Қоғам

ҚЫСЫ-ЖАЗЫ ОТПЕН, СУМЕН АЛЫСҚАН…

ҚЫСЫ-ЖАЗЫ ОТПЕН, СУМЕН АЛЫСҚАН...
Алты ай қыста ақ боранмен алысып, күз-көктемде тасқын-селге тосқауыл боп, жаз шықса, қызыл жалын өртті өшіріп, одан қалса суға кеткендердің өміріне араша түсіп, өздері де өлім мен өмірдің арасында жүретін «Төтенше жағдайлар департаменті» дейтін мекеме бар. Бұл мекеменің қызметкерлері үшін былайғы жұртқа ұқсап қалаған уақытында демалысқа шығу, алаңсыз той-томалаққа бару, жұрт қатарлы туған күндерін тойлап, отбасымен отырып жаңа жылды қарсы алу дегеніңіз кәдімгі ертегі секілді. Өйткені олар өздері үшін емес, өзгелер үшін, сіздер мен біздердің қауіпсіздігімізді қамтамасыз ету үшін күндіз-түні аттан түспеу үшін жаралған. «Өзгелерді қауіп-қатерден құтқарамыз» деп жүріп, қаншама қызметкерлері жарақат алды, қаншасы мерт болды. Өйткені бұл – олардың мамандығы.
Иә, бұл мамандық. Мамандық болғанда да, нағыз мазасыз мамандықтардың бірі болса керек. Бұл мамандық иелері қай кезде, қай жерде, тіпті тәуліктің қай мезгілінде болмасын, үнемі қырағы жүруді әдеттеріне айналдырған. Сол қырағылықтары мен жылдар бойы жинақтаған тәжірибелерінің арқасында қаншама адамдар оқыста орын алған оқиғалардан аман қалып, шексіз алғыстарын жаудырып жатады.

Дүниені дүр сілкінткен дүрбелең

Бірақ өмір біздің ойлағанымыздай үнемі бір сәттіліктерден тұра бермейді ғой. Өкінішке қарай, әлгіндей төтенше жағдайлар орын алғанда, аман қалмайтындары да бар. Бұл сөзімізге осы жылдың наурыз айында ғана Ресейдің Кемерово қаласындағы «Зимняя вишня» сауда-саттық, ойын-сауық кешеніндегі орын алған алапат өрт дәлел бола алады. Бас-аяғы 100-ге жуық адам (оның үштен екісі бала) қас пен көздің арасында жалаңдаған қызыл жалынның құрсауында қалып, тірідей жанып кеткен жоқ па. Бұл – бұрын-соңды көргенді қойып, адамзат баласы естімеген жантүршігерлік қайғылы оқиға болды. Он екіде бір гүлі ашылмаған шиеттей бүлдіршіндердің тірідей өртеніп кеткенін көрген әлем жұртшылығы есінен танып қала жаздаған жоқ па. Өрт неден тұтанды, оған кінәлі кімдер, ғимарат ішіндегі халық неге дер кезінде эвакуацияланбады? Бұл – бөлек әңгіме.
Осы бір төтенше оқиғадан соң еліміздің Бас прокуратурасы еліміз бойынша барлық қалалардағы адам көп жиналатын кинотеатрлар мен сауда-саттық, ойын-сауық орталықтарында жоспардан тыс жаппай қауіп атаулының алдын алу, тексеру жұмыстарын жүргізуге пәрмен беріпті.
– Бұл тексерулердің өзіндік талаптары мен шарттары, тәртібі мен нормалары болады. Айталық, жеке кәсіпкерлікке берілген жеңілдіктердің заңнамасына сәйкес аумағы бір жарым мың шаршы метрден асатын кез келген ғимаратты ғана тексеруге құқымыз бар. Оның өзінде баса-көктеп кіріп бару деген болмайды. Бір ай бұрын ғимарат әкімшілігіне осындай күннен, осындай уақытқа дейін нысандарда өрт қауіпсіздігінің алдын алу мақсатында тексеру жұмыстары жүргізілетін туралы ескертіп, арнайы қағаз жібереміз. Олардың келісімін алғаннан кейін ғана арнайы мамандар барып тиісті талап, нормаларға сай тексеру жұмыстарын жүргізеді, – дейді облыстық Төтенше жағдайлар департаменті (ТДЖ) басшысының орынбасары Амангелді Шегетаев.
ҚЫСЫ-ЖАЗЫ ОТПЕН, СУМЕН АЛЫСҚАН...
Бас прокуратураның осы талабына сәйкес облыс бойынша Өскемен, Семей, Риддер, Зырян қалаларымен қоса, барлық аудандардағы 97 мекемеге тексеру жұмыстары жүргізіліпті. Олардың 77-сі сауда-саттық, ойын-сауық орталықтары болса, 20-сы түрлі деңгейдегі базар орындары екен. Осы нысандарды тексеру барысында 1479 өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтамау фактлері анықталып, 89 тұлғаға жалпы көлемі 1 млн. 972 мың теңгенің айыппұлы салынған екен. Сонымен қатар өрт қауіпсіздігінің алдын алу мақсатында осы мекемелердің қызметкерлері 183 түсіндіру лекциясы жүргізіпті.
– Осы жақында ғана облыс орталығындағы «Император» мен «ЦУМ» сауда кешендерінде «Өрт шыға қалған жағдайда қандай шұғыл әрекеттерге баруымыз керек, ғимарат ішіндегі адамдарды сыртқа қайтіп шығарамыз?» деген мақсатта оқу-жаттығу операциялары өткізілді. Онда арнайы комиссия алғашқы қоңырау қай уақытта шалынғанынан бастап тіркеп, өрт сөндірушілердің неше минутта келіп жеткенін, ғимараттың ішінде жүрген халықтың қалай, қай жерлермен сыртқа шығарылғанын, өрт ошақтарының қаншалықты жедел сөндірілуін тағы-тағы сол секілді іс-әрекеттердің барлығын назарға алып, жалпы «Өрт сөндіру операциясының» қандай дәрежеде өткендігіне баға қойды, – дейді әңгіме барысында Амангелді Шәріпжанұлы. – Айта берсек, кез келген мекемеде, ғимаратта өрт қауіпсіздігін сақтамау фактілері өте көп кездесіп жатады. Қайсыбір мекемелер өрт шыққан жағдайда белгі беретін дабыл қаққыштарды (сигнализация) орнатуын орнатқанмен, солардың қалай жұмыс істейтінін немесе жалпы жұмыс істейтін-істемейтінін тексеріп те көрмеген. Тексеріс барысында анықталған кемшіліктердің қауіптілік деңгейіне орай ауызша-жазбаша ескертулер айтылып, қайсыбір қауіптілігі жоғары кемшіліктер шыққан мекемелерге айыппұл да салынды.

Олар сауысқандай сақ, қырандай қырағы

Біз айтып отырған төтенше жағдайлардың дені мерекеге, демалыс күндеріне дөп келіп жататыны бар. Сондықтан былайғы жұрт той тойлауға кіріскенде, төтеншеліктер керісінше қырағылықтарын арттырып, белбеулерін тарта түседі. Қыстың ақтүтек борандарында қар құрсауында қалатын көліктер қаншама. Олардың арасында емшектегі сәбиден бастап, еңкейген кәріге дейін болады.
– Көктемгі су тасқындары мен қар көшкіндерінің жыры бір бөлек әңгіме, – дейді Шығыс өңірінің қыр-сырын бала күнінен көріп өскен Ұлан ауданының тумасы, полковник А.Шегетаев. – Қазіргі жаз маусымы да біздің қызметкерлер үшін мазасыз уақыттардың бірі саналады. Күре жолдың бойында күнделікті орын алып жататын жол-көлік апаттары мен даладағы өрттерді айтпағанда, суға түсу маусымының да тұрғындар үшін аса қауіпті екенін айта кетуіміз керек. Қайсыбір адамдар қызық, қарапайым ғана қауіпсіздік ережелерін сақтамай, өз өмірлерін қауіп-қатерге тігіп жатады. Ішімдікке тойып алып, тұншығып жататындар да бар. Кез келген суға түсетін жағажайда «Қауіпті аймақ!» деген белгілер қойылады. Ол белгілер қойылған жерлерден әрі асуға болмайтындығын біліп тұрса да. соған баратындар болады. Сондай-ақ су жағасына барған ата-ана балалардан бір сәтке де көз жазбағандары абзал. Баланың аты бала, қазір көз алдыңда жүгіріп ойнап жүрген сәби қас пен көздің арасында суға кетіп қалуы әбден мүмкін. Бүгінге дейінгі мәлімет бойынша 2018 жылы 27 адам судан қаза тапса, соның жетеуі – бала. Бұл былтырғымен салыстырғанда төрт балаға көп деген сөз.
ҚЫСЫ-ЖАЗЫ ОТПЕН, СУМЕН АЛЫСҚАН...
– Енді жаз өте салысымен, от жағу маусымы да келіп қалады. Бұл маусымның да өзімен бірге ала келетін машақаты мен кесапаты аз емес шығар?
– Ол рас енді. Қаланың жер үйлер орналасқан бөлігі бар. Осы аудандарда пешті дұрыс жақпағандықтан немесе өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтамағандықтан, көбінесе ішкіліктің салдарынан өрт шығып, тіпті адамдарға иіс тиіп қайтыс боп кететін жайттар да аз тіркелмейді. Өткен жылы Риддер қаласында бір жанұяның үш адамы бір түнде иіс тиіп қайтыс болды. Біздің қызметкерлер үшін бұл маусым да тынышты маусым саналмайды. Жұрт сенбі, жексенбі күндері демалып жатқанда, біздің қызметкерлер үй-үйді аралап тұрғындармен өрт қауіпсіздігінің алдын алу жұмыстарын жүргізіп, ақыл-кеңестерін айтып, кезекті тексерістер жасап, рейдтерге шығады.
Осылайша, күн демей, түн демей, қысы-жазы тыным көрмейтін, машақаты мол әрі мазасыз мамандық иелері «табысты да күреп табатын шығар?» деп ойласақ, оңбай қателеседі екенбіз. Бұл мекемеге алғаш келген жас мамандар алғашқы жылдары бар болғаны 50 мың теңгенің көлемінде жалақы алатын көрінеді. Қалған қызметкерлер жұмыс өтілдері мен әскери шендеріне қарай сәл көтеріңкі 70-80 мың теңгенің көлеміндегі жалақыны місе тұтады екен. Сөйте тұра, өз қызметтеріне адал.
Ертеректе бұл сала қызметкерлеріне мемлекет тарапынан айтарлықтай қолдау болғандығы, айталық, қаладағы қоғамдық көліктерде тегін жүріп-тұру, коммуналдық төлемдерді 50 пайыздық жеңілдікпен төлеу, қызметтік баспанамен қамтамасыз ету, зейнетке ертерек шығару деген секілді көптеген жеңілдіктер болғандығы да айтылып қалды әңгіме барысында.
Бір таңғаларлығы, әлгіндей болар-болмас жалақы алып, қара бастарын қарадай қатерге тігіп жүрген төтеншелік азаматтар мен азаматшалардан «Неге бұл мамандықты таңдадыңыз?» деп сұрасаң, кез келгені «Қоғамға қорған, адамдарға арашашы болғым келеді» – дейді іркілместен және оны сондай бір мақтанышпен айтады, – дейді Амангелді Шәріпжанұлы.
Мұндай патриоттық пафосқа толы жауапты алғаш естігенде, қалжыңдап тұрған болар деп ойлаған едік. Сөйтсек, еш қалжыңсыз, шынайы жауаптары екен. Байыптап қараған адамға осы жауаптың негізінде елге, жерге деген, жалпы адамзат баласына деген шынайы қамқорлық жатқан секілді.
Иә, олар солай. Өз мамандықтарының шеберлері. Олар тәуліктің қай мезгілінде, қандай төтенше жағдай орын алса да, сауысқандай сақ, қырандай қырағы.

Серік ҚҰСАНБАЕВ

Осы айдарда

Back to top button