Қоғам

Қысқы спорт ойындары басталды

Қысқы спорт ойындары басталды

Риддер қаласында Ұлы Жеңістің 70 жылдық мерейтойына арналған жастар арасындағы II республикалық қысқы спорт ойындары басталды. Бұл мерекеге Астанадан Мәдениет және спорт министрлігі спорт және денешынықтыру істері комитетінің төрағасы Елсияр Қанағатов, Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері, белгілі биатлоншы Елена Хрусталева қатысты.
Алдымен айтулы шара Алматы мен Астанада емес, елдің шетінде ірге тепкен Риддер шаһарында өткізіліп отыр, соған тоқталайық. Осы ойындарды өткізуге мұрындық болған аталмыш министрліктің және ұйымдастырушысы облыстық денешынықтыру және спорт басқармасының өкілдері айтқандай, ондағы басты мақсат – өңірлерде қысқы спорт түрлерін дамыту, насихаттау, бұқаралық сипат алуына мейлінше ықпал ету. Ал ондай мақсатты іске асыруға Риддер таптырмас орын. Ол аз десеңіз еліміздегі қысқы спорт түрлерінің отаны саналады біздің Шығыс.
– Жақында министрлік өкілдері жеті облысты аралап шықтық. Өкінішке қарай, ол облыстарда қысқы спорт түрлері гүлденіп тұр деуге келмейді. Үлкен жұмыстар жүргізу керек. Жастардың II қысқы спорт ойындарын Риддерде өткізу де осы міндетті іске асырудағы жұмыстардың бірі деген дұрыс. Себебі біздің ел 2017 жылы дүниежүзілік қысқы Универсиада мен 2020 жылы қысқы Олимпиада ойындарын өткізуге үміткерлердің бірі атанып отыр. Ал әлемдік деңгейдегі жарыстарды қабылдау үшін ең бірінші өзіміздің спортшылардың әлеуетін көтеріп, резерв дайындау қажет. Бұл ретте өңірлердегі жастарға үміт артамыз. Мықтылардың дені ауылдық жерлерден шығады. Намысшыл, рухы өр, күш-жігері тасыған, спортқа қабілетті жеткіншектер ауылда көп. Олардың әлеуетін дұрыс пайдалана білуіміз керек. Мәселен, осы жарысқа 11 облыстан қатысушылар келді. Мұның өзі жақсы, демек ел аймақтары бұл спорт түріне көңіл бөле бастады, – деген комитет төрағасы Елсияр Қанағатов ойындардың Жеңіс мерекесіне орай ұйымдастырылуы кейінгі буын жастар тәрбиесіне оң әсерін тигізетінін атап өтті.

Қысқы спорт ойындары басталды

Рас. Спорт мерекесінің ашылу салтанатында Отанын қорғап опат болған батыр бабалардың ерлік істерін дәріптеген көріністер жарысқа қатысушы 200-ден астам жасты рухтандырып, жігерлендіре түскені көрініп тұрды. Бабалар ерлігімен қанаттанып өскен өскелең ұрпақ Қазақстанның атын әлемге әйгілеп, абыройын асыру, көк байрағын биікте желбірету қасиетті борыш деп біледі. Олар үшін бейбіт замандағы ең үлкен ерлік – осы.
– Бұған дейінгі сайыстармен салыстыратын болсақ, Риддерге келген жас сайыскерлердің қатары айтарлықтай көп. Соған қуанып тұрмын. Бұл әрине, облыстарда қысқы спорт түрлерін дамыту оң бағытқа бет бұрғанын, кеңірек насихаттала бастағанын көрсетеді. Өз басым ондай бастаманы қос қолымды көтеріп қолдаймын. Себебі, шын мықтылар ауылдан шығады. Жоғары жетістіктерге өңірлердегі спортты дамыту арқылы ғана қол жеткізуге болады. Осы тұрғыдан қарасақ, табиғат жағдайы қолайлы Риддер қаласында жастардың қысқы ойындарын ұйымдастыру өте орынды бастама екені даусыз, – дейді әйгілі биатлоншы Елена Хрусталева.
Наурыздың 9-шы жұлдызына дейін жалғасатын республика жастарының II қысқы спорт ойындары бағдарламасына биатлон, шаңғымен жүгіру, сноубордпен сырғанау енгізілген. Алғашқы екеуі Риддер қаласында өткізілсе, сноубордтан сайыс Алтай Альпісі тау-шаңғысы базасында болды. Мамандар бұл бәсекелердің басты фавориті деп Шығыс Қазақстан және Ақмола облыстарының өкілдерін атап отыр. Жарыс қорытындысы газетіміздің алдағы сандарының бірінде жарияланатын болады.

Серік Әбілхан

Осы айдарда

Back to top button