Қоғам

Қысқы спорт түрлерінен Шығыстың бәсі биік тұр

Қысқы спорт түрлерінен Шығыстың бәсі биік тұр

Астанадағы «Алатау» спорт кешенінде Испания мен Словакия мемлекеттерінде өткен XXVII Дүниежүзілік қысқы Универсиада ойындарында жеңімпаздар мен жүлдегерлер қатарынан көрінген қазақстандық спортшыларға құрмет көрсетілді. Бір қуанарлығы, дүбірлі додада ел намысын абыроймен қорғаған саңлақтардың жартысынан көбісі – біздің өңірдің тумалары.
Салтанатты жиын республикалық «Спорт – ұлт денсаулығы» форумының аясында өткізілді. Форум жұмысында қоғам қайраткерлері, белгілі спортшылар мен саясаткерлер ел спортын дамыту бойынша бірқатар ұсыныс-пікірлерін ортаға салды. Марапаттау рәсіміне құрметті қонақ ретінде Олимпиада чемпиондары Жақсылық Үшкемпіров, Серік Сәпиев, Юрий Мельниченко және басқалары қатысты.
Форум жұмысына жетекшілік еткен Премьер-Министрдің орынбасары Бердібек Сапарбаев жиналғандар алдында биылғы Универсиадада жеңіс тұғырынан көрінген отандастарымыздың дені Шығыс Қазақстан облысының өкілдері екенін ерекше атап өтті.
Көпшіліктің қошеметі мен тиісті сыйлықтарға ие болған спортшылар ішінде шаңғышылар: Анна Стоян мен Анастасия Слонова, фристайлшылар: Юлия Галышева, Павел Колмаков, Дмитрий Рейхард, биатлоншылар: Василий Подкорытов пен Галина Вишневская, хоккейшілер: Александр Куршук, Вячеслав Федосенко, Виктор Ивашин, Михаил Смольников және басқалар бар.
Жаттықтырушылар арасынан Александр Корешков, Виктор Лемешко мен Елена Круглыхина болды.
Естеріңізге сала кетсек, Универсиадада жүлделі үштікке ілінгендерге қомақты сыйлықтар берілді. Мәселен, чемпионға 15 мың, күміс жүлдегерге 10 мың, ал қола медаль иегеріне 5 мың АҚШ доллары көлемінде ақшалай сыйлықтар табыс етілген.

Шығыс ақпарат

Осы айдарда

Back to top button