бейтарап болуы тиіс, медиацияны екі тараптың да мүддесі үшін жүргізуі тиіс және тараптардың медиация процесіне тең дәрежеде қатысуын қамтамасыз етуі қажет. Сонымен қатар, тараптар кез келген сатыда медиатордан бас тартуға, сондай-ақ медиацияны жүргізу барысына қатысудан бас тартуға құқығы бар екенін білулері қажет.

Қылмыстық процесс барысында медиация жүргізу кезінде қол жеткізілген тараптардың жанжалды реттеуге келісім беруі тұлғаға қатысты Қылмыстық-процестік заңнама шегінде белгіленген қылмыстық қудалауды жүзеге асырмауға мүмкіндік беретін жағдай болып табылады. Алайда, бейбіт келісім орындалмаған немесе тиісті деңгейде орындалмаған жағдайында келісімді бұзған медиация тараптары Қазақстан Республикасы заңдарында көзделген тәртіпте жауапкершілікке тартылмақ.

– Азаматтар мен адамдардың бірінші кезектегі құқықтары мен бостандықтарын нығайтушы еліміздің негізгі заңы – Конституцияға сәйкес адам, оның өмірі, құқықтары мен бостандықтары жоғарғы құндылықтар болып табылады. Заңнамалық жүйе өзгерістерінің бірінші кезеңінде мемлекеттің алдағы уақытта дамуына, халықаралық қоғамдастықта лайықты орын иеленуіне мүмкіндік беретін заңнамалық механизм түріндегі тиісті кепілдемелерді қамтамасыз ететін мемлекет пен жеке тұлға арасындағы қарым-қатынастың демократиялық сипатының негіздері бекітілді. Осыған байланысты құқық қорғау жүйесіндегі өзгерістер шегінде бірінші кезекте алдын алу және жолын кесуге, содан кейін ғана қылмыстық құқықбұзушылықтарды ашуға бағытталған нәтижелі шараларды қабылдау жағдайында жеке тұлғаның құқықтарын қамтамасыз ету және қорғау жүйесін жоспарлы жетілдіруге бағытталған белсенді жұмыстар жүргізілуде, – дейді Мұратжан Шәкеров.

Оның айтуынша, қазіргі күні заң шығарушы органдар «Құқық қорғау қызметінің процестік негіздерін жетілдіру мәселесі бойынша Қазақстан Республикасының бірқатар заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңның жобасын әзірлеген, бұл қылмыстық процесті ізгілендіруге барынша мүмкіндік бермек.

Мұратжан Шәкеров ұсынылатын өзгерістердің негізгі (шешуші) аспектілеріне назар аудару керектігін айтады.

– Адвокаттардың куәлар мен қылмыстық құқықбұзушылықты көзбен көрген тұлғаларға сауал қоюды дербес жүргізу тәртібін заңнамалық тұрғыдан бекіту арқылы адвокаттардың құқықтарын кеңейту қажет. Ондай сауал қоюдың нәтижелері адвокаттардың өтініш хаттары бойынша қылмыстық іс материалдарына қосылуы мүмкін. Адвокатқа кез келген тергеу әрекеттерін (жасырын тергеу әрекеттерінен басқа) жүргізу туралы өтініш хат жолдау құқығы беріледі. Сонымен қатар, егер сотқа дейінгі тергеу органы аталған өтініш хатты жойған жағдайда, адвокат тергеу сотына сол өтініш хатпен жүгінуге құқылы. Адвокаттың дәлелдемелерді дербес жинау мүмкіндігі қарастырылмақ. Алайда істің аяқталу сатысында сотқа дейінгі тергеу органдарымен қолда бар дәлелдемелерді өзара алмасу қажет.

Сондай-ақ азаматтардың конституциялық құқықтарын бұзушылыққа жол бермеу мақсатында, экономикалық қызмет саласында қылмыс жасауда күдікті тұлғаларға қатысты күзетпен ұстау түріндегі бұлтартпау шарасын қолдау бойынша қылмыстық қудалау органдарының уәкілеттіліктері шектелетін болады.
Сот санкциясынсыз күдікті тұлғаларды ұстау мерзімі барынша қысқартылған. Жалпы, ұстау мерзімі 48 сағаттан аспайды, ал кәмелетке толмағандарға қатысты – 24 сағаттан артық емес.

Құқықтар мен бостандықтарға қызмет етеді

Аталған тәртіп ауыр және аса ауыр қылмыстарды, оның ішінде террористік немесе экстремистік қылмыстарды, жаппай тәртіпсіздік барысында жасалған қылмыстар, қылмыстық топ құрамында жасалған қылмыстар, есірткі, психотроптық заттар, прекурсорлар және оларға ұқсас заттардың заңсыз айналымына қатысты қылмыстар, кәмелетке толмағандарға жыныстық қол сұқпаушылыққа қарсы қылмыстар, адамның өліміне әкеліп соқтыратын қасақана жасалған қылмыстар, сондай-ақ алыс орналасуы немесе тиісті қатынау жолының болмауына байланысты қылмыс жасаған тұлғаны тергеу сотына уақтылы жеткізуді қамтамасыз ету мүмкін болмаған жағдайда, төтенше жағдайлар мен төтенше оқиғалар орын алған жағдайда қолданылмайды. Мұндай жағдайларда соттың санкциясынсыз тұлғаны 72 сағаттан артық емес мерзімге ұстау мүмкіндігі сақталады. Онша ауыр емес қылмыстар бойынша жедел іздестіру іс-шараларын жүргізу мүмкіндігі қарастырылмайды.

Заң органы өкілінің айтуынша, заң шығарушы орган тергеу әрекеттері заңсыз деп танылған жағдайда тұлғаға қатысты жүргізілген жасырын тергеу әрекеттері туралы хабарлауды жүзеге асыруды міндеттейді. Осылайша, алдын ала хабарлаусыз өзіне қатысты тергеу әрекеттері жүргізілген тұлғалар өз құқықтарын қорғау үшін сотқа жүгіну мүмкіндігімен, сондай-ақ қылмыстық қудалау органының іс-әрекеттері заңсыз болып табылған жағдайда келтірілген залалды өтеуді талап ету мүмкіндігімен қамтамасыз етілмек.

– Қылмыстық үрдісті оңтайландыру мақсатында жаңа процессуалдық «бұйрықтық» өндіріс тәртібі енгізілуде. Қылмыстық теріс қылық немесе онша ауыр емес қылмысты жасауда күдікті деп танылған тұлға күдіктелуін мойындаған жағдайда, жиналған дәлелдемелермен, келтірілген залалдың көлемімен және бұйрықтық өндіріс қолданумен келіскен жағдайда, ал құқықбұзушылық санкциясы бойынша негізгі жаза ретінде – айыппұл қарастырылған жағдайда, бұйрықтық тәртіп өндірісі қолданылуы мүмкін. Мұндай тәртіпте сот қылмыстық процесс қатысушыларын сотқа шақырусыз үкім шығаруға құқылы. Сонымен қатар қылмыстық теріс қылықтар бойынша қылмыстық істі анықтау органының бастығы тікелей сотқа жолдайды, ал онша ауыр емес қылмыстар бойынша қылмыстық істер прокуратура арқылы жолданады, – дейді департамент басшысының орынбасары.

Бұдан бөлек сотқа дейінгі тергеу процесіне инновациялық технологияларды енгізуге жасалған қадамның бірі – қылмыстық процесті цифрлау болып табылады. Қылмыстық сот өндірісін электрондық форматта жүргізу мүмкіндігі нақтылануда.

Қарастырылған өзгерістерді қабылдаудың басты мақсаты – қылмыстық процесс мерзімдерін қысқарту, тергеудің барлық сатыларында оның жүзеге асырылу деңгейін жоғарылату, азаматтардың конституциялық құқықтарын, олардың құқықтары мен бостандықтарын бұзушылық фактілерін төмендету, сондай-ақ құқық қорғау органдары қызметкерлерінің кәсіби деңгейін жоғарылату болып табылмақ.

Дәурен Аллабергенұлы

Осы айдарда

Back to top button