Ыстық су берілетін болды.

Қала әкімдігінде өткен жиында облыс әкімі Даниал Ахметов 2018 жылдан бастап, Семейге жаз айларында ыстық су берілетіндігінен хабардар етті. Тек сол жағалау ғана емес, оң жақ жағалау да ыстық сумен қамтылмақ.
Осының бәрі – жылумен қамту орталығындағы жаңғыртылу, қайтадан жөндеу жұмыстарына орай қолға алынып отырған шаруаның бірі. Аймақ басшысының айтуынша, 2009 жылы ЖЭО-1-де басталған жаңғырту жұмыстары аяқталуына азғана уақыт қалыпты. Жобаның барлық құны – 24 238,827 млн. теңге. Оның ішіне авторлық және техникалық бақылау-қадағалау да кіріп отыр. Қазіргі уақытта құрылыс үшін 23 604, 349 млн. теңге игерілген. Десе де, жөндеу жұмыстары кезінде бөлінген қаражаттың жетімсіздігі анықталыпты. Ал жобалау-сметалық құжатты әлі де болса жетілдіру керек. Құжаттарды қайта қарап, есептеу барысында әлі де болса, құрылысты толық аяқтау үшін 3 038,184 млн. теңге керек екендігі белгілі болған. Оның 2 413,395 млн.теңгесі құрылыс-монтаждау жұмыстарына, 624,789 мың теңгесі қайта іске қосу жұмысына жұмсалмақ. Осылайша, бөлінген қаражатқа мазутты жылыту үшін қондырғыны сатып алу, түтін шығаратын мұржаны жөндеу, су айналымына қажетті сорғылы станцияны орнату және тағы басқа мәселелер қаралып, іске қосылмақ.
Ал АҚ-1-дің жөндеу жұмыстары 2012 жылдан бастап қолға алынған. Жоба бойынша бұнда Е-35 үлгісіндегі үш қазандық қойылуы тиіс. Жобалау-сметалық жұмыс үшін қосымша қаражат керек.
-Екі қазандықтарды да көрдім, олардың іске неғұрлым тез қосылуына орай, Семейде жылу ғана емес, алдағы уақытта ыстық су да үздіксіз берілетін болады,-деді Даниал Ахметов әкімдікте өткен жиында, -Семей қаласы ғана Қазақстан қалаларының ішінде 1997 жылдан бастап ыстық сусыз отыр. Соған орай тек жылу ғана емес, ыстық су проблемасын да шешуге тырысып жатырмыз. 2018 жылдан бастап халыққа су мәселесі қолжетімді болуы тиіс. Бірақ, ыстық су семейліктердің үйіне жету үшін әлі де болса, біраз күш жұмсауға тура келіп тұр. Біріншіден, АҚ-1-дегі жаңғырту және қайта іске қосу жұмыстары толығымен аяқталуы тиіс. Осы үшін алдағы уақытта 1 млрд. 200 млн. теңге бөлінуі мүмкін. Және ЖЭО-1-дің де соңғы жұмыстары толық аяқталуы үшін қосымша қаражат тағы да керек. Осы екі жылу нысанының жұмыстары аяқталған кезде, энергетиктер әрқайсысы 12 МВт бөлетін екі турбинаны іске қоса алады. АҚ-1 турбинасы 2017 жылдың соңында, ал ЖЭО-1 2018 жылы толық өз күшінде жұмыс істемек. Сөйтіп, жылу басындағылар өздері де жеке электр энергиясын өндіріп шығаратын болмақ. Бұл өз кезегінде семейліктердің ыстық сумен қамтылуына мүмкіндік береді.
Раушан Нұғманбекова
Семей.