ТОПТуризм

Ыстық құмның, мөлдір судың мекені – Самар

ШҚО-да туризмді Алтай, Самар, Катонқарағай, Риддер өңірлері бойынша төрт бағытта қарқынды дамыту көзделген.

Соңғы кезде Бұқтырманың Самар ауданы жағындағы жағалауында демалушылар легі үсті-үстіне көбейе түсуде. Жол түссе, жұрттың көбі Самар жаққа баруды жөн көреді, деп хабарлайды Didar ақпарат тілшісі.

Тамағын алсаң, әжетханасын ашады

Жылдағыдай ыстық құмын, самал желін, мөлдір суын аңсап Самар жаққа биыл да бардық. Осыған дейін, «2023-2024 жылдары Самар ауданының әкімдігі Бұқтырма жағалауындағы Сарыбел мен Новостройка ауылдарында муниципалды жағажай салуды жоспарлап отыр» деп жазған болатынбыз. Ауылдардағы жағалау бойына санитарлық-гигиеналық тораптар орнатылып, Самар-Васильевка өткелі бағытындағы облыстық жолдан Новостройка ауылына дейінгі үш шақырымдық жолға орта жөндеу жүргізілмек дегенбіз…

Әзірге екі ауылдағы жағалауда да еш өзгеріс байқалмайды. Бәрі бәз-баяғы қалпында. Есесіне, Новостройка, Сарыбел ауылдарының іші, сыртын ала демалыс үйлері қаз-қатар бой көтеріп, күрт көбейіпті. Қасбеттері мен қабырғаларында «Біз ашылдық!» деген жазулары менмұндалап тұр. Дүкен, асхана, сауда дүңгіршектері ашылып жатыр.

Самардан Васильевка өткеліне баратын трассадан оңға бұрылып, Новостройкаға дейін ойдым-ойдым болып, ойран-топыры шығып жатқан жолмен әрең жеттік. Жолда күре жолдың біразғана бөлігі жаңаланып, асфальт төселіп жатқанын көрдік. Новостройкаға жеткізетін жол жоспарланған уақытында жөнделіп бітсе ауыл тұрғындарына да, демалушыларға да, демалыс базаларының иелеріне де жақсы болары түсінікті. Түсініксізі, әбден тозып, төзімді тауысқан айналдырған үш шақырымдық жолдың (көктемде, демалыс маусымының алдында қолға алынбаса да) жаз біткенше жөнделмей жатуы. Мүмкін биылға да емес, келер жылға жоспарланған болар.

Сарыбел ауылдық округіне қарасты Новостройкадағы демалыс базаларының барлығы дерлік жағалаудан қашықтау орналасқан. Жағадағы оппа құммен жаяу жүріп жету де қиындау. Құмға батып кете берген соң аяқ киіміңді қолыңа алып, жалаң аяқ  бес-алты қадам аттаған соң-ақ шіліңгір шілдедегі ып-ыстық құм табаныңды күйдіргенді қойып, қарып жібереді. Шыдамай қайтадан киіп аласың.

Құммен жүруге қиналып, жағалауға көлікпен келгендер машинасын жағаға жақындау жердегі жатаған дөңнің басына қойып кетеді. Жағаға бала-шағасымен суға түсіп жүрген  жұрт әлгі дөңнің үстіндегі жалғыз әжетхананы көріп, солай қарай барып жатыр. Бірақ барғандарынан келгендері тез. Тез қайтуларының сыры сары есікті әжетхананың құлыптаулы есігінде екен. Есікке: «Только для покупателей магазина» деп жазып қойыпты. Ақылы да емес. Не дейік? «Бизнес по Сарыбелский» дейміз бе? Әжетхананы бес-алты қадам жерде тұрған азық-түлік дүкенінен сусын, тамақ, т.б сатып алсаң ғана пайдалана аласың. Есігін сонда ғана ашып береді. Жағалау жақта тұрған жалғыз санитарлық-гигиеналық орын да, дүкен де бір кәсіпкердікі көрінеді. Жанына екі жаппа күрке орнатылыпты. Үлкені сағатына – екі мың, шағындауы – бір мың теңге екенін сұрап білдік.  Бәлкім, кәсіпкерді де түсінуге болар. Суға түсуге келген жағадағы мұқым жұрт жаға жақта тұр деп осы жапандағы жалғыз әжетханаға келсе, оның несі қалады. Аудан басшылығы, ауыл округі, әйтпесе, кәсіпкерлердің өздері биылғы маусымда басқа-басқа, дәл осындай жұқа фанерадан жасалған болса да, әжетхана мәселесін шешіп қойса етті. Күні ертең Самар жағалауы да бір кездегі Сібе көлінің жағалауындай «хош» иістеніп шыға келмесі қане?

Жылдың жөндеу жұмыстарына, шаруаны ширатуға арналатын жаз мезгілінің көбі кетіп, азы қалды. Әзірге, Сарыбел мен Новостройка ауылдары жағалауында туризмді дамытуға байланысты 2023-2024 жылдары атқарылатын 554 миллион теңгенің жоба-жоспарлары мен іс-шараларының барлығы дерлік әлі қағаз жүзінде.

Бұрын «жабайы» болатын

– 2005 жылдарға дейін Миролюбовка, Новостройка, қазіргі Сарыбел, бұрынғы Новотимофеевка ауылдарының аралығындағы Бұқтырма су қоймасының жағалауы «жабайы» болатын. Одан бері 20 жыл өтті. Осы уақыт ішінде бұл жақтың жолын салып, жарығын тартып, байланысын қосып, осы демалыс базалары арқылы екі ауылды да барлық жағынан өркендетуге әбден болар еді. Шаруашылыққа, егіншілікке қолайсыз жерде орналасқан құмдауыт ауылдарды осы туризм арқылы-ақ жайнатып, дамытуға болады деп ойлаймын. Газеттеріңізден Самар жағалауында, Сарыбел жағалауында ұялы телефон, интернет байланысы қосылғалы жатыр деген жақсы жаңалық оқыған едік. Бұл жерде «Актив» те, «Билайн» да ұстамайды екен. Немерелерімізді бір уақ соткадан алыстаттық дегенмен, күні бойы, бірнеше күн байланыссыз жүру кімге де болса қиын. Демалыс үйлерінің иелері жарықтың күрт артатын маусымдық жүктемеге шыдамай жиі өшіп қалатынын айтып жатыр. Алты кісілік бір үйді күніне 35 мың теңгеге алдық, үш күнге. Ішінде кондиционері жоқ. Тек душы, әжетханасы ішінде. Осындай тамаша демалыс орындарының сервистік қызметтерін жақсартып, дамытса дейміз. Кәсіпкерлердің өздері де өз кәсіптеріне, міндеттеріне жауапкершілікпен қарап, алып отырған ақшасына сай жанға жайлы демалыс ұсынса деген тілегім бар, – дейді Бұқтырма жағалауына Самарға көршілес жатқан Күршім ауданынан отбасымен, немерелерімен келген Бақытжан Сағатұлы.

Қиын Керішке жету қиын

Болашақта Бұқтырманың үстінен  Күршім ауданына қарай салынып жатқан көпір паром өткеліне барар жолдағы Құлынжон ауылының арғы жағындағы жағада, жаңадан салынатын көпір жанында түрлі нысандарды, жол бойындағы қызмет көрсету орындарын салуға, екі ауданда да кәсіпкерлікті дамытуға жаңа мүмкіндіктер ашпақ.

Көпірдің салынуы әсіресе, Марқакөл қорығы маңында, жалпы, Күршім ауданында туризмді өркендетуге тың серпін берері де сөзсіз. Көпір Күршімге, Күршім ауданындағы «жердегі Марс» атанған таңғажайып Қиын Керіш шатқалына келетін саяхатшылар мен демалушылар легін де арттыра түсері анық. Бірнеше жыл бұрын Қиын Керішті туристік нысан ретінде абаттандыруға, трастан шатқалға дейін апаратын 15 шақырымдық жолды жөндеп, салуға ұсыныстар түсіп, басына киіз үй тігіп, ұйымдастыру жұмыстары басталғанымен, қолдау таппай, аяқсыз қалған екен. Ақ балшықтан тұратын Қиын Керіштің топырағы жаңбыр жауғанда езіліп, батпаққа айналып, оған бару қиынға соғады. Жолда көліктер батып, шатқалдан шыға алмай қалатын кездер көп. Алуан түске еніп, түрленіп тұратын тылсым адырларды көруге екінің бірі жол тауып бара бермейтіні және бара алмайтыны да содан. Егер Қиын Керіштің қиын жолы жеңілдетіліп, туристік нысан ретінде дамытылып, елдің жетуіне жағдай жасалса, Күршімнің тағы бір кереметі арқылы ауданға келетін туристер тобын еселеп арттырудың тікелей жолы тұр.

– Көпірдің салынуы Күршім ауданының Марқакөл өңірінде туризмді, соның ішінде экологиялық туризмді өркендетуге жаңа мүмкіндіктер береді. Осы уақытқа дейін Марқакөлде үш қонақ үй салынған болатын. Қазіргі күні көл жағасы маңында үлкен асхана салып жатыр. Тағы да демалыс орындарын салып жатқан  кәсіпкерлер бар. Бұрын Ұранқай ауылындағы жерлер орман шаруашылығына қараса, былтырдан бастап елді мекен жеріне ауыстырылды. Осы мәселе шешілген соң Ұранқай ауылы маңында туристік нысандарды салу қарқын алып келеді. Бүгінгі күні сонымен қатар Ұранқай ауылында, Марқакөлдің жағасында катамаранмен серуендеу орыны салынып жатыр, – дейді Күршім ауданына туристерді тартудың жаңа мүмкіндіктері турасында аудан әкімінің орынбасары Қайрат Әзімбаев.

Әлемде, бар елде экономиканың белсенді дамып келе жатқан саласы туризмді дамыту табиғаты көз тартарлық Самар, Күршім сияқты аудандардың, ондағы тұрғындардың кірісін көбейтіп қана қоймай, демалушыларға өз жерін, туған өлкесін танып, білуге көмектеседі. Тек, қызмет деңгейі барса кете алатындай, шалдықпай жете алатындай, көңілді құлазытпайтындай сапалы көрсетілсе.

 

Жанаргүл МҰҚАТАЙ

Осы айдарда

Back to top button