ЫСТЫҚ ҚАЙРАТ, НҰРЛЫ АҚЫЛ, ЖЫЛЫ ЖҮРЕК КЕРЕК
Өскемен қаласындағы колледждердің студенттерімен «Барлық мүмкіндік жастарға» атты кездесу өтті.
«Жастарды әлеуметтендіру және оңалту» жобасы аясында өткен шарада NEET санатындағы жұмыссыз жастарды еліміздің әлеуметтік-экономикалық өміріне тарту мәселелері қарастырылды. Аталған жоба NEET санатындағы жастар арасындағы қарым-қатынасты нығайтып, дамытуға, жобалық кеңсе тарапынан жастарға көмек беріп, кәсіби бағдарлау түрлерін зерттеп, NEET жастарының қордаланған мәселелерін шешу жолдарын қарастыруға бағытталды.
Кездесуде жастарды қатты қызықтырған тақырыптың бірі – «Бастау бизнес» жобасы, осы жоба бойынша жастарға берілетін тегін гранттар болды.
– Таңғы 9.00-ден 18.30-ға дейін кез келген уақытта бізге келіп, кеңес, көмек алуларыңызға болады. Бизнес жоспар жасау, ЖК ашу, тіркеу, бухгалтерлік қызметтерді реттеу, тағы да басқа кәсіпкерлікті бастауға қатысты барлық көмектер тегін көрсетіледі. «Бастау бизнес» жобасына қатысу үшін Enbek.kz сайты арқылы өтінім беруге кеңесшіміз көмектеседі, өйткені азаматтардың 60 пайызға жуығы жобаға қатысуға сайт арқылы өтінім бере алмай, қиналып жатады. Бізде «бір терезе» арқылы ЖК ашуға, жобаға қатысуға бір мезгілде өтініштер беріп, уақытты да үнемдеуге барлық жағдай жасалған. Маркетологтарымыз сіздердің бастамаларыңызды қағазға түсіріп, бәрін құжаттандырып алдарыңа әкеліп береді, жастар тек жігерлі, білімді болса, өздерінің немен айналысқысы келетінін, алдына қандай мақсат қойғанын, қаржыны қайда жұмсағылары келетінін білсе болды, – деді жастарға грант алудың, жаңа кәсіп ашудың мүмкіндіктерін түсіндірген облыс кәсіпкерлері палатасының өкілі Айгүл Шәкірова. Абай айтқандай, жастардың бойында «ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек» болуы керек, ондай жанда идея, бастама болмауы мүмкін емес. Қалғанын: қолдауды, қаржы, кеңес беруді, көмектесуді мемлекеттік бағдарламалар аясында жергілікті жердегі атқарушы билік органдары көрсетеді.
Осы шарада жастармен кездескен Өскемен қаласындағы «Алтын Ұя» зияткерлік білім беру орталығының негізін қалаған кәсіпкер Ерлан Байжігіт жұмыспен қамтылмаған жастардың өмірлік дағдыларын дамытуға орай өз тәжірибелерімен бөлісті. Қазіргі күні зияткерлік орталықтың Өскемен қаласы бойынша төрт бөлімшесі сәтті қызмет етіп тұр.
Кездесуге қатысушылар бүгінгі күні еңбек нарығындағы қажетті мамандықтар мәселесі, қай саланы белсенді дамыту керектігі, кәсіпкердің бойына қажетті дағдыларды қалыптастыру, жастарға берілген мүмкіндік, оны қалай тиімді пайдалану керектігі жайында әңгіме қозғады.
Жамал Ермен