Үйсіздерге сыйланған тағы бір үміт

Үйі жоқтың-күйі жоқ… Бірақ арманы бар. Балаларымен жалдамалы пәтерге көшкен сайын, ендігі қоныс өз үйім болса екен деп тілеп жүрген жандар қаншама арамызда. Сол арманның жетегінде жүргендердің біразына «Бақытты отбасы» бағдарламасы үміт сыйлады.
Төрт баланың ата-анасы Әйгерім мен Мақсат Ордабаевтар көп- балалы отбасыларға баспана алу үшін жеңілдетілген несие беріледі дегенді естігенде, армандарына бір табан жақындағандай қуанған. Өйткені баспаналы болсақ деп сан мәрте оқталған отбасының бірде табысы жетпей, бірде бастапқы қаражаты аздық етіп, қысқа жіп күрмеуге келмей жүрген жайлары бар еді.
Естеріңізге сала кетейік, Елбасы «Nur Otan» партиясының съезінде әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыларды қолдап, олар үшін қолжетімді тұрғын үй санын арттырып, « Тұрғын үй құрылыс жинақ банк» жүйесі арқылы жеңілдетілген несие беру механизмін дайындап шығаруды тапсырған болатын. «Бақытты отбасы» бағдарламасы соның жемісі.
Оның басты артықшылығы – төмен пайыз бен алғашқы жарнаның аздығы. Жеңілдетілген несиеге көпбалалы отбасылармен қатар мүмкіндігі шектеулі бала тәрбиелеп отырғандар мен толық емес отбасылар қол жеткізе алады екен. Мемлекеттік бағдарламаны жүзеге асырушы ретінде «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» таңдап алынған.
Арманға жеткізер сандар

«Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің» облыстық филиалының бизнесті дамыту бөлімінің басшысы Аслан Самжановтың айтуынша, жеңілдетілген ипотека жылдық екі пайызбен беріледі. Мұнда бастапқа жарна үй сомасының тек он пайызын құрайды. Сондай-ақ несие мерзімін 20 жылға дейін созуға болады.
Ал Ордабаевтарды тағы бір қуантқаны пәтерді екінші нарықтағы үйден алуға да болатындығы.
-Біз пәтерді жаңа үйден емес, өткен ғасырдың сексенінші жылдары салынған үйден алсақ дейміз. Қолымызда бары бір миллионға жуық ақша. Шамамен тоғыз миллион теңгеге үй тапсақ, алғашқы жарнаға жетіп тұр. Банк те екінші нарықтағы үй алуға рұқсат беретіндігі қуантады,- дейді баспаналы болудың қамына кірісіп кеткен Мақсат Ордабаев.
Банк мамандарының айтуынша, бұл әлеуметтік ипотека болғандықтан, оған қол жеткізе алатындардың нақты санаты белгіленген. Олар жоғарыда атап өткеніміздей, көпбалалы отбасылар, мүмкіндігі шектеулі бала тәрбиелеп отырғандар мен толық емес, яғни, ажырасқан отбасылар. Бірақ осы санаттағыларға да қойылар шарт бар.
– Біріншіден, біз әкімдіктің жолдамасымен келгендермен жұмыс істейміз. Сондықтан банкке келмес бұрын, осы санатқа кіретіндер жергілікті әкімдіктің тұрғын үй қатынастары бөліміне барып тіркелулері қажет. Жеңілдетілген несиеге жолдаманы беретін де солар. Біздің міндет алғашқы жарнасы мен табысын есепке алып, несие жөнінде шешім қабылдау,-дейді банк өкілі Аслан Самжанов.
Әлеуметтік ипотекадан үміткер Әйгерім Ордабаевның айтуынша, бұл да жолда жатқан батпан құйрық емес. Оған қол жеткізу үшін де төлем қабілетін дәлелдеу қажет және отбасылық табыс межеленген көрсеткіштен 1000 теңгеге асып кетсе де, жеңілдетілген несиеден үмітті үзуге тура келеді.
– Отбасымызда екеуіміз де жұмыс істейміз. Менің алатын айлығым ең төменгі жалақыға да жетпейді, өйткені жарты мөлшерлемеде жұмыс істеймін. Негізгі табыс жолдасымның айлығы -115 мың теңге. Екеуіміздің айлығымызды қосқанда 150 мыңға әзер жетеді. Дегенмен жан басына шаққанда 24 мыңнан шығатындықтан, төрт баламен атаулы әлеуметтік көмекке ілікпедік. Өкінішті, әрине. Өйткені табысымыздың жартысы пәтер жалдауға кетеді. Енді осы әлеуметтік ипотекаға табысымыз жетіп кетсе екен деп үміттеніп жүрміз. Қажет болса, үш бөлмелі емес, тіпті екі,бір бөлмелі болсын пәтер алуға да бел буып отырмыз,- дейді ол.
Ал «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» қызметкерлері «Бақытты отбасы» жобасына қатысатындардың төлем қабілетін жеңілдетілген тәртіппен тексереміз деп отыр. Несие алатын көпбалалы отбасының мүшесі ипотеканы өтеуге қажетті ай сайынғы төлем сомасын және бір ересек адамға бес айлық есептік көрсеткіш (12 625 теңге – авт.) көлемінде өмір сүруге арналған ең төменгі соманы растаса болды. Ал балаларға кететін шығындар есепке алынбайды.
– Отбасының жалпы табысын оның әр мүшесіне бөлгенде, ең төменгі жалақы деңгейінен аспауы қажет. Биыл ең төменгі жалақы мөлшері 42500 теңге екендігін ескеріп, алты адамнан тұратын отбасының табысын есептеп көрейік.Ол үшін 42500 теңгені 6 адамға көбейтуіміз қажет (42500х6=255000). Демек әлеуметтік ипотекаға қол жеткізу үшін алты адамнан тұратын отбасының табысы осы сомадан асып кетпеуі тиіс.Тағы бір ескеретін жайт, әлеуметтік төлемдер жалпы табыс сомасына кірмейді,-дейді Аслан Самжанов.
Банк қызметкерлері әр пәтердің бағасына қарай төлемнің болжамды мөлшерін есептеп қойған екен. Мысалы, осы бағдарлама бойынша пәтер алудан үміткер Ордабаевтар 10 миллион теңгенің пәтерін сатып алмақ делік. Жалпы өңірлерге бөлінген шекті сома да осы екен. Егер бұл отбасы табыс калькуляторынан өтіп, 1 млн. теңге көлеміндегі алғашқы жарналарын салса, 19 жылға есептелген оның төлемі алғашқы 8 жыл 52 600 теңге, қалған 11 жыл 36 мың теңге шамасында болмақ.
Сонымен қатар әлеуметтік ипотекадан үміткерлер атына тіркелген баспана болмауы тиіс. Алайда банк өзге мемлекеттік бағдарламаларда меншіктегі мүліктен айырылуға кемінде 5 жыл деген шектеме қойса, мұнда ондай талаптар жоқ. Демек бір жыл бұрын меншігіңіздегі үйді сатып, ауылдан көшіп келсеңіз, ол сіздің аталмыш бағдарлама бойынша баспана алуыңызға кедергі келтірмейді деген сөз.
Тағы бір ескеретін жайт, үміткерлердің бірінің болсын табысы ресми тіркелген болуы тиіс және «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінен» алғашқы жарна үшін шот ашулары қажет.
Табысы жетпегендер қайтпек?
Байқап отырғанымыздай, аталмыш бағдарлама бойынша баспаналы болу шын мәнінде тиімді. Алайда бағдарламаның көп балалылардан гөрі, әлеуметтік әлсіз топқа жатқызылатындарға арналып отырғандығын ескерсек, осы санатқа ену үшін қоғамда өтірік ажырасу белең алуы мүмкін деген де қауіп туындаған. Бағдарлама осы мәселені де ескерген тәрізді. Өйткені толық емес отбасылар жеңілдетілген несиеге ажырасқандарына үш жыл уақыт өткен соң барып қана өтініш бере алатын болып шықты. Әлеуметтік жағынан аз қамтылғандар санатына жататындардың басым бөлігінің табысы төмен. Олар алғашқы жарнаны қайдан табады деген де заңды сұрақ туындайды. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Роман Скляр журналистерге берген сұхбатының бірінде бүгінде министрлік пен «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» дәл осы мәселені жан-жақты зерделеп жатқандығын айтқан болатын.
– Қазіргі кезде біз Парламент Мәжілісіне бірқатар нормативтік өзгерістерді енгізіп жатырмыз. Соның аясында тұрғын үй куәліктерін таратудың нақты шарттары бекітіледі. Сол кезде ондай куәліктің мөлшерлі сомасы және кімге берілетіні айқындалады,- деп нақтылады ол.
Осы мәселе бойынша жұмыстар біздің өңірде де атқарылып, қаржы қарастыру ісі қаралып жатқандығын атап өткен жөн. Демек, алдағы уақытта жеңілдетілген ипотека арқылы баспана алуға ниеттілер саны да көбейеді деген сөз. Өйткені дәл қазір көпті тежеп тұрған да осы –алғашқы жарна. Осыдан да болар, тізімде тұрған отбасылардың көбі әлеуметтік ипотекадан гөрі, арендалық баспана алғылары келеді.
Өскемен қалалық тұрғын үй қатынастары бөлімінің басшысы Фархат Жилибаевтың айтуынша, бүгінде көпбалалы аналар жалпы тізімнен шығарылған. Бүгінде тек Өскемен қаласы бойынша 248 көпбалалы отбасы үшін бөлек тізім жасалыпты.
– Бұл тізімдегілерге баспаналы болудың екі жолын ұсынып отырмыз. Бірі – жеңілдетілген ипотека болса, екіншісі -арендалық баспана. Арендалық баспананы табысы жетпегендерге береміз. Оны алуға ниеттілер көп. Дегенмен табысы жететіндер жеңілдетілген ипотеканың мүмкіндіктерін пайдаланғандары жөн. Өйткені арендалық баспана жеке- меншікке берілмейді, кейін оны сатып алу жағы да қарастырылмаған,- дейді тұрғын үй қатынастары бөлімінің басшысы.
Банк қызметкерлері мен бөлім басшысының сөзіне қарағанда, «Бақытты отбасы» бағдарламасы бойынша тұрғын үй заемынан үміткерлер тізімі жасалып жатыр, жоғарыдан несиелеуді бастау туралы нұсқаулық келісімен-ақ олар жұмысқа кірісуге дайын. Бағдарлама мамыр-маусым айларында іске қосылуы тиіс.
Лаура Тілеубайқызы